Жастық дәуреннің базарлы шағында «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») киелі шаңырағында кездесіп, қызметтес болған, содан бергі елу жылға жуық мезгілде сыйластығымыз суымай, ағайындай араласып, сырласып келеміз. Бір-біріміздің жазған-сызғандарымызды оқып, пікірлесіп тұрамыз... Жақында жарыққа шыққан «Қолтаңба» кітабын ұсынғанда «Тілінде қалжыңы, тілегінде бар шыны, азаматтығы мен адалдығынан айнымайтын ақкөңіл Қуан ағама ізгі ниет, інілік тілекпен ұсынамын» деген көтерме көңілмен жазылған сөзіне де, шындықтың шырайын келтіре көркем кестелеген жаңа кітабының мазмұны мен мақсатына да ризашылығымды білдіріп, оқырмандармен пікір бөлісуге асықтым. Кәсіпқой сыншы болмаса да, бүгінгі қоғам мен заманның тыныс- ахуалын тап басып танып, зерделей зерттеп, ойын қорытып барып қолына қаламын алған жазушы Жақаудың парасатты пайымдаулары көкейге қона кетері сөзсіз. Себебі эссе кейіпкерлері бәріміз де сырттай білетін кісілер. Кейбіреуімен таныс шығарсыздар. Әсіресе, қаламгерлермен жүздесу кештерінде қолтаңбаларын алып, кітаптарын оқығандарыңыз да бар шығар. Бірақ жалпы жұртқа беймәлім қырларын ашып, шығармаларының сыр-сыйпатын кеңінен қамтып жазған көркем тәмсілдің тәлімі бөлек әрі керек. Оқи отырып ойланасың, көңіл көзің ашылып, ләззат аласың. Бұл бас-аяғы біртұтас туынды емес, жеке-жеке, арнайы жазылған эссе-портреттер. Тақырыптық жағынан әрқилы. Оның тарау-тарауға бөлінуінің себебі де осыдан. Ал әр тараудағы әдеби портреттерді түгел қамтып талдау бір мақалада мүмкін емесі белгілі. Сондықтан әр тараудың бірлі-екісіне тоқталумен шектелмекпін. Қалғанын түгел оқып, көңіліне тоқу қадірменді оқырманның ықылас, ықтиярында... Алдымен «Тұлғатану» бөлімінің беташар әңгімесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр мен көлеңке» кітабы жайлы ой-пайымға арналыпты. Мұндағы Жақаудың тапқырлығы мынау: кітаптың мақсаты мен жазылу мәнерін бағалай отырып, оны автордың сыртқы саясаттың сайыпқыраны Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық қызметінің баянына жалғастыра жазып, бір оқпен екі қоянды атып алғандығы дер едім. Кітапта дипломатиялық қызметі барысында оның «қиын да күрделі, сәтті де серпінді сәттерде көрген-білгені мен түйгенін, талап пен тәжірибенің талқысынан өтудегі өмір сабақтарын, жауапты да аса ауыр да абыройлы істерде қарымы мен қажырлы еңбегін барынша байыппен» дәлел-дәйекті мысалдармен баяндап шыққан. Жақау тәуелсіз мемлекетіміздің тағдырына тікелей қатысты еліміздің сыртқы саясатының сындарлы жолы мен шыңдалу барысын, осы орайдағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың міндетін мінсіз, абыроймен атқарғанын барынша білгірлікпен талдай таразылап, кітаптың құндылығын дәделдеп, авторының еңбегін де ерекше атап көрсеткен. Кітаптың құндылығы оның алыс-жақын шетелдермен қоса өз мемлекеттерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Президенттері мен саясаткерлеріне жеке-жеке тоқталып, аттарын айтып, әрқайсысының сіңірген еңбектерін саралай салмақтап, тарата әңгімелей бергені. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаевтың олардың бәрімен де қызмет бабында кездесіп, тілдесіп, еңбектерін оқып, елдерінің саяси-экономикалық, мәдениет, өнер-білім, ғылыми-техникалық салалардағы жетістіктерін, ел аралай жүріп, көзімен көріп, содан сабақ алуды ойластырып, ел басшылары мен азаматтарына құлақ-қағыс жасауы да қазақ қауымына қызметтің игі қадамы. Келесі «Ағалар мен інілер» тарауы түгелдей әдеби портреттер топтамасы. Жақаудың өмір-тіршілікте өзі жақсы білетін, шығармаларын сүйсініп оқыған әріптестері жөнінде қалам тербеуі де өзгеше өрімді. Ол қаламдастарының шығармашылығын бағалауда олардың адами қадір-қасиетінен де сыр ашып, оқырманды әдеби кейіпкерлерінің болмыс-бітімімен толықтай таныстыра кетуді көздеген. Мысалы, Қадыр аға Мырза Әлімен екеуінің қызмет көліктері ортақ болғандықтан баспа үйіне келіп-кету кезіндегі жол үстіндегі әңгімелердің жадында қалған үзік үзіндісін оқырманға ұсынған.
