Қарағанды қаласында жазушы Мұхтар Әуезовтің бюсті ашылды
Қарағанды қаласында жазушы Мұхтар Әуезовтің бюсті ашылды
1,020
оқылды
Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай Қарағанды қаласында жазушы бюсті ашылды. Ол Орталық қалалық кітапхананың жанындағы алаңда орнатылған. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Бюстті мүсінші Ербосын Бағыбаев жасаған. Оны дайындауға бір айға жуық уақыт кеткен.
– Мұхтар Әуезов – қазақ зиялыларының жарқын өкілі. Оның бейнесі бізге бала кезден оның шығармалары арқылы таныс. Ол біз үшін Ұлы Абайды ашты, бай мұра қалдырды. Мен бюст жасауға тапсырыс алған кезде қатты қуандым. Өйткені, бұл аңызға айналған тұлға және оның бюстін орындау мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Ербосын Бағыбаев. – Бюсттің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 2,5 м-ге жетеді, бюсттің өзі шамамен 1,2 м. Алдымен мен оны саздан жасадым, содан кейін оны бетонға құйдым.
Мүсіннің сырты қола бояумен және лакпен қапталған. Тұғыр керамогранитпен жапсарланған. – Бір қарағанда, Мұхтар Әуезовтің бейнесін жеткізу соншалықты күрделі міндет емес сияқты. Ал шын мәнінде, мен көптеген фотосуреттерді зерттеп, оны өзім үшін қайта ашуға тура келді. Мен мұны жүзеге асыра алдым деп ойлаймын. Тиісті күтіммен бюст ондаған жылдар тұрады, – дейді мүсінші. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының актері жазушы бюстінің ашылуында «Жас Абай» драмасынан үзінді ұсынды. Ал Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған байқаудың жеңімпазы Ақшарқат Ешқұлова оның өлеңдерінен үзінділер оқыды. Сондай-ақ, ғалымның туған күніне орай Орталық қалалық кітапханада оның есімімен оқу залы ашылды. Әуезов залында қонақтардың назарына жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұсынылды. Сонымен қатар, Қарағандыда Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын мерекелеу аясында «Шоқтығы биік жазушысы» конференциясы өтті. Қала театрларында «Жас Абай», «Біл, ұрпақ, мен саған жол аштым!», «Қарагөз» спектакльдері қойылды. Қала мұражайларында «Әлем таныған Әуезов» әдеби-көркем іс-шарасы және ЖОО мен колледж студенттерінің қатысуымен «Мұхтар Әуезовтің ұлы мұрасы» тақырыбында кездесу-әңгіме ұйымдастырылды. Кітапханаларда библиоквесттер, портрет-кештер және әдеби-музыкалық кештер өтті, балалар-жасөспірімдер клубтары мен мәдениет үйлерінде кітап көрмелері, классиктің өмірі мен шығармашылығын білуге арналған викториналар, «Мұхтар Әуезов» деректі фильмінің көрсетілімі өткізілді.