Астана әкімі апатты жағдайдағы үйлер туралы айтты
Астана әкімі апатты жағдайдағы үйлер туралы айтты
324
оқылды
Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Азаттық рухына» берген сұхбатында Астана қаласындағы апатты тұрғын үйлерді бұзу күн тәртібінен түспейтінін айтты. Оның мәліметінше, барлық қалалардағы сияқты Қазақстан астанасында да өткен ғасырда салынған апатты жағдайдағы тұрғын үйлер бар, оларда тұрғындар тұрып жатыр.
«Әрине, олар өздерінің ертеңіне алаңдайды. Бізде біраз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Елорда даму» бағдарламасы бар. Бұл жоба басталғаннан бері 4200-ден астам отбасы жаңа үйге қоныстанды. 19 700 шамасындағы адам. Биыл апатты жағдайдағы үйлерден 333 отбасын жаңа баспанаға көшіріп жатырмыз», – деді қалабасы.
Мысалы, Янушкевич көшесінде екі апатты жатақханадан екі жүзден астам шаңырақ көшірілген. Сол сияқты, Сарыарқа ауданындағы Дүкенұлы, 21 мекенжайында орналасқан жатақхана да өте нашар, апатты халде, онда тұру өте қиын. Байқоңыр ауданындағы Көмір, 12 А мекенжайындағы үй де осындай.
«Күні кеше ғана Сарыарқа ауданындағы осы іспетті үйлерді аралап шықтым, Агрогородокта тұрғындармен кездесіп, сөйлестім, барлығы өз кезегін күтіп отыр. Бізде ресми түрде апатты немесе апатты деп танылған екі жүзден астам үй бар», – деп атап өтті Алтай Көлгінов.