Кешегі тәуелсіздіктің таңы жаңа атқан кездегі қиыншылықтар тұсында кітап баспаларының да қаражат тапшылығына байланысты бірсыпыра әуре-сарсаңға түскені белгілі. Сол жылдары Қадыр Мырза Әлі «Балауса», Жақау Дәуренбеков «Ана тілі» баспаларын басқаратын. Қадекеңнің ұсынысымен екі директор ақысын бірлесіп төлейтін бір машина жалдап алыпты. Ертелі-кеш қызметке бірге келіп, бірге кетіп жүрген жылдары атақты ақынмен тығыз араласып, естіген әңгімелерін жадында сақтаған Жақаудың жазбалары сондай қызықты. Жол қысқарсын дей ме, жоқ әлде әдепкі әдеті ме, әйтеуір әңгіменің тиегін ағытып, көрігін қыздыратын Қадекең. Өмірден көрген-білгені көп, атақты ақын-жазушылармен сыйластығы да, сырластығы да жетіп-артылатын кісі болғандықтан да Жақау оның айтқандарын аузын ашып тыңдаудан жалықпайтын. Сөйтіп, ақылман ақынның әңгімелерін күнделікті тыңдай жүріп, есінде қалған қағидалы ой-пікірлерін тірілтіп, оның адами қасиетін, шығармашылық жолындағы ұстанымын ортаға салып, көпшілік оқырманмен бөліскен Жақаудың тапқан әдеби тәсілі де келісті. Бас-аяғы 18 үзік әңгімеден тұратын әдеби портрет Қадекеңнің кісілік болмысы мен ақындық шеберлігін бейнелеуге қосылған құнды еңбек. Ақын жүрегінің түкпірінде жасырынған жұмбақ сырларын ақтарып салған да, Жақау оны бұрмалап боямай-ақ бізге баяндап берген. Нағыз тұщынып оқитын эссе. Тапқыр сөз, жаныңа майдай жағатын қағытпа қалжың айтудан жан салмайтын ақылман ақын Қадырдың айтқыштығы, аңғарымпаздығы көпке аян. Жақау болса ақынның осы сырлары мен қырларын нақты мысалдар келтіре отырып, құлпыртып та құбылтып жазған-ақ екен. Шырайлы ойды шұрайлы сөзбен айшықтаған қаламгерлік шеберлігінде мін жоқ. Жақаудың көңіліне түйгені: Қадыр ақын біреуді қағыта емес, қайрап сөйлейді екен. Әулекіліктің әуресіне түспей, шығармашылығына қажетті қымбат уақытын зая жібермеуіне жол ашқан Хамит Ерғалиев екен. Бір сапарлас болған кезде жас ақынды аспандата мақтай келіп, оны өзінің шәкірті екенін айтып аяқтаған екен. Хамекеңнің өзінің мықты ақын екенін осындай емеурінмен жеткізгені Қадекеңе сабақ болыпты. Қазақтың көрнекті жазушысы Оразбек Сәрсенбаевтың қаламгерлік жолын ашқан шығармасы – «1961 жыл» поэмасы «Лениншіл жаста» жарыққа шығып, әдебиет әлемін дүр сілкіндіріп, бір-ақ күнде атағын аспандатып жібергенін баяндаудан басталған «Шабыт» эссесі де сондай бір ыстық ықыласпен, ақиқатын айтып, ақтарыла сырласқан көркем дүние екен. Қазақ өлеңіне жаңа бетбұрыс, соны соқпақ салуды көздеп жазылған поэманың жазылу, жариялану, талқыға түсіп, айтыс-тартысқа айналғаны хақындағы хикаясын еске түсіріп, Оразбектің содан кейінгі жазылған шығармалары туралы толғақты ойларымен жалғасқан эссесі көңіл төрінен орын алары ақиқат. Әсіресе, Жақаудың «қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігін, әдеби болмысын қыруар дерекпен, оқиғамен барынша қабыстыра, мәдениетті түрде» жеткізген «Өмірнама» роман-күнделігі, оның жаңа жанрда жазылғаны жөніндегі парасатты пікірлері көңіліңе қона кетеді. Өз өмір жолымен байланыстыра жазылған романды оқып шыққан