«Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 4 451 адам жүгінген. Әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына және басқа да қоғамдық жұмыстарға тарту қысқамерзімді оқыту арқылы 2 210 адам жұмысқа орналасты. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жыл сайын республикалық бюджеттен мемлекеттік гранттар бөлінеді. Биыл 39 миллион теңге грант аясында жастарға 9 грант бөлінді. Ал мемлекеттік «Дипломмен ауылға» жобасымен осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 418 жас маманға 128 миллион теңге сомасында алғашқы көтерме жәрдемақы мен 923,4 миллион теңгеге 204 бюджеттік несиелер берілді», – дейді Ақмола облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдрахманов.Бес өңірде бірде-бір грант алмаған Басқарма деректері бойынша, жастар ресурстық орталықтарында мұнымен қоса 4356 жас азамат жұмысқа орналасу жөнінде кеңес алып, 694 адам жұмысқа орналасқан. Ал облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жастарға мемлекеттік грант беруде бірқатар ауданның жұмысты сылбыр жүргізіп жатқанын сын садағына алды.
«Жастардың өз дербес істерін ашу және дамытуына жағдай туғызу үшін облыста 260 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Алайда бүгінде соның тек 91 гранты ғана беріліп, жылдық жоспардың 35 пайызы ғана орындалып отыр. Облыстың бес аймағында, атап айтқанда, Ақкөл, Аршалы Бұланды, Егіндікөл аудандары мен Қосшы қаласында жастарға бірде-бір грант берілмеген болып шықты. Жалпы, облыс аумағында жаңа бизнестерін жүзеге асыру үшін 162 адам 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант алған. Ал жылдық жоспар бойынша 487 адамға грант берілуі тиіс», – Ақмола облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.Мәліметтер базасында түйткіл көп Жиынға қатысқан жастар мәліметтер базасына қатысты түйткілді мәселелерді де көтерді. Олардың айтуынша, мәліметтер базасының республика көлемінде ашық болуы оның тиісті деңгейде жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Соның салдарынан, ұтымды жобаларды бір ай бойы еңбектеніп дайындаған үміткерлер өз мәліметтерін енгізе алмай, байқаудан құр қалып жататын көрінеді.
«Бұл, әрине, өте өкінішті жағдай. Мемлекет басшысының өзі ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез келген қарапайым азаматқа түсінікті және қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан бұл жүйені де оңтайландыру керек. Бұл ретте мемлекеттік орган өкілдеріне «әр өңірге жеке күн белгіленсе» деген жастар ұсынысын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткізген жөн», – деді «АMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова.NEET жастарының нақты саны белгісіз Жиында әсіресе жастарға мемлекеттік гранттың аз бөлінгені сынға ұшырады. Өйткені жыл басынан бері республикалық бюджеттен 39 миллион теңге, сондай-ақ облыстық бюджеттен тағы 100 миллион теңге бөлінгенімен оның тек 9-ын ғана жастар иеленген.
«Бұл жастар арасындағы ақпараттық-насихат жұмыстарының төмендігін көрсетеді. Жұмыссыз жастар түгілі кейбір мемлекеттік орган өкілдері жастарды жұмыспен қамту бағытындағы бағдарламалар туралы біле бермейді. Сондықтан жастар арасында ақпараттық насихат жұмыстарын күшейту қажет. Мұнымен тек жұмыспен қамту орталықтарының мамандары ғана емес, жастарды да тарта түсу керек. Қандай да бір мемлекеттік бағдарламамен жұмысқа орналасқан жас өзі әлеуметтік желіде парақшасында сол туралы ақпарат беріп жастарды қызықтыруы тиіс», – деп толықтырды Айна Мысырәлімова.Кеңес отырысында күні бүгінге дейін NEET санатындағы жастарды анықтау мәселесін нақты ешкімнің қолға алмағаны анықталды. Тіпті, бұл бағыттағы жұмыс алгоритмі де жоқ болып шықты.
«Аудан-ауылдарда бұл іспен жұмыспен қамту орталықтарының мамандары айналысса, ірі қалаларда үй-үйді аралап, жұмыссыз жастарды анықтау қолға алынбаған. Сол себепті, әсіресе Көкшетау мен Щучинск сияқты ірі қалаларда NEET санатындағы жастардың нақты саны әлі де нақтыланбай отыр», – деді облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев.Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік орган өкілдеріне NEET санатындағы жастармен жұмысты күшейту, талдау және мониторинг жүргізу бойынша бірқатар кеңес берілді. Сондай-ақ кәсіпкерлікке тартылған жастармен де жұмысты күшейту қажеттігі айтылды. Тиісті органдардың деректерінше, бүгінде грантты игергендердің көбі жеке ісін әрі қарай жалғастырып, табыс табудың орнына кәсібін тоқтатып тастайтын көрінеді. Сондықтан бір жылдық жобаларды қаржыландырудан гөрі, жоспары айқын, жобасы өміршең жастарға қолдау көрсету қажет тоқтамға келді. Тиісті органдар аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырмақ...
Ақмола облысы