«Облыстық тиісті органдардың өкілдерімен жиын өтті. Басшыларын емес, орынбасарларын жібергендіктен, олар бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарамайтындай сияқты болып көрінді. Кенттің экологиялық ахуалын тексерген кезде зауыттардың кейбірі жұмыс істемей, ал біреулері толық қуатының үштен бірін ғана қосқан. Сондықтан кенттегі экологиялық жағдайды қалыпты деп тіркеп кетті. Мұндағы зауыттар қоғамдық тыңдауларды халықты алдап жалған хабарландырулар жасап өткізеді. Алдағы қазанның 11-і, қарашаның 1-інде тағы зауыттар ашу жайлы тыңдаулар өтпек. Жаңа нысандардың ашылуына қарсылықтарымызды білдіріп жатырмыз. Біз соңына дейін күресуге әзірміз. Өйткені дәл қазіргі статистика бойынша онкологиялық дертпен ауруханада жатқан 18 адамның 9-ы – Аршалы кентінің тұрғындары. Қоршаған ортаға тигізіп жатқан зияны орасан. Әдемі табиғатымыз күн сайын құрып бара жатыр», – дейді кент тұрғыны Елена Виноградова.Нақты шағым болмаса тексере алмаймыз Аршалыда қордаланған мәселелер жөнінде облыстық Экология департаменті басшылығының пікірін білмек болдық. Департамент басшысының орынбасары Ержан Ахметов егер тұрғындар нақты нысанның экологияны бұзып жатқаны жайлы шағымданбаса, тексеріс жүргізе алмайтынын алға тартты.
«Аршалы кентінде бүгінде 37 қиыршық тас зауыты бар. Тұрғындардың шағымы бойынша «Туран-Билдинг» зауытына тексеріс жүргізілген. Мониторинг барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталып, зауытқа ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 326 және 332-баптарымен жауапкершілікке тартылды. Оған сәйкес зауыттың тасты ұсату құрылғыларының жұмысы тоқтатылып, сондай-ақ 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ кәсіпкерлік басқармасына эмиссияға рұқсат беруден бас тарту туралы хат жолданды. Тұрғындар кенттің экологиялық ахуалы ушығып жатыр деген шағымымен біз ешқандай тексеріс жүргізе алмаймыз. Нақты бір нысан экологиялық ахуалды ушықтырып жатқаны туралы шағым түссе ғана біз тексере аламыз. Жүргізілген тексеріс қорытындысы бойынша белгіленген нормадан асқан жоқ», – дейді Ержан Базарбекұлы.Ал облыстың Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы аталған мәселеде зауыттар тарапынан ешқандай заңбұзушылық байқамағанын, ал зауыттарды тіркеу және олардың жұмысына тексеріс жүргізу экология департаменті мен кәсіпкерлік басқармаларына тиесілі екенін жеткізді.
«Аршалы кентінде қиыршық тас зауыттарына лицензия беру олардың жұмысын тексеру кәсіпкерлік басқармасының құзыретіне тиесілі. Ал экологиялық ахуалын экология департаменті қадағалайды. Біз бұл мәселеде аталған жайтқа ешқандай әрекет жасай алмаймыз», – дейді басқарма басшысы Руслан Әубәкіров.P.S.
Газет беттелген тұста облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовтың «SK Техноиндустрия» серіктестігінің қызметіне байланысты аршалылықтардың хатына жолдаған жауабы да түсті. Онда Аршалы ауданында 28 карьер жұмыс істеп тұрғанын, экологиялық ахуалдың ушығуы бойынша құрамында тиісті органдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылып, сондай-ақ аудан әкімінің төрағалығымен жиын соңында ұсыныстар енгізілгені айтылған. Сондай-ақ Ижевское селосында Қаратас кен орнында қоғамдық тыңдауларда халықтың наразылығына байланысты жоғарыда аталған серіктестікке нысандарды ашудан бас тартылғанын мәлімдепті.
Ақмола облысы