Герольд Бельгердің: «құнды, әсерлі, қызықты, мазмұнды, ғибратты» деген ақ адал алғысөзіне сүйене сөз сабақтаған Жақаудың түйінді тұжырымдары «Шеңбер» сынды қазақ қоғамының кезеңдік тынысын шалқар шабытпен, өмір шындығымен өрілген өрелі роман жазған көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың шығармашылығына берілген әділ баға деп білеміз. Жақау қаламгерлік қарымы мен азаматтық парызы жарасқан жақсы ағалары Сейдахмет Бердіқұловтың редакторлық, Нұрмақан Оразбековтің баспагерлік қыры мен қажырлы қайраткерлігін, ұлтының намысын оятып, рухын көтерген елдік ерен еңбегін жұртшылық жүрегіне жеткізіп баққан. Енді бір ерекше тоқталып өтетін мәселе – Жақаудың жақын араласқан, қызметтес болған, қанаттас қаламгерлерінің шығармаларын үзбей оқып жүретіні. Оның жарқын мысалын мына кітабына әдеби портреттері енген бір топ қаламгер: сыншы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев, ақындар – Жарасқан Әбдірашев, Нұрлан Оразалин, жазушылар – Орысбай Әбділдаұлы, Баққожа Мұқай, Сейітқазы Досымов, Мағира Қожахметова, Қайсар Әлім, Сұлтанәлі Балғабаев, Ырым Кененбаев, Жанат Елшібеков, Жанболат Аупбаев, сондай-ақ ізбасар інілері Шәмшидин Паттеев, Қали Сәрсенбай, Самат Ибраимның суреткерлік соқпақтары дара-дара сараланған. Айталық, Сағаттың әдеби сынға соны із салғаны, Жарасқанның қазақ поэзиясының өресін де, өрісін де жаңа белеске көтергені, Баққожаның бүгінгі өмірдің, жаңарған қоғамның кейіпкерлерін сомдағаны, Мағираның өнердің өрен жүйріктерін зерделей зерттегені, Сұлтанәлінің дарынды драматург екенін қоса, қазақ диаспорасы мен ұлт тілінің толғауы тоқсан мәселесін дәйектегені, Жанболаттың тағдыр жолы өзгеше адамдар хақындағы толғаныстарын барынша байыппен, сергек сезім, сара сөзбен кестелеп, жарқырата жазғаны ғажап-ақ! «Қолтаңба» кітабының тағы бір ерекшелігі – сыршылдығы мен шыншылдығы дер едім. Оқырманын бірден баурап алары ақиқат. Жақаудың эссе тақырыбын тауып қоюы да тапқырлықтың дәлелі. Қаламгердің бағасын бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Айталық, Қалихан хақындағы ой өрімін «Шың», Қадыр шығармашылығын «Сөзжебе», Сейдахмет туралы эссе-элегиясын «Сәкең сөзге сыймайды», Жарасқан жайлы эссесін «Жарбұлақ», Баққожа туралы сырын «Шабыт шырағы», Жанболат хақындағы ой-пайымын «Тұлғалар тағдырнамасы», Сұлтанәлі жайлы жылы лебізін «Сұлтанның қызыл кітабы» деп айдар тағуына таңдай қақтық. Әр мақаласының мазмұн-мақсатына орайластыра топтастырып, тарау-тарауға бөліп құрастырған кітабының пішімі де атап көрсетуге әбден лайықты. Кітаптың келесі тарауы «Мінездің» жанры әдеби миниатюралар деп аталыпты. Атына заты сай. Қысқа қайырыммен түйінделген, 132 адамның түрлі мінезі мүсінделген. Әрине, сөзбен. Ал кісінің қырық қырлы, тоқсан сырлы мінез-құлқын айнытпай, көз алдыңа елестете суреттеу оңай емес. Ол үшін тіл байлығы, сөздің мол қоры болуға тиіс. Оның үстіне, ақын-жазушылардың мінезін сипаттаудың жөні тіпті басқа. Оны сөз басында Жақаудың өзі де айтыпты: «Кейде ойға алып қарасаң, қаламгерлер мен өнер адамдарының мінезі бір-біріне ұқсамайтын әлем екен. Көбіне елемейміз. Елең еткізетіні де бар. Асылы, барды бағалай білу, айта жүру де абзал». Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатыҚазақ өлеңіне жаңа бетбұрыс, соны соқпақ салуды көздеп жазылған поэманың жазылу, жариялану, талқыға түсіп, айтыс-тартысқа айналғаны хақындағы хикаясын еске түсіріп, Оразбектің содан кейінгі жазылған шығармалары туралы толғақты ойларымен жалғасқан эссесі көңіл төрінен орын алары ақиқат.