Қазір оқуын бітірмей-ақ, екінің бірі саясаттанушы, эколог, тарихшы болып алды. Енді қазақстандықтар ұзақ жыл оқуға уақыт жоғалтпай, қалаған мамандығының иегері атана алады. Ол үшін арнайы қысқа курсын бітірсе болғаны. Өйткені курстар сертификаты ЖОО берген дипломмен теңестірілмек. Қоғамда мұны қызу құптағандар да, одан шошынғандар да бар. Айтқандай, осы жаңашылдықты енгізуде Еңбек министрлігі қарсылыққа тап болған. Қаңтар оқиғаларынан кейін басшылығы ауысқан «Атамекен» паласы тайталастан бас тартып, министрліктің ығына жығылды.«Атамекен» ақылға келді
Бұл сала ұзақ жылдар бойы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқаруына берілді. Ол өзінің жанынан қаптатып біліктілікті растау орталықтарын құрды, олар түрлі курстар үшін ақы жинап, табыс тапты. Мемлекеттен де қаражат тасқындады. Қолданыстағы тәжірибе бойынша «Атамекен» ұлттық палатасы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарының біліктілігін тәуелсіз аттестаттаудан өткізеді. Бұл функцияны жүзеге асыру үшін ҰКП Мамандарды сертификаттау орталықтарының реестрін жүргізеді. Мамандарды сертификаттау орталығы (МСО) дегеніміз – мамандардың біліктілік деңгейінің солар таңдаған кәсіби қызмет түрлерінің жұмыстарын орындауға жарамдылығы дәрежесін анықтайтын заңды тұлғалар, салалық бірлестіктер, жеке кәсіпкерлер.
Бірақ палата өзіне жүктелген маңызды істен нәтиже шығара алмады. Дамыған елдердің тәжірибесі саналатын «бейресми білім» секторы қарқынды өркендеу орнына, дамуда кенжелеп қалды. Ал дамыған елдерде азаматтардың ұзақ оқып, көп білгені емес, жұмысты білікті орындай алғаны, дағдымашығы (skill) басты орынға қойылады. Әйткенмен, жұмыс берушілер жұмысқа алғанда алдымен құжатқа қарайтыны мәлім, ендеше жоғары білімі жоқ, бірақ біліктілігі мен тәжірибесі жөнінен соларды он орап кететін майталман маманның қабілет-қарымын салмақтап, тиісті бағасы мен құжатын беретін ұйымдар қажет. МСО-лар сол биік дәрежеге жете алмады.
Жыл басындағы белгілі оқиғалардан кейін жағдай түбегейлі өзгеріп сала берді. МСО-ларды палата емес, мемлекет жетегіне алады. Әрине, қазіргі кезде елімізде ақылы семинар өткізіп, оған қатысқанның бәріне сертификат тарата салатын немесе екі апта ішінде «маман» даярлап шығатын қаншама коммерциялық фирма бар. Олардың кебін құшпауы, сертификатының салмағы болуы үшін Біліктілікті растау орталықтары жаңадан құрылатын Ұлттық біліктілік органының аккредиттеуінен өтуге міндеттеледі. Өтпесе, оның сертификаты дипломға теңелмейді. Осы мақсатта «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы жазылды.
Таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен «Атамекен» палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов кездесіп, осы құжатта көзделген жаңа тетіктерді талқылаған екен. Жүздесу оңаша, журналистерсіз өткендіктен, қандай әңгіме болғаны белгісіз. Бірақ палата министрдің қадамына мақұл деп отыр.
«Министр жаңа кәсіби стандарттардың негізінде жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлау мақсатында оқу бағдарламалары өзектендірілетінін атап өтті. Қызметкерлердің кәсіби дағдылары мен құзыреттері кәсіби біліктілікті танудың аккредиттелген орталықтарында расталатын болады», – деп қысқаша ғана мәлімет берді ол кездесуден министрлік.
Ал саланың қазіргі жағдайы еш сын көтермейтін көрінеді. Министрліктің түсіндіруінше, аттестаттау тетігі мәселесі мүлдем реттелмеген, қолданыстағы аттестаттау сапасына еш мониторинг жүргізілмейді. Мамандарды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссияларының қызметінде айқындылық жоқ. Салдарынан жекеменшік компаниялар, жұмыс берушілер жұмысшылардың біліктілігін бағалау сертификатына сенім білдірмейді. Оның үстіне тиісті жабдықталмаған орталықтар ештеңеге үйретпей, бұл қағазды бәріне үлестіретіндіктен, жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің де біліктілігін арттыруға ынта-ықылас танытпады.
