Республика күнін бекіту ұсынылды
Республика күнін бекіту ұсынылды
346
оқылды
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында бірқатар конституциялық заң жобасы мақұлданды. Палатаға 2022 жылғы 5 маусымда референдумда қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды іске асыру мәселелері бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда талқылау ұсынылды. Олар – Конституциялық Сот туралы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы, Конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша конституциялық заң жобалары, сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және «Прокуратура туралы» конституциялық заң жобасы. Жалпы отырыста депутаттар бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Ол қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және ұлттық кинокомиссияны құру, шетелдік инвестор­ларды тарту, халықаралық кинонарықтарда, кино­бизнес-алаңдарда және басқа да іс-шараларда Қазақстанның киноиндустриясын көрсету арқылы кинематографияны дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Заң жобасы сондай-ақ елімізде және шетелде әлеуметтік маңызы бар мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді реттейді. Депутаттар кинематография саласындағы кадр­лардың біліктілігін арттыру, кинематографиялық қыз­мет субъектілерінің халықаралық кино­фести­вальдерге қатысуына мемлекеттік қолдау көрсету, елде және шетелде қазақстандық кино күндерін ұйымдастыруға бағытталған тағы да басқа бірқатар түзету енгізді. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 маусымдағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау үшін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға 25 қазанды Ұлттық мереке – Респуб­лика күні ретінде айқындауды, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеуді, бұдан басқа, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер сияқты, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау арқылы айқын­дауды ұсынды. Сондай-ақ жиында Мәжіліс комитеттері кәсіби біліктілік туралы жаңа заң жобаларын, сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санат­тарын кеңейту мәселелері бойынша қылмыстық-процестік кодексті және Салық кодексіне қатысты заң жобаларын жұмысқа алды. Сонымен бірге Мәжіліс комитеті бірқатар ратификациялық заң жо­ба­ларын да қарады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келі­сім, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа Ресей Феде­рация­сының азаматтары болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссиясының және Еуразиялық экономикалық одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қам­сыздандыру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хат­тама бар. Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мем­лекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.