28 қыркүйек – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туған күні. Биыл жазушының туғанына 125 жыл толып отыр. Әуезов шығармалары бүгіннің ғана әңгімесі емес, ертең де жалғасын табатын дүние. Ұлт жоғалтқаны болса, Әуезов әлемінен табары анық. Асқар Сүлейменовтің «Келер қазақтың да ішер уы мен балы – Абай» дегеніндей, келер ұрпақтың да сүйенері Әуезов шығармалары болары хақ. Осы орайда, филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісімақованың да Мұхтар Әуезов туралы айтары бар.
– Айгүл апай, биыл – Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы. Одан бөлек, Алаш жұрты Ахмет Байтұрсынұлының да 150 жылдығын атап өтуде. Бірі – аға, бірі – іні. Екі бірдей тұлғаны байланыстыратын ұлттық идея – Алаш болғаны анық. Дегенмен ініні ағаға жақын тұтқан не нәрсе?
– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы биыл қатар өтіп жатыр. Ұлт ұстазы деп Ахаң туралы алғашқы болып айтқан М. Әуезовтің мерейтойы Ұстазының мерейі үстем болсыншы дегендей ықыласпен өтуде. Алаш саяси элитаның соңғы тұяғы – М.Әуезов, Қ.Сәтбаев пен Ә.Марғұлан. Үшеуі де 1921 жылы Ахаң басқарған Академиялық ғылыми орталықтан тапсырма алып, мектепке арналған оқулықтар мен ғылыми монография жазды. Бұларды біріктірген Алаштың Ұлттық идеясы: тәуелсіз мемлекеттің басты идеологиялық тірегі – ана тілінде білім беретін қазақ мектебі мықты болу керек! «Қазақ тілі бар жерде ғана қазақ жері бар» деген Ә.Бөкейханның сөзін іске асырған тұлғалар.
Сондықтан тек ана тілінде ұлттық құндылықтар негізінде білім алған азамат қана Отанына адал қызмет ете алады деп санаған Алаш саяси элитасы. Келешекте ата-баба жеріне ие болатын ана тілінде сөйлейтін отаншыл ұрпақты жеткізу жолында әрқайсысы қазақ тіліндегі қазіргі ғылыми дискурсты қалыптастырып кетті. Қазақты қырғыз деп кемітіп айтқан отаршыл заманда «Қазақ» газетін Орынбордан шығарды. Ресейдің ХХ ғасыр басындағы билігіне ықпалы болған мемлекетшіл Алаш саяси элитасы өздері қуғын-сүргінде жүріп, Ленинмен бірнеше рет кездесіп, 1920 жылдың 26 тамызында коммунистермен бірге қазақтың қазіргі шекарасын бекітіп берді.
Ахмет Байтұрсынұлы бас болып, Орынборда 1921 жылы ашылған Академиялық ғылыми Орталықтың тапсырмасымен бұлар ұлттық мектеп заманауи болуы үшін қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтарды жазып, оларды мектепке орнықтырып берді. Бұл оқулықтармен қатар әр ғылым саласында Шоқаннан кейін тоқтап қалған қазақ тіліндегі ғылымды дамытты: әрқайсысы ғылымның әр саласындағы монографиялардың авторлары. Қазіргі ана тіліндегі ғылыми дискурс осыдан жүз жыл бұрын қалыптасқанын біз тек Алаш ғалымдары ақталған кезде ғана білдік. Бұл ғылыми мұра совет кезінде авторларымен бірге репрессияға ұшырап, тек 1988 жылдан кейін ғана қазіргі ғылыми айналымға қайта оралды.
Мен Мәскеуде оқыдым, сонда біз ғылымы жоқ, әдебиеті тек Демьян Бедный мен Горькийден үйрену арқылы қалыптасқан сауатсыз, младописьменный жабайы халық ретінде маңсұқталып келдік. Совет энциклопедиясын қарасаңыз, авторлары – «осылай жазуға мәжбүр болдық» деген өзіміздің академиктеріміз. Бұлар Ахмет Байтұрсынұлының терминдері – пән сөздерін қолданғанын білсе де қарсы пікір айта алмаған. М.Әуезов Сталин мен Ленин сыйлығының иегері болса да, өзінің 1927-1932 жылдары жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихы», «Хан Кене», «Қилы заман» мен тұңғыш әңгімелері бар екенін айта алмаған. Алаш партия мүшесі болған Әуезовке тірі қалу үшін совет үкіметі бұл еңбектерінен ресми бас тартқызған. Жазушы сол кездегі биліктің басылымдарында «бұл еңбектер Алаш партиясы тапсырмасымен жазылғандықтан бұлардан бас тартамын» деуге мәжбүр болған. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан айтқандай, Әлихан мен Ахаң бастаған ағалары жастардың тірі қалып совет кезінде де Алаш идеясын қолдан келгенше іске асыруы қажет деп санаған.