Бейресми білім дарынның бағын ашады
Әлемде «бейресми білім беру» ұғымы 1960 жылдардың соңында айналымға енді. 1967 жылы АҚШ-тың Вильямсбургында өткен халықаралық конференцияда жаһандық білім дағдарысы туындағаны жарияланды, оған оқу бағдарламаларының ескіріп қалуы, ресми білім беру саласының жылдам өзгерген жаһандық өзгерістерге тез бейімделе алмауы түрткі болды. Колледждер, университеттер жүйесінде маманның барлық қажетті біліктілік пен дағдыға қол жеткізуі мүмкін емес. «Бір рет жоғарғы білім алу» концепциясы ескіріп, орнына «Өмір бойы білім алу» (lifelong education) тұжырымдамасы енгізілді. Бұл азаматтарды дағдарыс кезеңінде өзгерген ахуалға бейімделіп, басқа мамандықтың иесі атануына жол ашады. Қазақстан соған қазір көшіп жатыр.
Ресми және бейресми білім берудің басты айырмашылығы сол, біріншісі тек университетте оқу аясындағы білімді бағалап, диплом береді. Ал екіншісі – осы дәстүрлі, ресми білім беру жүйесінен тыс жүрген ұдайы білім процесі барысында игерілген білік-машықты бағалайды. Бұл жүйе ЖОО-ға түсу кезінде кездейсоқ мамандықты таңдаған, бірақ икемі де, ынта-іңкәрлігі де басқа кәсіпке бағдарланған тума таланттардың дарынын ұштауға жол ашады.
Мысалы, Қаныш Сәтпаев 1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясын бітіріп, бастауыш мектептерге орыс тілінен сабақ беретін педагог болған. Егер сол қызметінде өмір бойы қалғанда, Қазақстан ең озық геолог-ғалымынан, Қазақ Ғылым академиясын ұйымдастырған, отандық металлогения мектебінің негізін қалаған тұлғадан айырылған болар еді. Туберкулезге шалдығып, Баянауылда сауықтырудан өтіп жүргенде, Қаныш Имантайұлы сонда қымызбен емделіп жатқан геолог М.Усовпен бірге қазақ жерінің қазба байлықтарын зерттеуге ынтықты. Қ.Сәтпаевтың барлап кеткен қазынасының игілігін қазақ елі қазір де көруде.
HR-менеджер, маркетолог Айдар Қасенов дамыған елдерде бейресми білім негізгі ресми білімнің қосымшасы болып табылатынын айтады.
«Мысалы, оларда режиссерлыққа оқып жүрген студенттер сахнаны жарықтандыру дизайны, сахналық костюм дизайны, stop-motion-анимация сияқты қосымша курстарды қоса оқып, ол салалардың да маманы бола береді. Оны университет қабырғасында немесе жеке, маманданған компаниялар арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл бойда бұғып жатқан дарынды ашудың тамаша жолы. Содан оларда бір факультеттің студенттері басқасының дәрістеріне оңай кіре береді. Сондай-ақ бейресми білім беру кедей топтардан шыққан, бірақ белгілі бір салада өз бетінше меңгерген біліктілігі бар жастардың көтерілуіне мүмкіндік беретін әлеуметтік лифт саналады», – деді ол.
А.Қасенов елімізде бұл саланы дамыту үшін қажетті іргетас қаланғанына назар аудартты. Жалпы саны 2 689 мамандықты қамтитын 623 кәсіптік стандарт бекітілді. 11 912 кәсіптен тұратын және 1 274 топқа біріктірілген Кәсіптердің ұлттық жіктеуіші құрылды. Еңбек кодексі мамандарды өз біліктілігін растауға ынталандырады. Егер олар кәсіпорындағы төменгі қызметін місе тұтпай, жоғарылағысы келсе, онда оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарына, біліктілігін растауға қатыса алады.
Бұл ретте Еңбек кодексі біріншіден, өз жұмыскерінің біліктілігін растауын жұмыс берушісінің қаражаты есебінен жүргізуге міндеттеді. Екіншіден, біліктілікті растау кезеңінде оның жұмыс орны, лауазымы сақталады. Үшіншіден, жұмыскері осы мақсатта жұмыстан сұранса, оны жіберуі, немесе толық емес жұмыс уақытына көшіруі тиіс. Төртіншіден, іссапарлар үшін қарастырылған көлемде орташа жалақы төлеуі керек. Бесіншіден, тәуліктік төлем, жол жүру және тұру құнын төлеуі қажет.
