Қазақ даласын тоталитарлық режимнің уысында ұстау үшін 1920-1930 жылдары жасалған зобалаң әр шаңыраққа, әр отбасына өзінше із қалдырғаны мәлім. Менің атам Тұрарқожа Қабеков те қуғын-сүргінге ұшырап, 84 жасында ату жазасына кесілген екен. Ал әкемнің ағасы Ысқақ Қабеков Кеңес үкіметін орнату ісіне белсене араласады. Сол жолда жүріп, қапияда 27 жасында мерт болды. Оның есімі Семей өңірінен шыққан дәрігер ретінде аталады. Омбыдағы дәрігерлік семинарияны бітірген соң денсаулық саласында жұмыс істеген. Ел-елді аралап халықты шешек, сүзек сияқты жұқпалы індеттен сақтау үшін жаппай екпе алуға шақырған. Сондай-ақ қоғамдық саяси жұмыстарға да белсене араласқан. Өз заманының озық ойлы жастарының басын біріктірген Қазақ еңбекшілерінің одағында қызмет істейді. Бұл одаққа жазушы, драматург Көлбай Төгісов төрағалық еткен. Ал хатшылық міндет әкемнің ағасы Ысқақ Қабековке жүктелген. Кейін олар «Үш жүз» партиясын құруға мұрындық болады. Саяси қызметте Ысқақ Қабеков қазақтың біртуар азаматы Сәкен Сейфуллинмен де жақсы араласқан. Оның «Тар жол, тайғақ кешу» кітабы да Ысқақ Қабеков туралы жазылған екен. Кейіннен әкем де Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллиндермен жолығып, әңгіме-дүкен құратын болған. Әкем Әбдікәрім Қабеков пен анам Мақыпжамал Асылханқызы үйленген соң Алматыға қыдырыпты. Осы сапарларында олар жазушы, сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Сәбит Мұқановқа сәлемдесіп барған. Кездесуден соң жазушы ата-анама «Адасқандар» кейін «Мөлдір махаббат» аталған кітабын тарту еткен. Сол сәттен анамның аяғының ауыр екенін байқаған Сәбит Мұқанов: «Ұл туса Бүркіт, қыз болса Бәтес қойыңдар» депті. Ата-анам үлкен кісінің сөзін жерге тастамай, сол кездесуден кейін дүние есігін ашқан менің атымды Бәтес деп қойыпты. Сол жолы олар Сәкен Сейфуллинмен де жолығады. Сәкен аға ата-анамды үйіне ертіп апарып қонақ еткен. Кей-кейде ата-анамды қонақ шақырған сол бір үйді көргім келеді. Бірақ кейінгілер сонау бір жылдары қазақтың атпал азаматы тұрған үйдің мекенжайын білмейтін болып шықты. Бір жылдары Алматы қаласының әкімдігі арнайы автобуспен қала маңындағы Жаңалық ауылына апарып, саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу шараларын ұйымдастыратын. Сондай шаралардың бірінде Сәкен Сейфуллиннің туысымын деген бір кісімен кездескенім бар. Кейіннен ұйымдастырушы қыздардан сұрап жүріп әлгі кісінің нөмірін тапқаныммен, хабарласа алмадым. Осындай азаматтардың көзін көрген, шарапатын сезінген жанның ұрпағы ретінде мен де тарихимыздың осы бір ақтаңдақтарының ақиқаты ашылғанын қалаймын. Тәуелсіз ел болу жолында жанын пида, басын құрбан еткендердің есімін ұлықтау – кейінгі ұрпақтың қастерлі борышы. Күн санап ата-анасы, туған-туысы қуғын-сүргінді бастан өткергендердің саны азайып барады. Сондықтан солардың көзбен көргенін, құлақпен естігенін, қолындағы тарихи құжаттарды пайдаланып, тарихты қайта жазуды қолға алынғаны жөн деп білемін. Бұл – біздің осы күнге жетуімізге себепкер болған жандардың алдындағы перзенттік парызымыз.
Бәтес ӘБДІКӘРІМҚЫЗЫ, Астана қаласының тұрғыны