Енді 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып атап өтіледі. Бұл күні қазақстандықтар демалады. Жалпы, әлем елдері үшін Республика күні айрықша маңызға ие. Ал Қазақстан тарихында Республика күні бұрын да болған. Бұл жолғы мереке несімен ерекшеленеді? Өзге мемлекеттер айтулы күнді қалай тойлап жүр? 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Қазақ КСР-нің егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтата алдық және өзіміздің заңдарымызды жасай бастадық. Осы қағидалар негізінде кейінірек 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы енгізілді. Республика күнін ел 17 рет тойлады. Тек 2009 жылдың сәуір айында «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Бұл мерекені алып тастауға соншалықты бір маңызды себеп болған емес. Бертінге дейін шенеуніктер Республика күнінің маңызы одан кейін келетін Тәуелсіздік күнінен мысқал кем емесін ауыздан тастамайтын. Тек кейбір сарапшы бұл декларация Қазақстанның емес, Қазақ КСР-нің егемендігін жариялады деп есептеген болатын. Не керек, араға 13 жыл салып ел тарихындағы айшықты күн, Республика күні халықпен қайта қауышты.
– Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан 25 қазан жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.Республика күнін әлем елдері өзінше сән-салтанатпен атап өтеді. Айталық, АҚШ халқы Республика күнін жыл сайын 4 шілде де тойлайды. Себебі 1776 жылы дәл осы күні АҚШ тәуелсіздік декларациясын қабылдаған. Республика күні АҚШ-тың азат әрі тәуелсіз ел ретіндегі туған күні болып саналады. Америкалықтардың көпшілігі бұл күнді күніне қарап «Шілденің төрті» деп атайды. Бұл мейрамда отшашулар атылады, парадтар, барбекю пісіру, карнавалдар, жәрмеңкелер, пикниктар, концерттер, бейсбол ойындары, отбасылық кездесулер өткізіледі. Сондай-ақ үкімет халыққа жолдау жолдап, әртүрлі іс-шара ұйымдастырады. Республика күні — АҚШ-тың ұлттық мейрамы. Сондықтан бұл мерекені америкалық отбасылар асыға күтеді. Ал Қытай Халық Республикасында бұл күн ең басты мереке болып саналады. Қытайлар Республика күнін 1 қазанда тойлайды. 1949 жылы дәл осы күні халықаралық аренада қытайлардың атынан сөйлейтін бір ғана заңды өкіл болуы керек деген шешім қабылданып, сол шешімнің негізінде Қытай Халық Республикасы жарияланған болатын. Республика күніне арнап ел астанасы Бейжіңнің орталық алаңы – Тяньаньменьде әскери шеру ұйымдастыратын дағды қалыптасқан болатын. Кейіннен 1959 жылы қабылданған шешім бойынша, шерулер тек мерейтойлық даталарда ғана ұйымдастырылып, одан кейін мәдени революциялар басталысымен, мұндай шерулер мүлдем тоқтатылған еді. Жалпы, мереке жеті күн бойы тойланады. Бұл аптаны қытайлар «Алтын апта» деп атап кеткен. «Алтын апта» аталуының себебі қытайлар басқа қандай мереке болса да тойлауын тойлайды, бірақ ешкім жұмыстан, не оқудан босатылмайды. Қалаларда кешкісін фейерверк атылады. Ал жалпы халыққа келсек, әркім өз қалауынша тойлайды. Өйткені бұл ұлттық емес, мемлекеттік мереке болғандықтан, өзіне тән тойлау дәстүрі жоқ. Бауырлас Түркия мемлекеті де Республика күнін қазан айында атап өтеді. Себебі 1923 жылы 29 қазан күні елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ел конституциясына өзгерістер енгізіп, Түркия Республикасы деп жариялаған. Анадолы жерінің бас мерекесі жыл сайын сән-салтанатпен тойланады. Ал елдің бас қаласы Анкарадағы мейрам Ататүрік кесенесінен басталады. Бұл жердегі шараның алғашқы легі мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен саяси партия өкілдерінің қатысуымен өтеді. Мұнда атаулы мерекелерді Ататүрік жатқан жерде атап өту бұрыннан дәстүрге айналған. Бұл күні әдеттегідей елде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, шаһар орталықтарына қосымша сақшылар жұмылдырылады. Қараша халық Түркияның алғашқы парламентінен – Ататүрік кесенесіне дейін алқызыл байрақтарымен шерулетеді. Республика күні елдің әрбір үйінде, мектептер мен емхана, дүкендерге мемлекеттік ту ілінеді. Осылайша, түрік халқы бұл күнді қастерлеп, үлкен той-думанмен атап өтеді. Ал Италияда Республика күні жыл сайын 2 маусымда тойланады. Бұл маңызды дата Италия мемлекетінде жаңа басқару жүйесінің дүниеге келгенін білдіреді. 1946 жылы 2 маусымда бүкіл халық, оның ішінде әйелдер қатысқан референдум өтті. Нәтижесінде, Италияда соғыс уақытында өзін фашистік режиммен тығыз ынтымақтастықта ұстаған монархия жойылып, республика жарияланды. Король Умберто II тақтан босатылып, билеуші Савой үйінің мүшелері жер аударылуға жіберілді. Ел жаңа басқару формасын қабылдады және кейіннен Италияның жаңа конституциясын дайындаған Ассамблея мүшелерін сайлады. Республика күні елдің ірі қалаларында әскери парадтар өтеді. Римдегі алғашқы республикалық шеру сонау 1948 жылы өткен болатын. Шеру Колизейден Капитолийдің етегіне дейін Императорлық форумдар даңғылы бойында өтті. Италияның НАТО-ға кіруімен елдің басқа ірі қалаларында әскери парадтар өткізіліп, 1950 жылдан бастап әскери парад мерекенің ресми іс-шараларының тізіміне енгізілді. Қарулы күштердің барлық бөлімшесінің әскери қызметшілері қазіргі заманғы парадтарға қатысады. Оның ішінде әуекүштері, әскери-теңіз күштері, құрлық әскерлері, оның ішінде элиталық барсельерлер тобы, карабинерлер (полицияның арнайы бөлімі), Қаржы гвардиясының қызметкерлері, орман полициясы, құтқарушылар және тіпті Қызыл крест медбикелері де бар. Шеруді президенттік полктың біріккен атты әскері аяқтайды. Рим орталығының аспанында аты аңызға айналған Eurofighter жауынгерлері Италияның мемлекеттік туының түстерін ауаға шашып, айналып жүреді. Посткеңестік мемлекеттердің біразы ресми декларациялары қабылданған күнді Республика күні ретінде атап өтеді. Оның ішінде Әзербайжан мемлекеті де бар. Әзербайжан Демократиялық Республикасы шығыстағы алғашқы зайырлы демократиялық мемлекет ретінде 1918 жылы 28 мамырда құрылған. 1990 жылдан бастап Республика күні ұлттық мейрам ретінде тойланады. Бұл күні ел астанасында әскери парад өтеді. Осы күннің құрметіне Бакудегі жер асты стансасына «28 мамыр» деген атау берілген. Онда Әзербайжан Демократиялық Республикасының құрылғанына арналған ескерткіш тақта орнатылған. 2008 жылы Республика күнінің 90 жылдығына байланысты мерейтойлық пошта маркасы шығарылды. Жалпы, ел халқы ұлттық мерекені асыға күтеді. Себебі мерекеде Әзербайжанның түкпір-түкпірінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, кешкілік отшашулар атылады. Байқағанымыздай, әлем елдерінде мереке күн жылы уақытта өтеді. Сол себепті де халықтың түрлі шеруге қатысып, көңіл көтеруіне барлық жағдай жасалған. Біз осы уақытқа дейін 16 желтоқсанды мұндай сән-салтанатпен атап өтпейтінбіз. Енді 25 қазан, Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мерекеге айналғанда тарихымызды ұлықтап, науқаншылдыққа салынбай ерекше атмосферада өткізуіміз керек.