Түркияның Изник қаласында 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарын насихаттап, түркі елдері арасындағы бірлік пен ынтымақты арттыруға бағытталған дәстүрлі доданың даңқы жыл сайын әлем елдеріне жайылып келеді. Әлемнің көшпелі халықтарының ұлттық спорт түрлерін сақтап қалу мен халықаралық деңгейге шығаруды мақсат тұтқан ойынға түркі тектес елдердің басшылары қатысып, жарыс жолына сәттілік тіледі. Дүбірлі доданың ресми ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан делегациясын Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов бастап барып, Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік орган, қоғам өкілдері қатысты. Жарыс басталмас бұрын жас спортшыларымыз жігерлендіріп, рухын көтеру мақсатында Қазақстан делегациясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бауырлас елдердің мәдени байланыстарын күшейтіп, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш етуде маңызы зор екенін атап өтті. Қатысушы елдердің арасында мәдени байланыстарды нығайту арқылы әлемнің көшпелі халықтарының мәдениетін сақтау және қайта жаңғыртуды мақсат еткен салтанатты іс-шараның ресми ашылуында 3D-графикасын қолдана отырып, театрландырылған қойылымға мыңнан астам актер, музыкант, әнші, шабандоз бен спортшылар қатысты. Олар шабандоздық тәсілдері мен отты шоу көрсетіп, өнерлерін ортаға салды. Қазақстан құрамасынан бөлек, қазақстандық өнер саласының өкілдері де алаңда аянбай күш салып, салтанатты іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне септесті. Көшпенділер ойындарынан әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы бақ сынады. Ал Қазақстанның атынан 50 спортшы сайыстың бес түрінен еліміздің абыройын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді. Спортшыларымыз көкпар, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көк бөрі ойынына қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Осы ретте көкпар додасы Көшпенділер ойындарының бағдарламасына тұңғыш еніп отырғанын айта кеткен жөн. Бұл спорт түрінен құрама командамыз алтынды иеленді. Финалда отандастарымыз Қырғызстан командасын 4:3 есебімен жеңді. Ақтық сынға дейін жету жолында қазақстандықтар Өзбекстан мен Моңғолия спортшыларын 8:1 және 12:2 есебімен ойсырата жеңген болатын. Жалпы, IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ спортшылары 9 медаль жеңіп алды, оның ішінде 3 алтын, 4 күміс және 2 қола бар. Қазақ күресінен құрамамыздың қоржыны 6 медальмен толықты: Марат Нығматуллаев 60 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, 65 келіге дейінгі санаттағы алтынды Зарина Сарипова жеңіп алды. Еламан Қойшыбаев (80кг) пен Рауза Нұрмұхамметова (55 кг) – күміс, ал «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабылов (+80 кг) пен Мөлдір Азамат (+65 кг) қола жүлдегер атанды. Ал Қасымхан Қанат дәстүрлі садақ атудан финалда өнер көрсетті. Онда 32 елден 95 спортшы бақ сынады. Қасымхан өзінің басты қарсыласы Оғыз Окшадан 2 ұпай айырмашылығымен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Көкбөріге Қазақстан, Қырғызстан, Түркия командалары қатысты. Түркия командасы өз қалауы бойынша үшінші орынға келісім беріп, ақтық сынға қазақ-қырғыз құрамалары өтті. Ақтық сында Қазақстан – Қырғызстан командаларының ойыны 0-5 есебімен аяқталып, спортшыларымыз күміс жүлдеге қол жеткізді. «Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын» өткізуге Қырғыз Республикасы бастамашы болып, алғаш рет дода 2014 жылы 9-14 қыркүйекте Ыстықкөл облысының Шолпан-Ата қаласында өткен болатын. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының келесі ойынын Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанда өткізу жөніндегі ұсынысын айтып, түркі қоғамдастығы оны қолдайтынына сенім білдірді. Бұдан соң Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Касапоғлу еліміздің Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа ойынның символын табыстап, келесі V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 2024 жылы Қазақстанда сәтті өтуі үшін тілегін айтты.
Ғалымжан ЕЛЕУОВ, Мәжіліс депутаты