Қамсыз қарттыққа мәнсіз жоспар кедергі
Қамсыз қарттыққа мәнсіз жоспар кедергі
987
оқылды
Бірыңғай жинақтаушы ­зей­нетақы қорының ешқан­дай да инвестициялық стра­те­гиясы жоқ. Олар бар бол­ғаны бюд­жетке салмақ салып, масыл болып отыр. Бір топ депутат­ өткен аптада БЖЗҚ-ға осы­лай деп шүйлікті. Мә­жіліс­мендердің келтіріп отырған уәжінің жаны бар. Өйткені, қоғамның 70%-ын құрайтын салымшылары­ның қорға де­ген «өкпесі қара қа­зандай» екені жасырын емес. Енде­ше, зейнетінің ақы­сынан бейнеті жақын қорға реформа керек-ақ. Тең жартысы – мемлекеттік облигация Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасының атына жолдаған сауалында депутаттар әу баста Чи­лилік модель бойынша таңдалынған қордың құрылымының өзі дұрыс емес деп сынға алып отыр. Мәселен, зейнетақы активтері елімізде Ұлт­тық банктің сенімгерлік басқаруына берілген. Бірақ оның осы инвес­тициялық саясатын басқарумен қа­тар, өз қызметіне қадағалау жасау да өзіне жүктелген. Мұндай өз-өзіне есеп беріп, ішкі кемшілігін жылы жауып қоя салатын жүйеден қандай нәтиже күтуге болады? Тіпті Мем­ле­кет басшысының өзі халыққа Жол­дауында БЖЗҚ-ның тиімді ин­вестициялық стратегиясын жа­сап шығаруды тапсырған болатын.
«Зейнетақы қорының активте­рі, бірінші кезекте, қазақстандық­тардың өз кірістерінің 10%-ы мөл­шеріндегі аударымдарынан тұрады. 2023 жылдан бастап оларға жұмыс берушілерден әрбір жұмыскері үшін 1,5% мөлшеріндегі қосымша жар­налар қосылады деп отырмыз. Ен­деше, зейнетақы – қайырымдылық емес, адамның лайықты қарттық шаққа деген еңбекпен тапқан құ­қығы. Бірақ бүгінгідей инвестиция­лық стратегиямен халқымыз зей­нетақысына тиін-тебен алатыны ғажап емес. Мәселен, 2022 жылдың 7 айында БЖЗҚ активтерінің кіріс­тілігі жылдық 9,6%-ды, ал жылдық инфляция 16,1%-ды құрады. Бұл зей­нетақы жинақтарының таза кірістілігі теріс екендігінің белгісі. Осы ретте, БЖЗҚ-ның тиімді ин­вестициялық стратегиясы жоқ деп нық сеніммен айтуға болады. БЖЗҚ активтерінің 44%-ы Қаржы ми­нистр­лігінің облигацияларына са­лынған және БЖЗҚ-ның негізгі кірістілігі қайтадан бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Шын мәнінде, олар «масыл болып, бюджетке сал­мақ салып отыр», себебі басқа құралдар бойынша да іс жүзінде кірістілік жоқ», – деді Аманжан Жамалов.
Депутаттың айтуынша, бір өкі­ніштісі, бұл қор мемлекеттік болға­нымен, жабық құрылым боп қалып отыр. Өйткені, осынау халық ақ­ша­сын «қаржыгерлердің шағын тобы ғана» басқарады, әрі олардың оны өз қалтасымен шатастырып алатын кездері аз емес. Мәселен, бүгінгі таң­да БЖЗҚ-ның әкімшілік шы­ғын­дары 13 млрд теңгені құраған. Салыстырып айтар болсақ, еліміздің әлеуметтік саясатына жауап беретін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әкімшілік шығыны 10 млрд теңгеге де жетпейді екен. Қор басшылығы тек еңбекақы төлеу үшін 7,9 млрд жұмсаған. Ал шектен тыс ұлғайтылып жіберілген құрылымында 1 495 адам қызмет етеді. Мұның барлығы кімнің есе­бінен десек, халықтың ақшасының есебінен екені сөзсіз. Тіпті, тапқан табысының шетінен жалғыз акцио­нері – Үкіметке де татырмаған. Ал оларға мұндай еркіндік беріліп отырғанының бір себебі: осынау қаржы ұйымының миллиардтаған кірістері мен шығыстары бюджет­тік процедуралардын тыс қарас­ты­ры­латынында және Есеп комитеті тарапынан қадағалауына жатпайды.
«Ендеше, осы мәселелерді тұ­жырымдай отырып, Есеп коми­тетіне БЖЗҚ-ның соңғы жылдар­дағы шығыстарының негізділігін тексеруді ұсынамын. Үкімет жал­ғыз акционер ретінде қордан 211 млрд теңге болатын бөлінбеген пайданы дивиденд ретінде бюд­жетке алып, оларды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттауы керек. Сонымен қатар қор Үкі­меттің тікелей қара­мағына, мә­селен, Еңбек және ха­лықты әлеу­меттік қорғау министр­лігінің бас­қаруына берілуі тиіс», – деп ұсы­нады депутаттар.
Естеріңізде болса, былтыр реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес жиынында Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы, қазіргі Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев активтерді басқару стратегиясын одан әрі жетілдіру туралы айтқан болатын. Сол кезде ол жаңа стра­те­гиялық аллокацияға (бағалы қа­ғаздарға сұранысты қанағаттанды­ру) көшуді аяқтап, инвестициялық процестерге ESG-факторларын (басқару сипаттарының экология­лық, әлеуметтік және әкімшілік жиын­тығы) енгізуді қолға алаты­нын, акциялар портфелін хеджир­леп (тәуекелдерден сақтандыру), активтерді басқару процестерін тереңірек цифрландыратынын жет­кізді. Мәселен, зейнетақы қорының валюталық бөлігін одан әрі әрта­раптандыру салымшыларға арнал­ған ликвидтілік пен кірістіліктің талап етілген деңгейін қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болмақ. Енді басшысы ауысқаннан кейін, оның орнына келген қазіргі басшылықтың бұл ұсыныстарды қаншалықты сабақтастыруға мүдделі екені бел­гісіз. Өйткені, депутаттар сауалына Үкімет те, Ұлттық банк те әлі жауап берген жоқ. [caption id="attachment_219800" align="aligncenter" width="1396"]қамсыз қарттық © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ұсыныс көп, ниет жоқ Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорын реформалау мәселесін Aiqyn газеті үнемі назарда ұстап, мезгіл-мезгіл көтеріп келеді. Сонда байқағанымыз, қор жұмысына қар­жылық сарапшылардан бастап, қатардағы салымшыларға дейін наразы. Бірі Ұлттық банкті сынға алса, енді бірі жалпы жинақтау жүйесін мемлекеттің араласуынан оқшаулауды ұсынады.
«Қордағы ақшаның жартысы – мемлекеттің ішкі қарызы. Сондық­тан да оны мемлекет алып кетеді. Ал бұған дейін үлкен көлемін банктер алды. Бұдан соңғы үлкен бөлігін ква­зимемлекеттік сектор, монопо­листер алды. Оған қоса, әкімдіктер де осы тенденцияға үйір бола бас­тады. Одан қалды БЖЗҚ менедж­менті ондағы ақшаны әлемнің кез келген еліне, тіпті сонау Латын Аме­рикасы, Африкаға дейін түсі­нік­сіз жобаларға инвестициялап жатыр. Олардың бұл әрекеттерінен елге де, салымшыларға да ешқандай пайда жоқ. Сондықтан Ұлттық банк­тен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін бас­қару функциясын алып алу керек», – дейді белгілі қоғам белсендісі Айдар Әлібаев.
Ал белгілі экономист-қаржыгер Расул Рысмамбетов егер алар болса, онда Ұлттық қорды да қосып алу қажет деп санайды. Өйткені Ұлттық банктің өзінің тікелей атқаратын функциялары бар. Қос қордың жұмысы оған қосымша кедергі кел­тіріп отыр. Бір жағы Ұлттық банк те жеңілдеп, онсызда құлдырап бара жатқан экономикаға дұрыстап кө­ңіл бөлуге әкімшілік-функционал­дық ресурстары босар еді. Бұл – бас қаржы ұйымын реформалаудың да бір жолы. Бұған дейін Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі бөлініп шыққан болатын. Ендігі кезек – қос қорды босату. Сосын бұл қаржы нысандарын өз алдына ұлттық инвестициялық компа­ния­лар ретінде дербес ұйым етіп қайта құру қажет. Қызметтері нақты шең­берде реттелуі тиіс. Бұл – көптен айтылып жүрген мәселе.
«Зейнетақы қорларының ең бас­ты функциясы, ол – өздеріне сеніп тапсырылған қаржыны сақтау және көбейту. Ал біздің жағдайда оның «мемлекеттік бюджетті қол­дау» деп аталатын тағы бір функ­циясы пайда болған. Сондықтан да егер қазір бақылап қарар болсақ, зейнетақы қорының ақшасының жартысы тұрақты түрде мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алуға жұмсалып жатыр. Бұл біздегі салық саясатының соншалықты тиімді емес екенімен байланысты. Сол себептен де бюджетке жиі-жиі ақша жетпей жатады», – дейді ол.
Расул Ибрагимұлы Ұлттық банк­тің ұсынып отырған кешенді шаралары жаман емес екенін айтады. Өйткені байырғы модель үшін жаңадан бірдеңе ойлап табу мүмкін емес. Шама келгенше пайы­зы аз болса да, сенімді жобаларға ақша салу керек. Есесіне, ақша ұзақ сақталатын болады. Көп ретте, зей­нетақы қорлары тәуекелдерді әрта­раптандыру үшін ел аумағынан тыс инвестициялап жатады. Бірақ бізде ондай жағдай аз. Өйткені қара­жат­тың жартысы мемлекеттік бағалы қағаздарды (МБҚ) сатып алуға кетіп отыр. Кейбір зейнетақы қорлары­ның тіпті криптовалютаға ақша са­лып отырғанын ескерсек, оның қасында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына ақша салуы – одан да тәуекелі жоғары инвести­ция. Әйтсе де, қордың 5 пайызын тәуе­келі жоғары, бірақ тез табыс әке­ле­тін жобаларға да салып тұрған дұрыс.