Статистикалық зерттеулер бойынша, әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар. Әр мамандық – өзінше бір әлем. Біз газетіміздің бүгінгі санында көпшілік қыр-сырын біле бермейтін, осы жұмыс түрлеріне қызығушылықпен қарайды-ау деген таңдаулы 5 жұмыс түрін ұсындық.
Алғашқы кейіпкеріміз – кран жүргізушісі Құралай Ермашева. Оның Ақтөбе Ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жүргеніне биыл 32 жыл. Осы уақыт аралығында кейіпкеріміз біраз шәкірт тәрбиелеген. Үздік маман ретінде де бірнеше рет марапатталған.
– Жұмыста нәзік жандылар аз. Металл балқытушылардың көбі ер адамдар. Менің жұмысым – балқытылған металдарды құю. Жұмыс режимі – 12 сағат. Яғни, таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін. Екі күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Бастысы, жұмысым өзіме ұнайды. Айлық жалақымыз 200 мыңға жуықтайды. Бұл жерде қауіпсіздік мәселесі қатаң сақталады. Жұмыста 3 500-4 000-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Алғашқы кезде Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өнімдерді қаптаушы болып жұмысқа орналастым. Зауытта еңбек ете жүріп, кран жүргізушісі болу үшін арнайы оқуды да оқып алдым.
Кранның биіктігі 12-13 метр. Оның 10-20 тонналық металды ілетін күрекшесі бар. Бір бригадада екі кран жүргізушіcі еңбек етеді. Біз ыстық және суық металл құямыз. Жұмыстың қиын тұстары да, қызық тұстары да жетерлік. Техника болған соң кейде кранның тежегіші ұстамай қалады. Соның салдарынан алып келе жатқан заттарымыз төмен түсіп кетеді. Ондай кездерде жағдайды барынша реттеуге тырысамыз. Жұмыста техникалық қауіпсіздікке қатты мән береді. Осы уақытқа дейін 3 ауысыммен (8 сағат) жұмыс істедік. Былтырғы жылдан бастап 2 ауысымға (12 сағат) ауыстық. Қазір 2 күн жұмыс істейміз, – дейді Құралай Қырықбайқызы.
Он саусағынан өнер тамған тағы бір кейіпкеріміздің қолынан шыққан бұйымдарына көпшілік қызығушылықпен қарайды. Біз де таңданысымызды жасыра алмадық. Иә, зергелік қабілет әркімге қона бермейтін көркем өнердің бірі десек, бұл жолда тек талантын еңбекпен ұштастыра білгендер ғана қалатыны сөзсіз. Ал біз сөз еткелі отырған Абзал Молдабек – зергерліктің қыр-сырын меңгерген тамаша қолөнер шебері.
– Зергер болу үшін ең бірінші қабілет, екіншісі қаржы керек. Өйткені өзін-өзі ақтауы қиын сала. Жұмысыма ақша салып келе жатқаныма 3 жыл болды, әлі де көп қаржыны қажет етеді.
Тапсырыс әлеуметтік желі, тұрақты клиенттер арқылы келіп тұрады. Материалды банктен аламыз немесе клиенттер өз материалдарынан жасатады. Құны жасалатын уақытына, шығынына, тастарының бағасына байланысты белгіленеді, – дейді Абзал Молдабек.
Өндірістік альпинистердің жұмысы оңай емес. Айлық табысың үшін басыңды қатерге тігесің. Әрі 30-40 киллограмға дейін жүкті арқалап, арқанда ілініп тұрып жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Дегенмен «табысын әуеден іздегендер көп», – дейді біздің келесі кейіпкер. Жүректі жігіт Төлеби Өрісбаевтан өндірістік альпинизмнің жай-жапсарын сұрадық.
– Адамның ынтасы болса, биіктіктен қорықпаса бұл жұмысқа тез үйреніп кетеді. Ал биіктен қорқатын адамдардың төбеге шыққан кезде аяқ-қолы жұмыс істемей тырысып қалады. Маған жерде жұмыс істегеннен гөрі осы жұмыс оңай. Жоғарыға өрмелеп шығуға үйреніп қалғанмын. Бір ғимаратты жуып шығуға шамамен 10-15 күндей уақыт кетеді. Ғимараттың үлкендігіне байланысты адам саны да көбейеді. Негізінен бір ғимаратқа 4-5 адам жеткілікті.
Жұмыстың қиындығымен қатар қызықты тұстары да көп. Алғаш осы жұмысқа қабылданғанымда шашым ұзын болатын. Бір күні ғимаратты жуып жүргенде шашым тордың (решотка) арасына қысылып қалды. Сөйтіп, жарты шашымнан айрылғаным бар. Тағы бір қызық оқиғамды айтып берейін. Біз ертемен жұмысқа кірісеміз. Яғни, зәулім ғимараттарды жуып жатқан кезде жұрт ұйқысынан енді оянып жатады. Бастапқыда жартылай жалаңаш жатқан адамдарды көріп шошитынмын. Терезесіне жақындағанда «жібіңді үземін» деп әзілдейтіндері де болды.
Кәсіби мүсінші әрі кондитер Марат Көшекбаевтың туындыларын әлеуметтік желіден көзіміз шалды. Телефон арқылы хабарласып, аз-кем әңгімеге тарттық.
– Кішкентайымнан мүсін жасауға қатты қызықтым. Кейін сол мамандық бойынша оқуға түстім. Қазіргі уақытта бизнеспен айналысып, жеке кәсібімді ашуға әрекет етудемін. Тапсырыс күнде түсе бермейді. Барлық өнімдерді мастикадан жасаймын. Бұл торттың бетін әрлейтін қосынды. Тапсырысты туындының қиындығына байланысты әртүрлі уақытта бітіремін. Кейбір тапсырысты 1 күнде аяқтаймын. Қиындарын 2-3 күннің ішінде бітіруге болады. Күнделікті жұмыс уақытым жоқ. Жеке кәсібім болғаннан кейін қалаған уақытта тапсырыс түскен кезден бастап жасаймын. Келешекте шәкірт тәрбиелеуді де ойлап жүрмін, – дейді ол.
Қазақстанның дайын ас жеткізу нарығын алдағы уақытта үлкен өзгеріс күтіп тұр. Өйткені отандық нарыққа Яндекс.Еда, Glovo, Wolt сынды компаниялар келді. Елорда көшесінен кезіктірген Glovo компаниясының қызметкері, курьер Ғалымжан Әділмен сұхбаттастық.
– Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында Glovo компаниясының филиалы бар. Бас кеңсеміз Испанияда. Алматыда жақсы дамыған. Қалған екі қалада сәл кешірек ашылды. Курьерлік қызметке желтоқсан айынан бастап қабылдандым. Қызметімнің жақсы жағы бір жерде отырмайсың. Шаруаң шығып қалса, еркін жүре бересің. Кез келген жерде отырып тапсырыс қабылдай аласың. Жұмыс режимін өзің белгілейсің. Максималды – 10, ал минималды – 1 сағат жұмыс істейміз. Бұрын сағатына 800 теңгеден төленетін. Жақында ғана 600 теңге болды. Алматы қаласында да сағатына 600 теңге төленеді. Бағдарламаны ашсақ жұмыс істейміз. Ал бағдарлама жабық кезде демаламыз. Екі апта сайын есеп жабылады. Бірақ бізге ақшаны күнделікті беріп отырады. Күніне 10 сағат жүрсең, аз дегенде 6 мың теңге аласың. Мен бірақ күніне 10 мың теңгедей ақша табамын, – дейді Ғалымжан Ержанұлы.
Таңсық кәсіп иелері жөніндегі мақаламызды Жүсіпбек Аймауытовтың мына бір тамаша сөзімен аяқтауды жөн көрдік. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе».Абылайхан ЖҰМАШ