Қазан айынан бастап «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында кеншілер мен металлургтерге жұмыс орнында тегін емдік ыстық тағам мен сүт берілмейді. Бұл туралы Astana TV арнасына хабарласқан «Арселор Миттал Теміртаудың» асханасына жауапты мердігер серіктестік өкілдері айтты. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік бас есепшісінің айтуынша, «Арселор Миттал Теміртау» жұмысшылардың ыстық тағамы мен сүтін толық қаржыландырмай отыр. Азық-түлік пен сүт қымбаттаса да, ақшаны шала-шарпы төлейді. Соған қарамастан, 54 асхана мен «Шахтер» және «Жартас» демалыс орындарында тегін емдік тағам үздіксіз беріліп келді. «Арселор Миттал Теміртау» келісімшартқа сәйкес қаржыны дұрыс аудармаған соң сотқа беріпті. Алайда, Теміртау қалалық экономикалық соты дауды серіктестіктің пайдасына шешкенімен, серіктестік тиісті соманы әлі алмай отырған көрінеді.
ЖШС-ның бас есепшісі Елена Майорова: «Біздің компанияға «Арселор Миттал Теміртау» 20 млрд теңгедей қаржы қарыз. Біз екі жақты дау шешілмесе тегін емдік тағам мен сүт беруді тоқтатамыз. Келісімшарт бойынша біздің оған толық құқымыз бар. Соңғы жылдары азық-түлік қымбаттап кетті, ары қарай асханаларда тегін тамақтандыру мүмкін емес», – дейді.Телеарна тілшісі мәселенің мән-жайын анықтау үшін «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына арнайы хат жолдаған. Алайда кәсіпорынның баспасөз қызметі ақпарат беруден бас тартқан. https://youtu.be/3fmFfTsauGU Биыл 7 қыркүйекте «АрселорМиттал» компаниясы басқармасының атқарушы төрағасы Лакшми Миттал Қазақстан Президентімен кездескен болатын. Кездесуде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Қазақстандағы қызметінің өзекті мәселелері мен алдағы уақытқа арналған жоспары талқыланған еді.