(Шерхан мен Шыңғыс)
Бауырластар төс қағысып қауышқандай ұзақ уақыт салмағынан қыңбай Шығыстың алтын шуағын зілмауыр тас керуенімен жеткізіп жатқан Тәңіртаулармен сағынысып ұшырасқан Алатау мен Қаратау Сарыарқа самалымен аймаласып, Ортақтау тұсында түйіседі. Тескентау да осы төңіректе. Жердегі жәннаттай Мыңбұлақ ботакөз бұлақтары сырлы иінағашпен суға келген сұлу қыздай мың бұрала бұлқынып, қойнауларды жайнатып, тек тәкаппар таулармен тілдеседі. Тіршілік бояуларға тұнып тұр. Қызыл, жасыл, сары, ақ, түрлі-түрлі. Гүлдердің хош иісі бұрқырайды. Түстік жағы Сусамыр, қапталда – Ақсу-Жабағылы, теріскейі ұшы-қиырсыз сағым құшқан қазақ даласы. Тескентаудан өткеннен кейін пойыздар арқырап жер танабын қуырып Шығыс пен Батысқа тартады. Теріс өзені кесе-көлденеңдеп түстікке қарай ақса, Шекер тау-тас бұғағынан босанып, жалбыз жағасына күміс шашып, солтүстікке сілтейді. Адамдар түгілі құстар екеш құстар да тылсым табиғаттың тарту күшін сезінгендей терең аңғармен көктем мен күзде қанатты керуендер ілгері-кейін үздіксіз ағылып жатады. Бұл Жуалы төрі – Шерхан Мұртазаның туған топырағы, қозыкөш жерде Шыңғыс Айтматов айылы. Ақша бұлттарға жан бітіп бір-біріне қимастықпен қол бұлғайтындай. Төсекте жандары, төскейде малы қосылып, ауылы аралас, қойы қоралас қатарласып қоныстанып жатқан ел. – Ақсай, Көксай, Сарысай араладым, Сенен асқан перизат таба алмадым, – деп қырғыздар ырласа, қазақтар іліп әкетіп: – Біздің ауыл Ақсайдың қақ басында, Күміс жүген сылдырар ат басынданы, – қонақ-кәдеде аңыратып, жиын-тойдың сәнін келтіреді. Қай заманда да қызғаныштың қызыл иті сүмеңдеп, ішін тырналап, қыр соңынан қалған ба? Ол Қалжан Нұрмаханов өміріне де терең із тастады. Сыншы күнделігіне сыр ақтарып: «Қырғыз ағайындар маған өкпелемес деп ойлаймын. Қолымнан келгенінше істеп-ақ жүрмін. Қазақ бауырларым: «Қалжан қырғыздарға жалданыпты деп мазақ етіп те жүр. Не десе, о десін, маған бәрібір. Құдай адам жанын түсінбейтін жазушы етсе қайтем. Айта берсін, тілдерін безеп, менің жанымды тілгілей берсін, бірақ мен алған беттен қайтпан, кейін шегінбен. Қазақ пен қырғыздың рухани жағынан жақындаса, туыса түсу үшін барлық күш-жігерімді жұмсап бағам...» Қазақ оқырмандарына Шыңғыс Айтматовты тұңғыш таныстырған да Қ.Нұрмаханов. Алдымен достық дәнекері Мәскеуде жалғасқан шығар. Ол «Жәмила», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Ақ жауын» шығармаларын қазақшалады. Оған сыншы сүйсініп: «Қырғыз жазушылары қазір старт алды. Тамаша! Бұған алақайлап қуанбасқа бола ма?!» деп қуанышын көңіл күнделігіне қалдырды. Сөйтсек, оның сыни ойлары да құнарлы топыраққа тамыр тартыпты. Арада біраз уақыт өткенде Ш.Мұртаза да тәржімалық тәжірибесі толысып, өнер өрісін ашты десек, ұлы жазушы мерейі одан әрі таси түседі. Ол тау мен даланың тұтасқанын көрді. Елі жаптас жақын қос қаламгер қалай табысты? Әрине, мылтықсыз майдан тұрғанда томаға-тұйық қалып, ынтымақтаспау мүмкін еместей. Шабыт шырағданы жарығында жазылған шығармалар болмаса, бұл нәзік байланыстарды кім куәландыра алады? Шыңғыс Айтматовты төл перзентіндей көріп, төбесіне хан көтеретін Қазақияда оның насихаты бәрінен де асып түседі десек, ақиқаттан онша алыс кетпегеніміз болады. Ел құлағын елең еткізген «Жәмиладан» бастап, айтматовтану толастаған жоқ. Оған деген қазақ оқырманының ықыласы мен сүйіспеншілігі орасан. Егер әр кезде әңгіме, хикаяттарын Баламер Сахариев, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов және басқалар некен-саяқ қазақшаласа, Ш.Мұртазаның аудармашылық еңбегі ересен. Тек «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» романдарын, «Ботакөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаяларын тәржімалағанын тәспіге тізсе, қомақты қазына ашылғандай. Әрқашан ұрпақтар ауысуы әдебиетте де білініп қалады. Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа болмаған соң сәл бостандықты сезінген тобыр ауа жайылады. Мұхтар Әуезов жоқ. Оның жақсы-жаман үзеңгілестері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы мәдениет майданындағы айқай-шудан мүлде алыстап, анда-санда болып жататын дау-дамай мен тартыс-таласқа араласпай қалды. Жаңа толқын келгенше «Менің атым Қожа» жазылып, кішкентай оқушылар жүрегіне жол тартты. «Қан мен тер» аяқталу үстінде еді. Бірақ дауылдан кейінгі өлі тыныштық ұзаққа созылмайды... Шерхан Мұртазаның парасатты прозашы, сөз сүлейі, уәлі уәжгер (публицист) екені айтылып жүрсе де, аудармашылығы салиқалы әңгіме болған емес. Бұл өнерді де өгейсітпей игеріп әкетті. Бір ғана «...тарғыл төбеттен» мысал: «Жартасқа арқырай соғылып, қыңсылай құлап, қараңғы түнде тынышсыз күңіреніп те ыңыранып жатты теңіз. Теңіздің соққысын тойтарып тастап, тастай қатты қара жер ентіге уілдеді». Қанша қимыл, әрекет. «Ғасырдан да ұзақ күннің» эпилогы: «Пойыздар бұл өлкеде бұрынғыша Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа қарай жүйткіп жатты...». Ал теміржолдың қос қапталын алып, бұл өлкеде Сарыарқаның кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлы даласы құлазып жатты...». Оқырман әлі шығарма кейіпкерлерімен қоштасқан жоқ. Тағы бір сапар шақырып тұрғандай. Аласапыран айқасқа толы оқиғалардан кейін қайта атқа қонып, қиыр көкжиекке көз тігіп, үлкен өмір жолына шыққыңыз келеді. Өткен жүзжылдық жетпісінші жылдарының ортасында Ш.Мұртазаның «Ақсай-Көксай» әңгімесі жарияланды. Тақырыбы таңсық. Қаршадай бала Барысханның кейуана әжесіне еріп, Көксай жақтағы қырғыз айылына барған сапары баяндалады. Батыстағы сұрапыл соғыс өрті оларды да шарпиды. «Екі жарты, бір бүтін» болып тақыл-тұқыл күн көріп отырған көрші жұрт сыр бермей шығарып салады. Сол Барысхан ат жалын тартып мініп, есейеді білдей азамат атанып. Жеткіншектің көңілі қаяулы болып өсіп келе жатыр. Әкесі зұлмат қасіретті жылдарының құрбаны болып, Сібір түкпірі орманында атылады.Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН