Биылғы толассыз жауған қардың кесірінен еліміздің көп жері қарға басылып қалды. Қыс бойына үлкен жолдар жабылудан, қала ішін тазалаудан көз ашпады. Күн жылыған сайын аймақты су басу қаупі төніп тұрғандай. Соның арасында Сырдария өзенінің деңгейі қауіпті мөлшерге дейін көтерілді деген ақпарат кеңінен таралды. Алайда мамандар «Бұл ақпарат негізсіз» деп отыр.
– Республикалық ақпарат агенттігінің бірі 9 қаңтарда «Қызылорда» су торабынан өтіп жатқан су мөлшері 704 текше метр құрайтынын хабарлап, нәтижесінде облыс орталығына қауіп төнуі мүмкін екенін алға тартты. Дегенмен ол деректің ешқандай негізі жоқ. 14 қаңтардан бастап «Көксарай» су реттегіші секундына 200 текше метр су қабылдап жатыр. Ол бұған дейін 100-150 текше метр суды қабылдаған. «Шардара» су қоймасынан облыс шекарасына дейін секундына 480 текше метр су келеді. Ал «Қызылорда» су тоспасынан төменгі ағысқа секундына 340 текше метр су өтеді. Айта кетерлігі, қазір Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының кейбір бөлігінде өзенде мұз қатып тұр. Жалағаш, Қармақшыда сеңнің жүруі 35-40 пайызға жетті. Алайда Дария деңгейі тұрақты түрде бақылауда тұр. Тиісті мекеме мамандары күн сайын кезекшілік ұйымдастырып отыр. Оған қоса, облыста су басу қаупі бар 56 учаске белгіленген. Мұнда 126 мекеме бойынша 1359 адам кезекшілік жасап, 411 техника дайындалған, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.
«Апат айтып келмейді» десек те, төтенше жағдайдың алдын алу маңызды. Сондықтан елімізде халықтың қауіпсіздігі басты орынға қойылған. Дер кезінде іс-әрекет жасап, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бір кісідей кіріссек қауіпті еңсереміз. Басқарма басшысы Асылбек Шәменовтың айтуынша, соңғы 4 жылда ұзындығы 139,3 шақырымдағы қорғаныс бөгеттерінің 104 қауіпті учаскесіне жөндеу жұмысы жүргізілді. Облыс бюджетінен бөлінген қаржы есебінен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аумақтарында қауіпті деген қорғаныс бөгетінің 26 учаскесі қалыпқа келтірілсе, 21-і аяқталып қалды.
– Су тасқыны кезеңінде көктемгі сең жүру аяқталғанға дейін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, өзен арнасына мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Облыс аумағында төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 2 тікұшағы дайын. Мұз жару жұмыстарына және қап сатып алуға қажетті қаржы мәселесі шешілді. Су тасқыны кезінде халықты эвакуациялау үшін 79 эвакуациялық жинақтау және 99 эвакуациялық қабылдау пункті әзір тұр. Су тасқынына қарсы іс-шара аяқталғанға дейін азаматтық қорғаудың барлық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшіріледі. Сонымен бірге жыл сайын қараша айында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізіледі. Биыл да «Қыс-2019» оқу-жаттығуы жоспарланып отыр, – деді ол.
Жобаларға тоқтасақ, «Су басу қаупін болдырмау мақсатында Қызылорда қаласының шегіндегі Сырдария өзенінің арнасын тазалау» жобасына 5 млрд теңге қажет. 11 шараны қамтитын «2017-2020 жылдардағы Қызылорда облысындағы су тасқынының алдын алу және жою бойынша кешенді шаралар» жобасына 4,5 млрд теңге керек болса, оның үшеуі – САРАТС-2 жобасының компоненттері. Ал соңғы жоба – «Қызылорда облысының басқару органдары мен халқын құлақтандырудың кешенді жүйесін құру». Жобада 124 елді мекенге бір тетікпен басқаратын 167 дауысты қондырғы орнату және цифрлы телеарналарға қосылу жабдығын орналастыру қарастырылған.
Миуа БАЙНАЗАР,Қызылорда облысы