Жақында Ресейдің Ижевск қаласында орналасқан мектепке белгісіз ер адам шабуыл жасады. Салдарынан 17 адам қаза тапты. Оның 11-і – оқушы. Мектептегі қаралы оқиға былтыр Татарстан астанасы Қазан қаласында да болған. Сол кезде қазақстандық оқу орындарында күзетті қатаңдату туралы айтылып, жедел шаралар қолданыла бастады. Білім ордаларына бейнекамералар орнатылып, арнайы күзет қызметі іске қосылған еді. Нәтиже қандай? Білім ошақтары балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп жүр ме?
Мектепте төбелес те, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік те жиі болады. Осыдан кейін әр ата-ана баласының қауіпсіздігіне алаңдайды. Ресми мәліметтер бойынша, елімізде 7 228 мектеп болса, оның жартысы ғана дабыл жүйесімен жабдықталған. 400-ден астам мектеп қана мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген. Ал кезінде Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев Қазанда болған жағдайдан сабақ алуымыз керек екенін айтқан. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мектеп күзетіне қойылатын талап жоғары. Күзет қызметі төтенше жағдайға әрдайым дайын болып, шұғыл шешім қабылдай білуі тиіс. Бұл дегеніміз – бейнебақылау камерасының орнатылып, оның талап пен стандартқа сәйкес жұмыс істеуі.
– Осы орайда, біз халықаралық тәжірибе мен өзге елдерде болып жатқан төтенше жағдайларға талдау жүргіздік. Кейбір мектептердегі бейнебақылау камерасы тиісті талап пен стандартқа сәйкес келмейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің министрлік құзырлы органдармен бірлесіп, мектеп қауіпсіздігін тәулік бойы қадағалайтын арнайы күзет қызметімен қамтуға көштік. Аталған шаралар бюджеттен қосымша 2 миллиард теңге қаржыны талап етеді, – деген еді Дулат Жекебаев.
Содан бері мектептегі күзет пен бақылаудың күшейтілгеніне екі жылға жуық уақыт болды. Алайда салада кемшіліктер жоқ емес. Айталық, оқу жылының басында мектептер бейнебақылау жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Десе де, жедел басқару орталығына тек 300 және одан көп оқушыға есептелген 2 605 мектеп қосылған. Төмен көрсеткіштер Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында байқалады. 24 ірі қалада 1 351 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді, олардың 83 пайызы күзет агенттіктерімен шарт жасасқан. Ал Қостанай, Павлодар, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарындағы бұл көрсеткіштер төмен. Ішкі істер министрлігі жүргізген тексеру нәтижесінде 630 мектептің ғана терроризмге қарсы қорғалу талаптарына сәйкес келетіні анықталған.
«Баяғы жартас – бір жартас»
«Күзет қызметі туралы» заңның 5-бабына сәйкес, тиісті лицензиясы бар заңды тұлғалар ғана нысандарды күзете алады. Білім беру мекемелерін күзету үшін мұндай компаниялар конкурстық негізде таңдап алынады. Конкурстарда ең төмен баға ұсынған компания жеңіске жетеді. Төмен баға ұсынған компания ақшаны күзетшінің айлығынан үнемдейді. Осылайша, олардың айлығы 70-100 мың теңгенің аралығында. Мардымсыз қаржыны місе тұтпайтын жастар күзетші болудан қашады. Сондықтан оқу орындарында көбінесе орта жастан асқандар күзетші болып жұмыс істейді. Зейнет жасына жете алмай немесе зейнетақысына үстеме болсын деп жүргендер үшін күзетшілік – күнкөріс көзі. Айлығына қарап «қадірсіз» мамандық десек те, азғантай ақшаны талғажу етіп отырғандар қаншама?! Жақында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептерді күзету үшін арнайы оқу-жаттығу өткізуді ұсынды. Оның пайымынша, мектептердегі мамандандырылған күзет қызметкерлерінің жұмысы көңіл көншітпейді. Ең алдымен министр қызметкерлердің жиі ауысатынын, тіпті күн сайын ауысатынын атап өтті, бұл мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер етеді. Оған қоса, күзетшілер балалардың мінез-құлқы мен мектеп тәртібін білуі керек.
– Біз мектептерде мамандандырылған күзет агенттіктері болуы керек деген шешім қабылдағанда негізінен тиісті қарсылық көрсете алмайтын немесе қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмайтын вахтерлардың орнына осы талаптарға сай келетін мамандар келгенін қаладық. Бірақ қазір кейбір фактілер мамандандырылған күзет агенттіктері арқылы келген қызметкерлердің бізбен бұрын жұмыс істеген әріптестерінен еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті, – дейді министр.
Ірі қалалардағы мектептер арнайы күзет мекемелерімен келісімшарт жасаса, шалғай ауылдарда мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан ауыл мектептерін вахтер ғана күзетеді.
– Балалардың қауіпсіздігіне мұғалім ғана емес, арнайы күзетші де жауап береді. Бірақ ауыл мектептеріндегі күзет сапасы ақсап тұр. Алда-жалда мектепте Ресейдегідей қанды оқиға орын алса, оған төтеп беретін қауқарлы күзетші жоқ. Күзет қызметіне арнайы сертификаты бар, жас мамандарды тарту керек. Өкінішке қарай, күзетшілердің басым бөлігі – қариялар. Себебі жастар 100 мың теңгеге күзетші болғысы келмейді, – дейді мектеп директоры Әділ Сайлаубек.
Мектеп инспекторлары жоқ
Бұрын әр білім ошағында мектеп инспекторлары болатын. Олар мектептегі тәртіпсіздік пен келеңсіздікті реттеп, оқушылардың қауіпсіздігіне жауап беретін еді. Бірақ арнайы күзет қызметі келгелі, мектеп инспекторларының жұмысы тоқтаған. Білім ошақтарында оқыс оқиға бола қалса, күзет қызметі дабыл белгісі арқылы құқық қорғау органдарына хабар беруі керек.
– Мектептерге қарулы күзет орнату мәселесі Үкімет деңгейінде шешілуі керек. Ол үшін Оқу-ағарту министрлігі қолдау хат жазуы тиіс. Егер Ішкі істер министрлігі бұйрық аясында біздің мекемеге тапсырма бергенде, мектептерді күзетуге әзірміз. Сондай-ақ өңірде жекеменшік күзет қызметтері де жұмыс істейді. Барлығы арнайы жабдықталған деп айта алмаймын. Себебі ол үшін лицензия алу қажет. Мектепті күзететін мамандарды бала санына қарай қою керек шығар. Сонымен қатар білім ошағының орналасқан жері, кіру есіктерінің саны да ескерілуі керек, – дейді Павлодар облыстық Мамандандырылған күзет қызметі басқарма басшысының орынбасары Нұрғазы Биболов.
Оның айтуынша, білікті мамандар өңірдегі аса маңызды мемлекеттік мекемелерді күзетеді. Білім ошақтарында қарулы күзетті былай қойғанда, оқыс оқиғалар болған кезде полиция департаментіне автоматты түрде хабар беретін дабыл белгісі де жоқ. Полиция департаментінің мәліметінше, мектепте төтенше жағдай болса, полиция қызметкерлерін «102» нөміріне қоңырау шалу арқылы ғана шақыра алады. Өзге жолмен көмек шақыруға мүмкіндік бола ма? Мәселе ата-аналарды да алаңдатып отыр.
– Жаман айтпай, жақсы жоқ. Егер Ижевск қаласындағы оқиғадай болса, онда әр секунд санаулы. Қауіпті жағдайда сабырлық сақтау қиын. Үрей үстінде оқушылардың да, ұстаздардың да жедел түрде телефон алып, «102»-ге қоңырау шала қоюы неғайбыл, – дейді ата-ана Серік Боранбаев.
Сондай-ақ ата-аналар мектеп инспекторларының жұмысы тоқтап қалғанына қапалы. «Қазір балаларымыз мектепте мүлдем қорғансыз күйде қалған сияқты», – дейді олар. Ал білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, мектептегі қауіпсіздік белгілі бір оқиғалар болса ғана күшейеді.
– Дәл қазір білім ошақтарындағы қауіпсіздік деңгейі жоғары емес. Қазан қаласында қанды оқиға тіркелгеннен кейін біздің де мектептер 4-5 ай қауіпсіздікті күшейтті. Алайда бұл науқан тез басылды. Балалардың қауіпсіздігі басты орында болуы тиіс. Сондықтан құзырлы мекемелер мектептегі қауіпсіздік жүйесін қайта қарағаны жөн, – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Осылайша, аты бар, заты жоқ арнайы күзетке кеткен қаржының желге ұшқаны байқалды. Ал министрлік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, жыл соңына дейін кемшіліктерді жоя ала ма? Оны уақыт көрсетер...