Тау мен дала тұтасып...
Тау мен дала тұтасып...
604
оқылды

(Шерхан мен Шыңғыс)

Бауырластар төс қағысып қауышқандай ұзақ уақыт салмағынан қыңбай Шығыстың алтын шуағын зілмауыр тас керуенімен жеткізіп жатқан Тәңіртаулармен сағыны­сып ұшырасқан Алатау мен Қаратау Са­рыарқа самалы­мен аймаласып, Ортақтау тұсында түйіседі. Тескентау да осы төңі­рек­те. Жердегі жәннаттай Мыңбұлақ ботакөз бұлақтары сырлы иінағашпен суға келген сұлу қыздай мың бұрала бұлқынып, қойнау­ларды жайнатып, тек тәкаппар таулармен тілдеседі. Тіршілік бояуларға тұнып тұр. Қызыл, жасыл, сары, ақ, түрлі-түрлі. Гүл­дердің хош иісі бұрқырайды. Түстік жағы Сусамыр, қапталда – Ақсу-Жабағылы, те­ріскейі ұшы-қиырсыз сағым құшқан қазақ даласы. Тескентаудан өткеннен кейін пойыздар арқырап жер танабын қуырып Шығыс пен Батысқа тартады. Теріс өзені кесе-көлденеңдеп түстікке қарай ақса, Шекер тау-тас бұғағынан бо­санып, жалбыз жағасына күміс шашып, солтүстікке сілтей­ді. Адамдар түгілі құстар екеш құстар да тылсым табиғаттың тарту күшін сезінгендей терең аңғармен көк­тем мен күзде қанатты керуендер ілгері-кейін үздіксіз ағылып жатады. Бұл Жуалы төрі – Шерхан Мұрта­заның туған то­пырағы, қозыкөш жерде Шыңғыс Айт­матов айылы. Ақша бұлттарға жан бітіп бір-біріне қи­мастықпен қол бұл­ғайтындай. Төсекте жан­дары, төскейде малы қосылып, ауылы аралас, қойы қора­лас қатарласып қоныстанып жатқан ел. – Ақсай, Көксай, Сарысай араладым, Сенен асқан перизат таба алмадым, – деп қырғыздар ырласа, қазақтар іліп әкетіп: – Біздің ауыл Ақсайдың қақ басында, Күміс жүген сылдырар ат басынданы, – қонақ-кәдеде аңыратып, жиын-тойдың сәнін келтіреді. Қай заманда да қызғаныштың қызыл иті сүмеңдеп, ішін тырналап, қыр соңынан қалған ба? Ол Қалжан Нұрмаханов өміріне де терең із тастады. Сыншы күнделігіне сыр ақтарып: «Қырғыз ағайындар маған өкпе­лемес деп ойлаймын. Қолымнан келгенінше істеп-ақ жүрмін. Қазақ бауырларым: «Қал­жан қырғыздарға жалданыпты деп мазақ етіп те жүр. Не десе, о десін, маған бәрібір. Құдай адам жанын түсінбейтін жазушы етсе қайтем. Айта берсін, тілдерін безеп, менің жанымды тілгілей берсін, бірақ мен алған беттен қайтпан, кейін шегінбен. Қазақ пен қырғыздың рухани жағынан жақындаса, туыса түсу үшін барлық күш-жігерімді жұмсап бағам...» Қазақ оқырмандарына Шыңғыс Айтма­товты тұңғыш таныстырған да Қ.Нұрма­ханов. Алдымен достық дәнекері Мәскеуде жалғасқан шығар. Ол «Жәмила», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Ақ жа­уын» шығармаларын қазақшалады. Оған сыншы сүйсініп: «Қырғыз жазу­шылары қазір старт алды. Тамаша! Бұған алақайлап қуанбасқа бола ма?!» деп қуа­нышын көңіл күнделігіне қалдырды. Сөйтсек, оның сыни ойлары да құнарлы топыраққа тамыр тартыпты. Арада біраз уақыт өткенде Ш.Мұртаза да тәржімалық тәжірибесі толысып, өнер өрісін ашты десек, ұлы жазушы мерейі одан әрі таси түседі. Ол тау мен даланың тұтас­қанын көрді. Елі жаптас жақын қос қаламгер қалай табысты? Әрине, мылтықсыз майдан тұр­ғанда томаға-тұйық қалып, ынтымақтаспау мүмкін еместей. Шабыт шырағданы жары­ғында жазылған шығармалар болмаса, бұл нәзік байланыстарды кім куәландыра ала­ды? Шыңғыс Айтматовты төл перзентіндей көріп, төбесіне хан көтеретін Қазақияда оның насихаты бәрінен де асып түседі де­сек, ақиқаттан онша алыс кетпегеніміз бо­лады. Ел құлағын елең еткізген «Жәми­ладан» бастап, айтматовтану толастаған жоқ. Оған деген қазақ оқырманының ықыласы мен сүйіспеншілігі орасан. Егер әр кезде әңгіме, хикаяттарын Баламер Сахариев, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов және басқалар некен-саяқ қазақшаласа, Ш.