Алаштың рухани қолбасшысы бола білген А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына арнап, 1923 жазған мақаласында М.Әуезов «Ұлт ұстазы» деген тұжырымды тұңғыш рет орнықтырып берген ахметтанушы дер едім! Ұстаздарынан бас тартқызған совет кезінде де М.Әуезов қолдан келгенше, Алаш аманатын орындап өткен бірегей адал шәкірт деп айтар едім. Совет билігі Әуезовтің жазған әр сөзін қадағалап отырған. Ол үшін совет режимін қолдаған фанатиктерді жазушының әр қадамын қадағалайтын етіп қойған: бір қазақ бір қазаққа қиянат жасаған. Жазушы «Абай жолы» романын жазу кезінде қаншама қасірет шеккен?! Құнанбай мен Абай арасы пионер Павлик Морозов іспетті болуы құпталған: феодалшыл болыс Құнанбайға ұлы Абай қарсы тұру керек дегеннен бастап романдағы би-шешендер бейнесіне дейін ықылассыз суреттелуі керек дегенді белсенділер қадағалаған. Совет кезінде М.Әуезов басқарған Абай жинағының үстінен қайта қарап отырған да осы коммунист цензорлар болатын.
М. Әуезов ғылыми орталығының басшысы Ләйлә Мұхтарқызының ұлы әдебиетші Диар Асқарұлы Қонаевтың биыл шыққан монографиясында осы жиындардың стенограммалары, жазушының хаттары мен күнделік жазбалары тұңғыш рет келтірілген.
Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің басшылығымен жазушының Америка, Индия, Жапония сапарларындағы күнделік жазбалары да қайта қарастырылып, өткен жылы АҚШ елшілігі қолдауымен ағылшын тілінде тұңғыш рет толық жарық көрді. Жазушының бұл сапарларда Семейдегі Абай жатқан жердегі қазақты улап жатқан полигон туралы, ұлттық құндылықтардың жойылуы, елдің келешегі туралы мұңды ойлары баршылық. Сондықтан бұл күнделіктер сол кездегі совет тыңшылары біле бермейтін Ахаңның төте жазуымен жазылған. Бұл кітаптың беташарында профессор Г.Пірәлі мен Д.Қонаев қазіргі Әуезовтанудың осы жағын танытқан мазмұнды абстракт берген.
«Неизвестный Ауэзов» Д.Қонаев. «Мухтар Ауезов. Письма родным и близким» (1940-1961); Д.Қонаев. «Летопись жизни и творчества Ауэзова» басылымдарында бұрын тыйым салынған мұрағаттық мағлұматтар тұңғыш рет қамтылғанымен құнды болып отыр.
– Ахметтанудың басында Әуезов тұрғаны анық. Ол Ахаңды ұстаз санады. Тіпті, ол туралы Ұлт ұстазының 50 жылдық мерейтойында жазған мақаласында ашық айты. Кеңес дәуірінде Әуезов бұл тақырыпқа бара алды ма?
– Қазақты қырғыз деп айтқан заманда Ахмет Байтұрсынұлы өзі құрған «Қазақ» газетін «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бас редактор ретінде сол кездегі мектептегі ана тіліндегі білімді қалыптастыруды қолға алып, замандастарының басын қосып, оқу-ағарту, ұлт, жер, тіл мәселелерінің мемлекеттік деңгейде шешілуін қамтамасыз етті.
«Бұл газеттің қазақ ұлттық тарихында алатын орны қандай?» деген сауалға М.Әуезов 1923 жылы былай деген: «Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестетеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ай ұзағанымыз жоқ. Кешегі күндерге дейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиетті үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді».
Қазақ газетінің қоғамдағы тарихи қызметі туралы былай делінген: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығына жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш.
Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде, менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «Кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік, көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді... Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын жол «мұндалап», жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын, ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген ескегі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын.
«Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын».
«Қазақты өлі ұйқыдан кім оятты?» дегенге бүкіл ұрпақтың атынан Әуезов былай деген: «Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын».
Осы ретте Әуезов Ұлт ұстазының білім мен ғылым істеріне де баға берген: «Орынбордағы қазақ институтының һәм басқа қазақ баласы оқыған мектептердің оқытушысы Ахаң мектептен босаған уақытта қазақ мектептеріне керекті кітаптар жазады. Бұрынғы оқушыларға белгілі Тіл құрал, Оқу құралдарынан басқа соңғы жылдары Әліппе істерін һәм қазақша жазған. Бұл соңғы кітабы осы күнде Орынборда басылып жатыр. Былтырдан жазып жүрген «Мәдениет тарихы» деген кітабын осы күні бітіріпті. Жақында о да басылып шықса керек. Ахаң соңғы жылдардағы уақыттың бәрін қазақтың мектебіне сарып қылып, істеген ісі де, жазған жазуы да соған арналған. Сондықтан бұрынғы уақыттағы жас буынның әлсіз ойын тербеткен, жүрекке жылы тәтті өлеңдерін соңғы жылдары ести алмай жүрміз. Бірақ Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ. Әлі күнге дейін қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есіп шалқып жатыр. Бұдан 10-15 бұрын: «Алаштың Үмбетінің бәрі мәлім. Кім қалды таразыға тартылмаған?» дегенді Ахаң айтса, біз де осы күнде соны айтамыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы».