Бізге – таңсық, оларға ше?
Бізге – таңсық, оларға ше?
325
оқылды
Статистикалық зерттеулер бойынша, әлем­де 40 мыңға жуық мамандық бар. Әр маман­дық – өзінше бір әлем. Біз газетіміздің бүгінгі санында көпшілік қыр-сырын біле бермейтін, осы жұмыс түрлеріне қызығушылық­пен қарай­ды-ау деген таңдаулы 5 жұмыс түрін ұсындық.  width= Алғашқы кейіпкеріміз – кран жүр­гізушісі Құралай Ермашева. Оның Ақтөбе Ферроқорытпа зауы­тында еңбек етіп жүргеніне биыл 32 жыл. Осы уақыт аралы­ғын­да кейіпкеріміз біраз шәкірт тәр­бие­леген. Үздік ма­ман ретінде де бір­неше рет мара­пат­талған. – Жұмыста нәзік жан­ды­лар аз. Металл балқытушы­лар­­дың кө­бі ер адамдар. Менің жұмысым – бал­­­­­қы­тылған металдарды құю. Жұ­мыс режимі – 12 са­ғат. Яғ­ни, таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін. Екі күн жұ­мыс іс­теп, екі күн демаламыз. Бас­тысы, жұмысым өзіме ұнай­ды. Ай­лық жалақымыз 200 мыңға жуық­тайды. Бұл жер­де қауіпсіздік мә­селесі қатаң сақталады. Жұмыста 3 500-4 000-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Алғашқы кез­де Ақ­төбе ферроқорытпа зауытында өнім­дерді қап­тау­шы болып жұмысқа ор­наластым. Зауытта еңбек ете жүріп, кран жүргізушісі болу үшін арнайы оқуды да оқып алдым.  width= Кран­ның биіктігі 12-13 метр. Оның 10-20 тонналық ме­талды іле­тін күрекшесі бар. Бір бригадада екі кран жүргізушіcі еңбек етеді. Біз ыстық және суық металл құя­­мыз. Жұмыстың қиын тұстары да, қызық тұстары да жетерлік. Тех­ника болған соң кейде кранның те­же­гіші ұстамай қалады. Соның салдарынан алып келе жатқан заттарымыз төмен түсіп кетеді. Ондай кез­дерде жағдайды барынша реттеуге тырысамыз. Жұмыста техникалық қауіпсіздікке қатты мән береді. Осы уақытқа дейін 3 ауысыммен (8 сағат) жұмыс істе­дік. Былтырғы жылдан бастап 2 ауысымға (12 сағат) ауыс­тық. Қазір 2 күн жұмыс істейміз, – дейді Құралай Қырық­байқызы.  width= Он саусағынан өнер тамған тағы бір кейіп­ке­рі­­міздің қолынан шыққан бұйымдарына көп­­­ші­лік қы­зығушылықпен қарайды. Біз де таңда­ны­­сы­мызды жасыра алмадық. Иә, зергелік қабі­лет әркімге қона бермейтін көр­кем­ өнердің бірі десек, бұл жолда тек талантын еңбекпен ұштастыра білгендер ғана қалатыны сөзсіз. Ал біз сөз еткелі отырған Абзал Молдабек – зергерліктің қыр-сы­рын меңгерген тамаша қолө­нер шебері. – Зергер болу үшін ең бірінші қабі­лет, екіншісі қаржы керек. Өйткені өзін-өзі ақтауы қиын сала. Жұмысыма ақша салып келе жат­қаныма 3 жыл болды, әлі де көп қаржыны қажет етеді.  width= Тапсырыс әлеуметтік желі, тұ­рақты клиенттер арқылы келіп тұрады. Материалды банктен аламыз немесе клиент­тер өз материалдарынан жасатады. Құны жаса­ла­тын уақытына, шығынына, тастарының бағасына байланысты белгіленеді, – дейді Абзал Молдабек. Өндірістік альпинистердің жұмысы оңай емес. Айлық табысың үшін басыңды қатерге тігесің. Әрі 30-40 киллограмға дейін жүкті арқалап, арқанда ілініп тұрып жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Дегенмен «табысын әуеден іздегендер көп», – дей­ді біздің келесі кейіпкер. Жүректі жігіт Төлеби Өріс­баевтан өндірістік альпинизмнің жай-жапсарын сұра­дық. – Адамның ынтасы болса, биіктіктен қорықпаса бұл жұмысқа тез үйреніп кетеді. Ал биіктен қорқатын адам­дардың төбеге шыққан кезде аяқ-қолы жұмыс істе­мей тырысып қалады. Маған жерде жұмыс істе­ген­нен гөрі осы жұмыс оңай. Жоғарыға өрмелеп шығуға үйреніп қалғанмын. Бір ғимаратты жуып шығуға шамамен 10-15 күндей уақыт кетеді. Ғимараттың үлкендігіне бай­ла­нысты адам саны да көбейеді. Негізінен бір ғимаратқа 4-5 адам жеткілікті. Жұмыстың қиындығымен қатар қызықты тұстары да көп. Алғаш осы жұмысқа қабылданғанымда шашым ұзын болатын. Бір күні ғимаратты жуып жүргенде шашым тордың (решотка) арасына қысылып қалды. Сөйтіп, жарты шашымнан айрылғаным бар. Тағы бір қызық оқиғамды айтып берейін. Біз ертемен жұмысқа кірісеміз. Яғни, зәулім ғимараттарды жуып жатқан кезде жұрт ұйқысынан енді оянып жатады. Бастапқыда жартылай жалаңаш жатқан адамдарды көріп шошитынмын. Терезесіне жақындағанда «жібіңді үземін» деп әзілдейтіндері де болды.  width= Кәсіби мүсінші әрі кондитер Марат Көшекбаевтың туындыларын әлеуметтік желіден көзіміз шалды. Телефон арқылы хабарласып, аз-кем әңгімеге тарттық.  width= – Кішкентайымнан мүсін жасауға қат­ты қызықтым. Кейін сол мамандық бо­йын­ша оқуға түстім. Қазіргі уақытта биз­неспен айналысып, жеке кәсібімді ашуға әрекет етудемін. Тапсырыс күнде түсе бермейді. Барлық өнімдерді мастикадан жасаймын. Бұл торттың бетін әрлейтін қосынды. Тапсырысты туындының қиындығына байланысты әртүрлі уа­қытта бітіремін. Кейбір тапсырысты 1 күнде аяқ­тай­­мын. Қиындарын 2-3 күннің ішінде бітіруге бола­ды. Күнделікті жұмыс уақытым жоқ. Жеке кәсі­бім болғаннан кейін қалаған уақытта тапсырыс түскен кезден бастап жасаймын. Келешекте шәкірт тәрбиелеуді де ойлап жүрмін, – дейді ол. Қазақстанның дайын ас жеткізу нарығын алда­ғы уақытта үлкен өзгеріс күтіп тұр. Өйткені отан­дық нарыққа Яндекс.Еда, Glovo, Wolt сынды ком­па­ния­лар кел­ді. Елорда көшесінен кезіктірген Glovo ком­па­ния­сының қызметкері, курьер Ғалымжан Әділмен сұхбаттастық. – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында Glovo компаниясының филиалы бар. Бас кеңсеміз Испанияда. Алматыда жақсы дамыған. Қалған екі қалада сәл кешірек ашылды. Курьерлік қызметке желтоқсан айынан бастап қабылдандым. Қызметімнің жақсы жағы бір жерде отырмайсың. Шаруаң шығып қалса, еркін жүре бересің. Кез келген жерде отырып тапсырыс қабылдай аласың. Жұмыс режимін өзің белгілейсің. Максималды – 10, ал минималды – 1 сағат жұмыс істейміз. Бұрын сағатына 800 теңгеден төленетін. Жақында ғана 600 теңге болды. Алматы қаласында да сағатына 600 теңге төленеді. Бағдарламаны ашсақ жұмыс істейміз. Ал бағдарлама жабық кезде демаламыз. Екі апта сайын есеп жабылады. Бірақ бізге ақшаны күнделікті беріп отырады. Күніне 10 сағат жүрсең, аз дегенде 6 мың теңге аласың. Мен бірақ күніне 10 мың теңгедей ақша табамын, – дейді Ғалымжан Ержанұлы. Таңсық кәсіп иелері жөніндегі мақаламызды Жүсіпбек Аймауытовтың мына бір тамаша сөзімен аяқтауды жөн көрдік. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе».   Абылайхан ЖҰМАШ