Биыл түркология ғылымы үшін олжалы болды. Өйткені даңқты қолбасшы, баһадүр Күлтегінге арналған ескерткіштің орнатылғанына 1290 жыл толған кезде оның әкесі Елтеріс Құтлық қағанға арналған бітіктас табылды. Онда түркі тілінде жазылған «түрк», «Құтлық», «түмен», «тәңір» деген сөздер бар еді. Ғалымдар Құтлық қаған кешенін Моңғолия жерінен тамыз айында тапқан болатын. Ал осы аптаның басында Түркияның Бурса қаласында ғұрыптық кешеннің арнайы таныстырылымы өтті.
«Орхоннан Орхан Ғазиге дейін»
Бурсадағы ғылыми басқосуға Aiqyn газетінің атынан біз де қатыстық. Халықаралық Түркі академиясы арнайы шақыру жолдапты. Бабалар мұрасын, түркі ынтымағы мен ұлт руханиятын назардан тыс қалдырмайтын басылым ретінде бағалағаны деп ұқтық. Сөйтіп аяқ астынан Анадолыдан бір-ақ шықтық...
Биыл Бурса қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы деп танылған еді. Сол себепті Халықаралық Түркі академиясы Моңғолияның Номгон алқабынан табылған Құтлық қағанға арналған ғұрыптық кешен мен бітіктасты ресми түрде Бурсада таныстырған жөн деп тапса керек. Дегенмен түркі дүниесі ғана емес, жаһандағы күллі түркологты елеңдеткен жаңалық жайлы алғашқы баспасөз конференциясы Қазақстан астанасында өткен-ді. Сол кезде Халықаралық Түркі академиясын басқарып тұрған, қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Құтлық қағанға арналған жазудың табылғаны үлкен олжа екенін әрі бітіктасты қағанның өз ұрпағы, яғни түркі баласы тапқанын айтқан-ды. Дегенмен жәдігердің шынайы құндылығы мәтін толық оқылып, түрлі зерттеулер жасалған соң ғана арта түсеріне күмәніміз болмаған. Ал Бурсада бітіктастағы жазумен танысуға түрлі ғалымдар келуі тиіс еді. Солай болды да.
Негізі Халықаралық Түркі академиясы – түркі ынтымақтастығының мәдени-рухани бағытында кешенді қызмет атқарып келе жатқан ұйым. Түрлі тарихи мәдени жәдігерлерді таныстыруда өзіндік дәстүр де қалыптастырған. Мәселен, 2015 жылы Алтайда «Алтын бесік – Алтай», 2016 жылы Моңғолияда «Тәңір тауларынан Өтүкенге дейін», 2017 жылы Қазақстанда «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңаруы» деген атаулармен археологиялық-мәдени экспедиция өткізген еді. Осы жолы Бурсада ұйымдастырған шараны «Орхоннан Орхан Ғазиге дейін» деп атапты. Мұндағы Орхон белгілі, Көк түрк қағандығының ордасы тігілген өңірдегі өзеннің атауы. Түркінің әйгілі жазба ескерткіштері де осы өзеннің атымен аталады. Ал Орхан Ғази – Осман империясының негізін қалаған Османның баласы. Бұрынғы Пруза, қазіргі Бурса қаласын 9 жылға созылған қоршаудан соң басып алған деседі. Яғни Бурсаны Осман империясының астанасы еткен тұлға. Шағын бектіктің қуатты империяға айналуы осы Орхан Ғази дәуірінен басталады. Сол себепті Халықаралық Түркі академиясы мәдени шараның атауын Орхан Ғазидің есімімен байланыстыруды құп көргенге ұқсайды.
Ғылыми-мәдени шара аясында алдымен Изник, Билежик, Сөгүт қалаларының тарихи орындары мен көрікті жерлерін тамашалауға арналған экскурсия ұйымдастырылды. Шараны ұйымдастырушылар ежелден адамзат өркениетінің бесігі саналатын Анадолы жеріндегі көне жәдігерлерді түркі әлемінің түпкір-түпкірінен жиналған қонақтарға таныстырды. Әрине, Түркияның кез келген аймағы тарихи мұраға толып тұрғаны рас. Өйткені бұл өңір – ежелгі Аккад, Ликия, Хетт, Шумер, Ассирия тәрізді мемлекеттердің ізі қалған аймақ. Тарихының бай болатыны да содан. Дегенмен Бурса, Изник, Билежик, Сөгүт өңірлерінде түркі жұртының да ізі қалған. Айталық, біз сөз еткен Орхан Ғази Изникте қырғыздарға арналған кесене тұрғызыпты. ХІІІ ғасырда. Ал Изник төңірегіне қырғыз жауынгерлері ХІ ғасырда келген деседі. Бұл дегеніңіз – 1000 жылдар. Ұлы Селжүк империясы кезінде Орталық Азиядан Анадолы жеріне аттанған көптеген жасақтың ішінде осы қырғыздар да болуы әбден мүмкін. Бәлкім сонау Енисей бойын мекен қылған қырғыз болмаса да, Дешті Қыпшақтан аттанған топ болуы ықтимал. Кімдер болса да, өңір жұрты оларды қырғыз жауынгерлері деп таныпты. Сол себепті Орхан Ғази құрмет көрсетсе керек.
Ал Сөгүтте Осман Ғазидің әкесі Ертұғрылдың зираты жатыр. Қазақ әпсаналарында да Ертұғрыл жайлы хиқаялар кездеседі. Әсіресе Мәшһүр Жүсіп жазбаларында оның алып мемлекет құрғаны айтылатыны бар. Сол Ертұғрыл Ғазидің күмбезінде сағат сайын құрмет қарауылы ауысып тұратынына куә болдық. Төңірегіне түркі баласы мекен ететін аймақтардан әкелінген топырақ қойылыпты. Тәуелсіз түркі елдерінің туы да тұр. Әлбетте, Қазақстан туы да бар. Сол жерде Осман Ғазиді аманат жерлеген орын да бар екен. Қайтыс болғанда әкесінің жанына жерлепті де, кейін Бурса қаласы түріктердің иелігіне өткен соң, сонда апарыпты. Тура Бөгенбай батыр мәйітінің Арқада аманатқа қойылып, кейін Түркістанға апарылғаны сияқты оқиға.
Айтпақшы, Изникте де Аясофия мешіті бар. Бірақ Ыстамбулдағыдан әлдеқайда кіші әрі біршама уақыт кейін салынған нысан. Әдеттегідей басында христиан шіркеуі болған ғимарат. Бірақ дәл сол ғимаратта христиандардың VII Изник кеңесі өткен. Ертеде Никеа деп аталғандықтан батыс әдебиетінде «Никеа кеңесі» деп аталады. Әрі христиан әлемінің ең аңызды тарихи оқиғалары да осы Изникте өтіпті. 325 жылы алғаш рет Рим императоры І Ұлы Константин осы қалада күллі христиан дінбасыларының басын қосқан. «Бірінші кеңес» деп аталатын басқосудан христиандар Исаны құдай деп таныды. Жексенбіні демалыс күні етті. Өзге де шешімдер қабылданды. Қысқасы, ХІІІ ғасырда түріктердің иелігіне өткен қаланың тарихы терең. Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған серуенге қатысқан қонақтар қалалардың осынау тарихымен танысуға да мүмкіндік алды. «Орхоннан Орхан Ғазиге дейін» деп аталатын шараның тағы бір олжалы тұсы осы еді.
Түркі тілінде жазылған ең көне мәтін
Бурсада бас қосқандар экскурциядан соң Елтеріс Құтлық қағанға арналған ғұрыптық кешен мен бітік тастың, Шивээт Улаан кешенінің фотолары қойылған көрмені тамашалады. Бұл екі кешен де Құтлық қаған дәуіріне қатысы бар жәдігерлер болып саналады. Екеуіне де археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия ғалымдары. Дәлірек айтқанда, академия атынан қатысқан қазақ ғалымдары. Шивээт Улаан кешені – көне түркілердің діни танымынан хабар беретін, сегіз қырлы кешен. Тарихшы Нұрболат Бөгенбаев оны Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Домбауыл кешендеріне ұқсас дүние болуы мүмкін екенін айтқан-ды. Әрі Елтеріс Құтлық қаған өмірден өткен кезде, VII ғасырдың соңында тұрғызылған дейтін болжам бар. Бірақ ол кешеннен жазу табылған емес. Ал Номгон кешенінен біз сөз етіп отырған көне түркі жазуы табылды. Үш әліпбиде жазылған бітіктас. Түрколог Нәпіл Базылхан бұл жазудың Құтлық қағанға арналғанына бек сенімді. Өйткені көне түркі тілінде ғана емес, таста соғды жазуымен де Құтлық деген сөз жазылыпты. Сонымен бірге брахми жазуы да бар. Бірақ оны әзірге оқи қойған ешкім жоқ. Бәрін оқып, заманауи түркі тілдеріне аударып, ғылыми айналымға енгізу үшін уақыт керек. Оның үстіне бітіктастың негізгі бөлігін табу қажет. Әлі жұмыс көп.
Айтпақшы, түркіге қатысты мұраны сол қағандардың өз ұрпағы тапқаны да жаңалықтың құнын арттырып отыр. Өйткені 1893 жылы Вильгелм Томсен Орхон өзені бойындағы руна жазуларының түркінікі екенін анықтаған. Кейін көптеген зерттеуші түрлі жазулар тапты. Енисейден, Таластан дейсіз бе, кете береді. Бірақ әлемді елең еткізетіндей жаңалық ашқан түркі баласы болған жоқ. Биылғы тамызға дейін. «Түркология ғылымында Н.Ядринцев, В.Томсен, В.Радлов қатарлы зерттеушілер болды. Құтлық қағанға арналған бітіктас сол ғалымдар ашқан жаңалықтардан кейін табылған ең ірі жазба ескерткіш. Бұл әлемдік түркология үшін маңызды жаңалық болып есептеледі», – дейді Нәпіл Базылхан. Сонымен бірге ғалымдар бітіктастағы жазудың түркі тілінде жазылған ең көне мәтін екенін айтады. Өзге тілдерде «түрк» сөзі кездесетін жазулар бірнеше жерден табылған. Көне түркі тілінде бұл атау кездесетін ең ескі бітіктас Білге мен Күлтегінге арналған кешендерде тұр. Ал жаңа бітіктастағы жазу шамамен 682-693 жылдар аралығында жазылуы мүмкін. Себебі екінші Түркі қағандығы ресми тарихнамада 682 жылғы азаттық соғысы нәтижесінде құрылды деп есептеледі. Оған дейін Шығыс Түркі қағандығының халқы 50 жылдан астам Қытайдың бодандығында болған. Елтеріс Құтлық қаған, бодан халыққа азаттық әперген тұлға. Сол себепті де бітіктас қағанның құрметіне арналса керек. Бірақ әзірге бітіктастың жартысы ғана табылды. Бас жағы ғана. Негізгі бөлігі әлі табылған жоқ. Алайда ғалымдар қазба жұмыстарының әлі де жалғасатынын айтады. Бәлкім келер жылы Күлтегін, Білге қағандарға арналған бітіктастардай алып жәдігер табылуы мүмкін. Тіпті Номгон деп аталатын жерден Елтеріс Құтлық қағанның інісі, жауынгер қаған Қапағанға арналған ескерткіш табылса да таң қалуға болмайды. Себебі археологтар аталған аймақта 8 кешен болғанын, оның біреуінде ғана қазба жүргізілгенін айтады. Өзгесіне ешбір археологтың қолы тимеген деседі. Сондықтан Номгон деген жердегі қазба жұмыстары әлі біразға созылуы мүмкін. Өзге кезеңді қайдам, келесі жылы қазба жұмыстары сөзсіз жалғаспақ. Оған Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Меджилидің сөзі дәлел. Ол академия басталған істі аяқсыз қалдырмайтынын айтты.
