Қордай ауданында полицейлерге қол көтерген ағайынды үшеу қамауға алынды
Қордай ауданында полицейлерге қол көтерген ағайынды үшеу қамауға алынды
343
оқылды
Қордай ауданының полиция қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықты тергеу жұмыстары аяқталды, - деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі. Прокуратура мәліметінше, 14 ақпанда қылмыстық іс айыптау актісімен Қордай аудандық сотына жолданды. "2020 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Сортөбе ауылында жол полициясы қызметкерлері патрульдеу кезінде Л.Воингуйдің басқаруындағы "Хонда Одиссей" автокөлігі тоқтатылған. Көлікке арналған құжаттары болмағандықтан, Л.Воингуйға полиция бөліміне бару ұсынылған. Алайда ол офицерлердің талаптарын орындамай, үйіне қарай бет алған және кейіннен ағалары А. Воингуй және М. Воингуймен бірлесіп полиция қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық жасаған. Осы оқиғаның видеосы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таратылған болатын", - делінген хабарламада. Аталған факті бойынша Бас прокуратураның арнайы прокуроры қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігі ("билік өкіліне қатысты күш қолдану") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Ведомство мәліметінше, үш айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, тергеу сотымен қамауға алынды. Бұған дейін полиция жергілікті тұрғындар полицейлерге шабуыл жасағаны туралы хабарлаған болатын. Сол кезде құқық қорғау органдары шабуылға қатысқан екі адамды тұтқындады.