Сансыз бабтар мекені Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық саяси газетінің жүлдесі үшін қазақша күрестен турнир өтті.
Айта кетейік, еліміздегі қазақ күресінің дамуына айрықша үлес қосқан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған турнирдің үзбей өтіп келе жатқанына 60 жылдан асты. Алғашында тек кезінде облыс орталығы болған Шымкент қаласында ұйымдастырылатын жарыс, соңғы 10 жыл көлемінде аудандарға жол тартты. Бүгінде жыл сайын Түркістан облысының аудандарында балуандар боз кілемде бақ сынап жүр.
Ақсукенттегі орталық дендросаябақта ұйымдастырылған додаға облысымыздың түкпір-түкпірінен құрамында 130-ға жуық спортшысы бар 20 команда қатысты. Сайрам ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен балуандар бәйгесіне 60 пен 90+ келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков ұлттық спорттың халықаралық деңгейге біртіндеп көтеріліп келе жатқанын, игі бастамалардың басында қара шаңырақ басылым «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен осы басылымның турнирі тұрғанын айтып өтті.
Ал «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан кезінде қазақ рухы аяқасты болып кеткен кезде Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Уәлихан Темірбеков сияқты азаматтар осы жобаны өмірге алып келгенін еске салып, ұлттық күрестен қазір ұйымдастырылып жүрген барлық жарыстың ізашары – осы турнир екенін жеткізді.
Биылғы турнир де жылдағыдай жас таланттар мен жаңа есімдердің жарқырай көрінуімен есте қалды. Боз кілемде өз салмақтары бойынша додағы түскен спортшылар арасынан «түйе балуан» да белгілі болды. Сонымен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған 2022 жылғы турнирдің «түйе балуаны» 90 келі салмақтағы түркістандық Тоқтарәлі Айдарбек атанды. Балуанға Сайрам ауданы әкімдігі бас жүлдеге дайындаған «темір тұлпар» табыс етілді.