Қағанға арналған кешен екенін қайдан білдік?
Айтпақшы, Бурсадағы жиынға қатысқан Йедітепе университетінің профессоры Ахмет Ташағыл, Кавказ университеттері одағының жетекшісі Рамазан Коркмаз, Эге университетінің профессоры Ибрахим Шахин, Әзербайжан түркологы Елчин Ибрахим қатарлы ғалымдар түркология ғылымындағы тың жаңалыққа қуантындарын білдірді. Ендігі мәселе мәтіннің толық нұсқасын тауып, тастағы жазуларды түгел оқып шығуда болып тұр. Дегенмен тарихшы Хатиже Шырын: «жазудың Қапаған қағанға арналмағанына қандай кепілдік бар? Неге бірден Елтеріс Құтлық қағанға арналған дедіңіздер?», – деп сұрақ қойды. Ғалымның бұл пікірінің де жаны бар, өйткені Құтлық деген адам аты емес, халықтың қойған атауы. Тіпті елдің құтына айналғаны үшін берілген мәртебе болуы да мүмкін. Алайда түрколог Нәпіл Базылхан бітіктастағы соғды жазуында Құтлық қаған деген сөз жазылғанын айтты. Яғни, Қапаған болса, қаған ретінде соның аты аталар еді. Әрине, ғалымдар әлі де зерттеу жасайтыны сөзсіз. Бірақ қалай болғанда да Номгон кешенінен шыққан ескерткіш қағанға арналғаны анық. Оны Астанада өткен баспасөз-конференциясында моңғолиялық ғалым, археолог Алтангэрэлийн Энхтөр де айтқан. Ол кешеннен табылған альтардың, яғни ортасында ойығы бар алып тастың Моңғолия жерінде үш данасы ғана бар екенін атап өткен-ді. Бұрын табылған екеуі Күлтегін мен Білге қағанға арналған ескерткіштерде бар екен. Үшіншісі – осы. Ал Білге қаған мен Күлтегін баһадүр қағандар әулетінен тарайтынын, Елтеріс Құтлық қаған олардың әкесі, Қапаған қаған ағасы екенін ескерсек, үшінші альтардың қалай болғанда да билеуші әулетке арналған кешенге қойылуы заңды. Оның үстіне, бітіктаста «тәңір», «түмен» және басқа да сөздер жазылған. Әрі маңайында көк түрктің билеуші әулеті саналатын Ашина тайпасының таңбалары да шығыпты. Сонымен қатар қағанның бет бейнесі қашалған мүсін шыққан. Бастың мүсіні. Мұндай мүсін Күлтегінде де бар. Екі бейненің де маңдайында құс бейнеленген. Білген қағанның тәжінде ол құс тұмсығына шағын жеміс қыстырып тұратыны бар. Бәлкім «басыңа бақыт құсы қонсын» дейтін қазақы ұғым сол дәуірден келе жатыр ма кім білсін?! Бурсадан сондай ой түйіп қайттық.
P.S. Түркиядан қайтар жолда тарихшы Нұрболат Бөгенбаевпен әңгімелескеніміз бар. Ғалым тарихта біз атын да естімеген ерлердің, қағандардың мол болғанын айтады. Бірақ олардың орнын қазір бұқаралық мәдениетте корей батырлар, фэнтези кейіпкерлері басып кетті. Ал «Күлтегін» деген мультфильмде біз Қапаған қағанды жексұрын етіп көрсетіп едік...