Жүйе жемісін кімдер тере алады?
Бүгінде «Кәсіптік біліктілік туралы» заңы Мәжіліске енгізілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың тұжырымдауынша, бұл жаңашылдық жұмыс күшіне қойылатын, тез өзгеретін талаптарға сәйкес келуге мүмкіндік береді:
«Бұрын алған біліміңіз біліктілікті көтерусіз 10 жыл бойы өзекті болатын, бүгінде көптеген мамандықтар бойынша дағдылар 2 жылдан соң ескіріп қалады. Заң жобасының маңызды жаңалығы сол, ол өз бетінше игерілген дағдыларды, сондай-ақ бейресми және информальды білім нәтижелерін мойындауды қарастырады. Азаматтар тиісті орталықта кәсіптік біліктілігінің бар екенін растайтын құжатты ала алады және егер бұл кәсіптік стандартта көзделсе, сол құжатты жұмысқа орналасу кезінде білім туралы дипломмен тең пайдалана алады», – деді вице-министр.
Сондай-ақ, заң жобасында кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптердің тізбесін қалыптастыру көзделеді. Өйткені кез келген кәсіпті өз бетінше меңгеруге болмайтыны даусыз. Осы тізілім Еңбекминінің Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүргізіледі.
Қазақстанда және дамыған елдерде дәрігерлер, қаржы аудиторлары және басқа да бірқатар мамандықтар қызметі лицензияланады. Мысалы, қысқа курс бітіріп, хирург болуға жол берілмейді. О.Ордабаевтың түсіндіруінше, басқа мамандықтар бойынша түлектер мен қызметкерлер жұмыс берушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие болу үшін өз біліктіліктерін өз еркімен растай алады.
Заң жобасында қызметкерлерді де, жұмыс берушілерді де кәсіптік біліктілікті тану жүйесіне тарту үшін бірқатар ынталандыру шаралары қарастырылады: арасында біліктілігін растайтын қызметкерлерге түрлі кепілдіктер мен жеңілдіктер беру, біліктілікті танудың ваучерлік-модульдік жүйесі, яғни оны бюджеттен қаржыландыру ұсынылады.
«Заң жобаларын қабылдау азаматтарға біліктілік деңгейін арттыруға, дағдылары мен құзыреттерін дамытуға, өмір бойы оқып, жаңа мамандықтарды игеруіне мүмкіндік береді. Ал жұмыс берушілер осы жүйе арқылы қызметкерлердің қаншалықты кәсіби жарамды екеніне нақты, тәуелсіз бағалауға қол жеткізеді, өз ұйымындағы еңбек өнімділігін арттырады және білікті мамандарды жұмысқа қабылдай алады. Жоғары білімі болмағандықтан төменгі қызметте жүрген білікті мамандарға жоғарғы біліктілігі мен дағдыларына сәйкес келетін биік лауазымдарды тезірек тауып, табысын арттыруына жол ашады», – деп түйді сөзін вице-министр Олжас Ордабаев.
Жалпы алғанда, ұлттық біліктілік жүйесін (ҰБЖ) басқарудың үш деңгейлі моделі түзіледі. Бірінші деңгейде – Кәсіптік біліктіліктер жөніндегі ұлттық кеңес: ол ҰБЖ стратегиялық басқаруға жауап береді және шешімдер қабылдаудың бірыңғай орталығына айналады. Екінші деңгейде мемлекеттік органдар жанындағы Кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңестер орналасады: олар өз саласын кәсіби білікті кадрлармен қамтуға жауапты болады. Ал үшінші деңгейде Кәсіптік біліктіліктер жөніндегі ұлттық органды құру көзделеді: оның құзырына ҰБЖ-ға әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсету функциялары кіретін болады.
Депутаттардың бірі: «Қазіргі жастар тек тиктокер болғысы келеді» деп қалды. Дегенмен жаңа жүйе мамандығын ауыстырғысы келетін азаматтарға, декреттік демалыстан соң кәсіби біліктілігін растағысы келетін аналарға, өз саласында қажетсіз болып қалған зейнеталды жастағы егде адамдарға, университет бітірмеген жұмыссыз жастарға қызықты болады деп күтілуде.