Аршалылықтардың ащы зары
Аршалылықтардың ащы зары
728
оқылды
Елордадан таяқтастам қашықта жатқан Ақмола облысының Аршалы кентіндегі экологиялық ахуал жайлы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Қиыршық тас зауыттарының түтіні мен шаңына тұншыққан халық жергілікті атқарушы билік өкілдеріне шағынудан әбден жалыққан. 6 мыңға жуық тұрғыны бар кенттің айналасында бүгінде 37 қиыршық тас зауыты жұмыс істейді. Кейбірі тіпті кент тұрғындарының үйлеріне дейін жақындап қалыпты. Салдарынан таза ауамен еркін тыныстау қазір аршалылықтар үшін ең басты арманға айналған. Әсіресе балалар арасында түрлі тыныс жолдары, онкологиялық, аллергиялық аурулар көбейген. Жергілікті билік пен облыстық әкімдік және тиісті органдардан үміттерін үзген жұрт петиция жа­зып оған бір тәулік ішінде Аршалы және Волгодонов селосының мыңнан астам тұрғындары қол қой­ған. Мұнымен қоса аршалы­лық­тар тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жол­дапты. Тұрғындардың Президентке жазған хатынан кейін дереу жиын ұйымдас­тырылып, оған жергілікті аудан әкімдігімен қоса Ақмола об­лысының экология департа­ментінен, кәсіпкерлік және туризм бас­қар­масы мен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкіл­дері қатысқан. Оның қорытындысы бойын­ша бірқатар хаттамалық тапсырма да беріліпті. Құзы­ретті органдарға аудан аума­ғында жаңа қиыршық тас зауыттарын ашу­ға тыйым салуға мораторий жариялау және ауданның кірісіне жергілікті мемлекеттік кірістер басқармасында жер қойнауын пайдаланушыларды міндетті тіркеу туралы ұсыныстар енгізу туралы мәселені қарастыру тапсырылған. Мұнымен қоса экология департа­ментімен бірлесіп, Аршалы кентін­де 30 қазанға дейін эколог-инспек­тор маманын бөлу, ауданның қоршаған ортасының ластануына қосымша өлшеу мақсатында бюджеттен қаражат бөлуге ұсы­ныс­тар енгізу тапсырылған. Деген­мен тұрғындар жоғарыда аталған тапсырмалар тек сөз жүзінде қала ма деп қауіптенеді.
«Облыстық тиісті органдардың өкіл­дерімен жиын өтті. Басшыларын емес, орынбасарларын жібергендік­тен, олар бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қара­майтындай сияқты болып көрінді. Кенттің экологиялық ахуалын тексерген кезде зауыттардың кейбірі жұмыс істемей, ал біреулері толық қуатының үштен бірін ғана қосқан. Сондықтан кенттегі экологиялық жағдайды қалыпты деп тіркеп кетті. Мұн­дағы зауыттар қоғамдық тыңдау­ларды ха­лықты алдап жал­ған хабарлан­дырулар жасап өткіз­еді. Алдағы қазанның 11-і, қара­ша­ның 1-інде тағы зауыттар ашу жайлы тыңдаулар өтпек. Жаңа ны­сан­дардың ашылуына қарсы­лық­тарымызды білдіріп жатырмыз. Біз соңына дейін күре­суге әзірміз. Өйткені дәл қазіргі статистика бойынша онкологиялық дертпен ауру­ханада жатқан 18 адамның 9-ы – Аршалы кентінің тұрғын­дары. Қоршаған ортаға тигізіп жатқан зияны орасан. Әдемі таби­ғатымыз күн сайын құрып бара жатыр», – дейді кент тұрғыны Елена Виноградова.
Нақты шағым болмаса тексере алмаймыз Аршалыда қордаланған мәселе­лер жөнінде облыстық Экология департаменті басшылығының пікірін білмек болдық. Департамент басшысының орынбасары Ержан Ахметов егер тұрғындар нақты нысанның экологияны бұзып жатқаны жайлы шағымданбаса, тексеріс жүргізе алмайтынын алға тартты.
«Аршалы кентінде бүгінде 37 қиыршық тас зауыты бар. Тұрғын­дардың шағымы бойынша «Туран-Билдинг» зауытына тексеріс жүр­гізілген. Мониторинг бары­сында өрескел заңбұзушылықтар анық­талып, зауытқа ҚР әкімшілік құ­қық­бұзу­шылық кодексінің 326 және 332-бап­тарымен жауапкер­шілікке тартылды. Оған сәйкес зауыттың тасты ұсату құрыл­ғы­ларының жұмысы тоқтатылып, сондай-ақ 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ кәсіпкерлік басқармасына эмис­сия­ға рұқсат беруден бас тарту ту­ра­лы хат жолданды. Тұрғындар кенттің эко­логиялық ахуалы ушы­ғып жатыр деген шағымымен біз ешқандай тексеріс жүргізе алмай­мыз. Нақты бір нысан экологиялық ахуалды ушықтырып жатқаны ту­ра­лы шағым түссе ғана біз тек­сере аламыз. Жүргізілген тексеріс қоры­тындысы бо­йынша белгілен­ген нормадан асқан жоқ», – дейді Ержан Базарбекұлы.
Ал облыстың Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды рет­теу басқармасы аталған мәселеде зауыттар тарапынан ешқандай заңбұзушылық байқамағанын, ал зауыттарды тіркеу және олардың жұ­мысына тексеріс жүргізу эко­логия де­партаменті мен кәсіпкерлік басқарма­ларына тиесілі екенін жеткізді.
«Аршалы кентінде қиыршық тас зауыттарына лицензия беру олардың жұ­мысын тексеру кәсіпкерлік басқармасының құзыретіне тиесілі. Ал экологиялық ахуалын экология департаменті қадағалай­ды. Біз бұл мәселеде аталған жайтқа ешқан­дай әрекет жасай алмаймыз», – дейді бас­қарма басшысы Руслан Әубәкіров.
  P.S.

Газет беттелген тұста облыс әкімі­нің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовтың «SK Техноин­дустрия» серіктестігінің қыз­метіне байланысты аршалылықтардың ха­тына жолдаған жауабы да түсті. Онда Ар­шалы ауданында 28 карьер жұмыс істеп тұрғанын, экологиялық ахуалдың ушығуы бойынша құрамында тиісті органдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылып, сондай-ақ аудан әкімінің төраға­лығымен жиын соңында ұсыныстар енгізілгені айтылған. Сондай-ақ Ижевское селосында Қаратас кен орнында қоғамдық тыңдауларда халықтың наразы­лығына байланысты жоғарыда аталған серіктестікке нысандарды ашудан бас тартылғанын мәлімдепті.

Ақмола облысы