Астана қаласы әкімі Алтай Көлгінов «Азаттық рухы» сайтына берген сұхбатында елордадағы ақылы тұрақтардың не үшін пайда болғанын түсіндірді.
«Иә, ақылы автотұрақтар да жұмыс істей бастады, біз тәжірибе жинақтадық, тұрғындардың пікірін де ескердік. 1700-ге жуық осындай тұрақтардың орнын талқыладық, қажет тұстарды ақылы қылдық. Біріншіден, Министрліктер үйінің аумағын алайық, адамдар көліктерін кешке дейін қаңтарып қояды. Өзгелерге көлік қоятын жер болмады. Олар қыста және жылдың басқа уақытында коммуналдық қызметтерге кедергі келтірді. Тазалау жұмыстары да қиын болды. Үлкен қолайсыздықтар тудырды. Одан кейін ақылы тұрақ жасалып еді, тәртіп орнады. Яғни, осылай жұмыс істеуге болатынын түсіндік», – деді елорда басшысы.Алтай Көлгінов ақылы тұрақтар пайда болғалы бері жергілікті бюджетке 2 млрд теңгеге жуық қаржы түскенін де жасырмады. Ал бұл қаржы қаланың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Сұхбат барысында әкім қалалықтармен 40 мыңға тарта кездесу өткізгенін атап өтті. Осындай жиындар кезінде көтерілген мәселелер әркез назарға алынады.