Бас қалада тұрғын үй алаптарын газдандыру жұмысы жаңа қарқын алды. Айталық, Алматы және Сарыарқа аудандары үйлерді газға қосу мүмкіндігімен толық қамтамасыз етілген. Бұл – «Железнодорожный», «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Промышленный», «Оңтүстік-шығыс», «Күйгенжар», «Мичурин» және «Интернациональный» тұрғын үй алаптары. Сондай-ақ Есіл және Байқоңыр аудандары бойынша газ тарату желілерінің құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. «Ильинка» (Үркер), «Өндіріс», «Пригородный», «Тельман» елді мекендері, бұдан бөлек, Family Village, Garden Villagе, «Шұбар» шағын аудандарында жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Ал келер жылы орамішілік желілер салынады деп жоспарланған.
Алматы және Сарыарқа аудандарының әкімдіктерімен тығыз жұмыс істеп жатқан «Газ в дом» компаниясының өкілі Жәнібек Құсайыновтың айтуынша, жақында компания Есіл ауданының әкімдігімен бірлесіп жаңа ынтымақтастықты қолға алуды көздеп отыр. «Барлық қаржы табиғи газға қосылуға мүмкіндік бермейтінін байқамадық. Кейбіреулер көмірмен жылыту арзанырақ деп ойлайды. Дегенмен салыстыратын болсақ, онда бірдей сома шығады, бірақ тұрғын жайды газбен жылыту, әрине, ыңғайлы. Бұл қаланың экологиясына да оң әсер етеді. Егер орташа есеппен алатын болсақ, 100-150 шаршы метр үйге қазір текше метр үшін 38,9 теңгені құрайтын газ тарифімен есептегенде, шамамен 600 мың теңге шығады. Бірақ бұл – тек газға қосылу үшін төленетін бірреттік төлем. Егер ай сайынғы төлемді есептесек, қазір тұрғындар ең суық кезеңде айына 20-25 мың теңге төлейді. Бұл ретте біз әкімдікпен бірлесіп, көп жеңілдік қарастырдық, нәтижесінде елордадағы Шейх атындағы мешітке, тыл ардагерлерінің үйіне және бірнеше көпбалалы отбасыға тегін газ жүргізілді», – дейді компания өкілі. Сонымен қатар қазір Алматы ауданына кіретін оң және сол жақ тұрғын үй кешендері, соның ішінде «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар» тұрғын алаптарының тұтынушылары толығымен газға қосылды. Өз кезегінде тұрғын үй алаптарын газдандыру және газға энергия көздерін қосу кезеңі атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ газ баллондарын пайдалануға байланысты төтенше жағдайларды азайтады. Алматы ауданы әкімдігі Тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсекеевтің сөзінше, қазір аудандағы газдандыру бойынша жұмыстар шеңберінде 6 290 абоненттен (үйлерден) 3 063 объект газға қосылған. Оның ішінде 69 ШОБ, сондай-ақ 3 КЖО бар. Сонда ауданда барлығы 29 ГРПШ-дан 29 ГРПШ іске қосылып отыр. Ал 3 359 газды қосу үшін техникалық шарт берілді. «Бұдан басқа, аудан әкімінің аппаратымен зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына, көпбалалы аналарға 413 400 теңге сомасында өтініш берушілердің тізімі жолданған. Анықтама: қазіргі уақытта ұсынылған тізімге сәйкес 90 АЕК мөлшерінде 233 адам әлеуметтік көмек алады», – дейді Ерлан Таңатханұлы. Үйіне газ кіргізіп көңілі жайланған аудан тұрғыны Алма Бектембаева көмірге қарағанда әлдеқайда таза энергия көзіне қосылғанына дән риза. Оның үстіне, ақша мен уақытқа да үнем болатын газға қосылу туралы өтініші уақыт создырмай қабылданыпты. «Өтініш бердім. Үш күннен кейін тексеріс жасады. Сөйтіп газға қосылуға рұқсат берілді. Қыстың ортасына дейін жүріп қаламыз ба деп ойлап едік, бірақ газды біз ойлағаннан да тез орнатып берді. Ұзын-сонар кезек те күтпейсің. Өйткені техникалық шарттарды алуға арналған анықтамалар саны азайыпты. Таныстарымның арасында материалдық өтемақы арқылы үйлерін газға қолжетімді етіп жатқандар да бар», – дейді елорда тұрғыны.