Мұртазаның аудармашылық еңбегі ересен. Тек «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» романдарын, «Ботакөз», «Теңіз жағалай жү­гірген тарғыл төбет» хикаяларын тәр­жімалағанын тәспіге тізсе, қомақты қазына ашылғандай. Әрқашан ұрпақтар ауысуы әдебиетте де білініп қалады. Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа болмаған соң сәл бостандықты се­зінген тобыр ауа жайылады. Мұхтар Әуезов жоқ. Оның жақсы-жаман үзеңгілестері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы мәде­ниет майданындағы айқай-шудан мүлде алыстап, анда-санда болып жататын дау-дамай мен тартыс-таласқа араласпай қал­ды. Жаңа толқын келгенше «Менің атым Қожа» жазылып, кішкентай оқушылар жүрегіне жол тартты. «Қан мен тер» аяқталу үстінде еді. Бірақ дауылдан кейінгі өлі ты­ныштық ұзаққа созылмайды... Шерхан Мұртазаның парасатты про­зашы, сөз сүлейі, уәлі уәжгер (публицист) екені айтылып жүрсе де, аудармашылығы салиқалы әңгіме болған емес. Бұл өнерді де өгейсітпей игеріп әкетті. Бір ғана «...тарғыл төбеттен» мысал: «Жартасқа арқырай соғылып, қыңсылай құлап, қараңғы түнде тынышсыз күңіреніп те ыңыранып жатты теңіз. Теңіздің соқ­қысын тойтарып тастап, тастай қатты қара жер ентіге уілдеді». Қанша қимыл, әрекет. «Ғасырдан да ұзақ күннің» эпилогы: «Пойыздар бұл өлкеде бұрынғыша Ба­тыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа қарай жүйткіп жатты...». Ал теміржолдың қос қапталын алып, бұл өлкеде Сарыарқаның кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлы даласы құлазып жатты...». Оқырман әлі шығарма кейіпкерлерімен қоштасқан жоқ. Тағы бір сапар шақырып тұрғандай. Аласапыран айқасқа толы оқиғалардан кейін қайта атқа қонып, қиыр көкжиекке көз тігіп, үлкен өмір жолына шыққыңыз келеді. Өткен жүзжылдық жетпісінші жыл­дарының ортасында Ш.Мұртазаның «Ақ­сай-Көксай» әңгімесі жарияланды. Та­қырыбы таңсық. Қаршадай бала Барысхан­ның кейуана әжесіне еріп, Көксай жақтағы қырғыз айылына барған сапары баянда­лады. Батыстағы сұрапыл соғыс өрті оларды да шарпиды. «Екі жарты, бір бүтін» болып тақыл-тұқыл күн көріп отырған көрші жұрт сыр бермей шығарып салады. Сол Барысхан ат жалын тартып мініп, есейеді білдей аза­мат атанып. Жеткіншектің көңілі қаяулы болып өсіп келе жатыр. Әкесі зұлмат қасіретті жылдарының құрбаны болып, Сібір түкпірі орманында атылады. Шерхан Мұртаза Бұл жағынан қос қаламгер де тағдыр­лас. Ш.Айтматовтың да әкесі сол зобалаң ала­сапыранда мерт болады. Өмірдің бұл ащы сабағы екеуін жақындастыра түскен­дей, бәлкім. Мәскеудегі Жоғары оқуды бітіріп кел­ген жас маман әуелі өлеңнен бастап, әде­биет әулиеханасының есігін жасқана ашқан жігіт бірте-бірте жанқиярлық күреске араласты. Ол шығармашылық қайнаған қара қазанының құлағын алыптар тобымен бірге ұстасты. ХХ ғасырдың соңғы шире­гінде «Мылтықсыз майдан», «Қара маржан» жазылды, «Қызыл жебе» эпопеясы туды. Қазақ әйелінің биік болмыс-бітімін сом­даған «Ай мен Айша» романы өмір айна­сына айналды. Бұл туындылар өзінің көркемдік қасиеттері һәм бейнешілдігінен Ш.