Көшпенділер ойыны басталды
Көшпенділер ойыны басталды
506
оқылды
Түркияның Изник қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Дүбірлі дода 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Айтулы шараға 23 спорт түрінен медальдар сарапқа салынады. Оған әлемнің 100-ге жуық елінен спортшылар қатысқалы отыр. Жалпы жарыста 23 спорт түрі қамтылған. Еліміздің атынан аталған бәсекеде қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спорт түрлері бойынша 53 спортшы жарыс жолына шығады. Көкпардан ҚР ұлттық құрама сапында әлем чемпиондары Ұлан Байтөреев, Абылайхан Нышанбеков, «ғасыр ойыншысы» атанған Құрманбек Тұрғанбек сынды ойыншылар ел намысын қорғайды. Қазақ күресінен алты салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Олардың 3-уі ерлер салмағы, қалғаны әйелдер арасында болады. Балуандар ішінде «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов та бар. Ал Жамбы ату спорты бойынша ұлттық құрама мүшелері – тұңғыш Әлем чемпионы Ералхан Айкөз, Әлем чемпионы Абзал Тулыбеков, Азия чемпионы Бақдәулет Бабажан жарыс жолына шығады. Дәстүрлі садақ атудан Диас Ахметов, Ербол Тәпенов, Анжела Тарыца бар. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алғашқы үшеуі Қырғыз Республикасының Шолпон-Ата қаласында ұйымдастырылды. Аталған жарысқа 2014 жылы – 19, 2016 жылы – 60, 2018 жылы – 66 мемлекеттен спортшылар келген. 2014-2018 жылдар аралығында қазақстандық спортшылар барлығы 138 (40 алтын, 46 күміс, 52 қола) медаль алып, жалпы есепте екінші орында тұр. Көш басында Қырғыз Республикасы – 237 (81-77-79) медаль. Үшінші орын Ресейге (88 (29-17-42) тиесілі.