Жемқорлық бабымен істі болған атыраулық шенеунік Астана түрмесіне ауыстырылды
Жемқорлық бабымен істі болған атыраулық шенеунік Астана түрмесіне ауыстырылды
551
оқылды
Жемқорлықпен сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары елорда түрмесіне ауыстырылды. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болған экс-шенеунік Нұрлан Таубаев жазасын өтеу үшін Астана қаласындағы түрмеге ауыстырылды. Ал облыстық Құрылыс басқармасына жетекшілік еткен Тимур Басаров шартты түрде мерзімінен босатуға өтініш берген. Бұған дейін Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары 10 жылға сотталғанын жазған едік. Сот Нұрлан Таубаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігімен (мемлекеттік қызметті атқаратын лауазымды адамның қорқытып алу жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуы), Тимур Басаровты Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі, 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігімен (аталған іс-әрекеттерге көмектесу) кінәлі деп таныды. Сот үкімімен Нұрлан Таубаевқа 10 (он) жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Онымен бірге тергеуге алынған Құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровқа жазаны ауырлататын мән-жайлар мен заң талаптарының (жаза 8 жыл 5 айдан аспайды) болмауы ескеріле отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы 4-бөлігі қолданылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кейін жемқорлық бабымен сотталған Атырау облысы әкімі бірінші орынбасарының үкімі өзгеріссіз қалды.
«Апелляциядағы іс сотталушы Нұрлан Таубаевтың адвокаттарының апелляциялық шағымдары және прокурордың апелляциялық өтініші бойынша қаралды. Адвокаттар үкімнің күшін жоюды, сотталушыны ақтауды сұраған. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгерту немесе күшін жою және апелляциялық шағымдар мен прокурордың апелляциялық өтінішхатының дәлелдерін қанағаттандыру үшін негіз жоқ деген қорытындыға келді. Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың Таубаев пен Басаровқа қатысты үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар мен прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалды», - деп хабарлаған еді Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.