Мұртазаны буыны ғана емес, ұлттық ой-қазына әлемінде алдыңғы қатарға шы­ғарды. Уәжгердің замандасы Камал Сма­йыловпен сырласқан хаттары мен гауһар тас қырындай қырнаса жарқырай беретін «Бір кем дүниесі» толысқан талант, кемеліне келген суреткердің жазушылық қарымы мен келбетін толық ашып көрсетті. Ше­берлік шыңына тартқан шашасына шаң жұқпайтын Шалқұйрықтай шығарма­шылық айдынындағы айбарлы қайраткер қаламгерді мезгіл мінберіне шығарды. Енді Шераға Парламентте, небір мәжіліс-кеңестерде тастүйін сөйлеп, сұхбат беріпті деген аңыз болып тарап жүр. Халық мүд­десін қозғап, қорғап, қасқайып тұрып, бетің бар, жүзің бар демей, ақиқаттың ала жібін аттамай, ащы болса да айтып беру тек осындай тұлғаларға ғана жарасады. Ел мен жер, тіл мен діл туралы оның ойлары еріксіз тәнті тұрғызады. Билік пен халық, парасат пен ғарасат, тұлға мен тобыр арасындағы байланыстар тыс қалған емес ешқашан. Өзім дегенде өзегін суырып беретін жалаңтөс жандар болады. Ол сол сойдан еді. Ақанды жазған сері жазушы Сәкен Жүнісовке шық жуытпай сыйлап өтті. Өзімшілдігі мен даңғойлау мінезін кешіріп, түсіністікпен қарады. Бірде қоңырау шалып қатты ұялтты. Қайдан естігенін білмеймін, қайтыс боларынан екі ай бұрын Шәмші Қалдаяқов сырқаттанып ауруханаға түсіпті. «Ең болмаса ағаңның көңілін сұрап, тіпті басылым атынан жағдайын біліп қайтың­дар», – деп тапсырманың шетін шаужайдан алды. Бас редактор ғана емес, досына жанашырлық білдіруі кімді болса да ойлан­дырды. Ақын Сабырхан Асанов, сазгер Мыңжасар Маңғытаев бәріміз барып, нау­қастың қал-жағдайын біліп қайтқанымыз үлкен абырой болды. Соғыстың сұрапыл кезінде И.Сталин үнемі осал тұстарға маршал Г.Жуковты жұмсайды екен. Қазақ журналистикасында Шерхан Мұртаза сондай марқасқа болатын. Ел-жұрт алдындағы абырой-беделі бәсейіп, танымдығы түсе бастағанда «Лениншіл жасқа» барды. «Қазақ әдебиеті» мен «Жұл­дыз» да оған сеніп тапсырылды. Басылым­дардың таралымы күрт өсті, мән-мағынасы, кеңістігі кеңейіп, сапасы жақсарды. Бір күні «Еңбекші қазақ» кезеңінен бір­неше рет атын ауыстырған елдің бас газеті тағы да өзгеретін болып, редалқа улап-шулап жүріп, енді капиталистік те, социалистік те болмай, тек Қазақстан аты сұранып тұр деп соған бәріміз уағдаласып, Ш.Мұртаза Орталық комитетке кетті. Оралғанда «Егемен» болдық деп біраз на­лығандай дел-сал жүрді. Әлі «Егемен Қазақстан» болып жарық көріп жатыр. Ол да бір дариға дәурен еді!.. Бұл жерде Ш.Мұртазаның түгел түркі дүниесіне байланыс-қатысын айтпай ке­туге болмайды. Ол «Қызыл жебе» дәуірна­масының бас кейіпкері Тұрар Рысқұлов аузынан түспейді, күрделі қарым-қаты­наста, ірі іс-әрекетте байқалады. ...Мен арқаны кеңге салып, жағам жайлау болып Тәкен Әлімқұловпен бірге Қаратау қойнауын бір апта аралап, құзар шың үстінде ұшқан қос атақыранның қа­баттасып қалықтағанын қызықтап көп тұрдым. Әдетте қарға-құзғындар тобымен ұшып, төңіректі у-шу даңғазаға бөлеп ығыр шығарады. Ал көк патшалары жекелей сам­ғап, шыңырауға құлдилап, қайта шарықтап еркін ойын салады. Әлгі екеудің біреуі бір жақтан жараланып келді-ау деймін, бас­тапқыда қалбақтап, ақиықтардың тәкаппар мінезінен айнығандай, баяулап қанатын қағілез қаға алмады. Серігі соны сезгендей, кәнігісі әлсіз әріптесі құз жартасқа соқпас үшін демеп, кәдімгідей қамқорлық білдіріп самғап кетуге көмектесті. Қанаттасты. Шыңғыс пен Шерхан да солар сықылды әдебиет әлеміндегі қанаттастар. Олар тек самғауға жаралғандар!

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН