Қарағанды облысында мал ұрлығы басылар емес. Алда қыс. Осы шақта барымташылар жырғап қалады. Өйткені күздік, соғым уақытында ет жеушілер саны артады. Базар жағалаған халық қызылсырайтыны шындық.
Мал ұрлығының алдын алу үшін Қарағанды облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар және облыстық тасжолдарға 18 жылжымалы блокбекет қойылды. Оның құрамына криминалдық, учаскелік және патрульдік полиция қызметкерлері тартылды.
– Қазір дәстүр бойынша күздік және соғым уақыты жақындап келеді. Бұл кезде барымташылардың да халықтың малына тыныштық бермейтіні анық. Солардың кесірінен төрт түлігін баптап отырған шаруақожалық иелері жапа шегеді. Өткен аптада ғана осы тасжолда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ешқандай құжатсыз 6 жылқы әкеле жатқан автокөлікті тоқтатты. Тексере келгенде жылқылардың жайылымнан ұрланғаны анықталды. Қазір күдікті ұсталып, тергеліп жатыр, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Ол «Қарқаралы-Қарағанды» тасжолындағы блокбекетке түскен қызметкерлерге нұсқама өткізіп, полиция қызметкерлерінің алдына ет өнімдерін тасымалдап келе жатқан автокөліктерді тексеру барысында өнімдер құжатының болуын, малдың ұрланған не болмаса өз малы екенін анықтау бойынша міндеттер жүктеді.
Өңірде жыл басынан бастап мал ұрлығына байланысты 47 дерек тіркелген. Кешенді іс-шаралардың барысында полиция қызметкерлері 22 қылмысты ашты. Сондай-ақ тұрақты түрде мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды. Олардың 14 қылмысқа қатыстылығы анықталып, қазір іс сотқа жіберілді.
Міне, осыған байланысты Қарағанды облысының Полиция департаменті тұрғындардан полиция қызметкерлері өткізіп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұрады.
Жақында Нұра аудандық полиция бөлімі ауданға қарасты ауылдардың бірінде мал ұрлығының екі дерегін тіркеді. Бірінші жағдайда мал шаруашылығымен айналысатын серіктестіктің екі жылқысы ауылдан 40 шақырым жердегі жайылымнан жоғалды. Келтірілген шығын 700 мың теңгені құраған. Ал екінші жағдайда 31 жастағы ауыл тұрғыны өзінің ұсақ малының жоғалғанын айтқан. Келтірілген шығынды жәбірленуші 50 мыңға бағалады. Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді іс-шаралар барысында мал ұрлығымен айналысқан 2 адам ұсталды. Олардың бір-бірінен бөлек қылмыс жасағаны анықталды. Мәселен, 2 бас жылқы ұрлаған 33 жастағы күдікті жәбірленушінің жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бақташы болып жұмыс істегені анықталды. Ал ұсақ малды ұрлаған 63 жастағы тұрғын жәбірленушінің ауылдасы екені белгілі болды. Екі факті бойынша да айғақ заттар тәркіленіп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Иә, біреудің затын, малын ұрлау – ауыр қылмыс. Мал ұрлығының алдын алу бағытында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «2021-2023 жылдардағы ұрлыққа қарсы іс-қимыл» арнайы бағдарламаны да бекіткен. Оның ішінде мал ұрлығының алдын алу және ашылуын жандандыру үшін учаскелік полиция инспекторларының жұмысы қайта қаралып, бұрын мал ұрлығы қылмысын жасағандар қатаң бақылауға алынды. Яғни, мал ұрлығы қылмыс санаты бойынша ауыр түріне ауыстырылды. Бұл дегеніміз, осы мал ұрлығына арналған баптың бірінші бөлігінде мал ұрлығының жазасы қылмыс жасаған адамның мүлкі тәркілене отырып, үш мың АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер мал ұрлығы топпен және ірі көлемде жасалса, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейін барады. Мал ұрлығын бірнеше рет немесе қоражайға кіру арқылы жасаса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер мал ұрлығы қылмыстық топ арқылы немесе аса iрi мөлшерде жасалса, мүлкi тәркiленіп, 12 жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қарағанды облысы