Ауыл халқы сапалы ауызсу тұтынады
Ауыл халқы сапалы ауызсу тұтынады
1,011
оқылды
Қызылорда облысында ауылдарды сапалы ауызсумен қамту жұмыс­тары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыс бойынша барлық 230 ауылдық елді мекеннің 198-і немесе 86 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткіш халық санымен есептегенде 97,8 пайызды құрайды. Негізінен, 2022-2025 жылдар ара­лығын­да облыстағы орталықтандырыл­маған 32 ауылдың ауызсумен жабдық­талуын жақ­сарту шаралары межеленген. Бұл тұрғыда, 6 топтық су құбырларына қосу, 2 су жүйесін жүргізу және 24 су тұщыт­қыш орнату көз­делуде. Бұл жайын­да Қызылорда облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасы мәлімдеді. Жалпы, 2022 жылы облыстың ауызсу және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыс­тарын жүргізуге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша және облыстық бюджет арқылы 20 жобаға барлығы 5,1 млрд теңге қаржы берілген. Оның ішінде 4,7 млрд теңге республикалық бюджеттен қаралса, қалған қаржы облыстық бюджет есебінен бөлінген. Оған Арал ауданы, Көктем елді мекенінен 1 жоба, Жалағаш ауданының Жалағаш кенті, Аққұм мен Мәдениет елді мекендерінен 3 жоба, Қармақшы ауданына қарасты Кармақшы, Көмек­баев және Алдшбай ахун елді меке­ні­­нен 3 жобаны жүзеге асыру көзделген. Сол сияқты Жаңақорған ауданының Жаңа­­­қорған кенті, Еңбек, Төменарық, Сунақата мен Екпінді елді мекенінен 5 және Қызыл­орда қаласынан 8 жоба жүзеге асырыл­мақшы. Осындай жұмыстардың нәтижесінде биыл 100 шақырымнан аса ауызсу және 4,9 шақырым кәріз желілері, 2 дана кәріз-сорғы стансалары мен 3 дана су кешені жаңғыртылып, 7 дана ұңғыма бұрғылана-ды деп межеленіп отыр. Соның ішінде таза ауызсумен қамту мақсатында Қармақшы ауданының үш ауылында атқарылып жатқан игі бастама көптен бері шешімін күткен мәселе болатын. Биылғы жылы көптен бері кезегін күткен игі жоба қолға алынып, жер­гілікті жұртшылықты қуанышқа бө­леді.
«Ауылымызда ауыз су жүйесіне күр­делі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына ел болып қуанып жатырмыз. «Су – өмір нәрі» деген сөз рас айтылған ғой. Бір сәт үйімізде су ақпай қалса, тіршілік тоқтап қалғандай боламыз. Ал енді осы жұмыстар толық аяқталған соң қысы-жазы үздіксіз су болады деген үміт бар. Бұл шалғай ауыл­ға аудан басшылығы тарапынан жасалып жатқан үлкен қам­қор­лық деп білеміз. Басшылыққа үлкен алғысымызды ай­тамыз. Уақытпен санас­пай жұмыс істеген мердігер ком­панияға да алғы­сымыз шексіз. Осы жұ­мыстарын аяғына дейін жеткізіп, ауыз­судың тұрақты болуы үшін тиісті меке­ме­лердің сапалы жұмыс жасауын ел болып тілеп отырмыз», – дей­ді Т.Көмекбаев ауылдық округінің арда­герлер кеңесінің төрағасы Сақтап­берген Қосбаев.
Негізінен, биыл «Т.Көмекбаев ауы­лын­­­дағы су қабылдайтын құрылғыны қай­та құру» жұмыстарына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Корпорация Әлем Құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталып, су мұнарасы, резер­вуар монтаждалды және 1-ші кө­терме сорғы стансасына жаңғырту жұ­мыстары жүр­гізілу­де. Сол сияқты Алдашбай ахун мен Қар­мақ­шы ауылында да су қабылдайтын құ­­рыл­­ғыны қайта құру жұмыстары ме­жеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Қармақшы ауылында биыл ауызсу резервуары салынатынын зор қуанышпен қабылдадық. Орталықта 25 метр кубтық ауызсу мұнарасын пайда­ланып келген тұрғындар алдағы уақытта 100 метр куб болатын ауызсу резервуарын және 50 метр куб болатын жаңа мұнараның игі­лігін көретін болды. Соның нәтиже­сінде әрбір тұрғын заман талабына сәйкес орнатқан су ысыту құрылғыларын күндіз-түні пайда­ланып, таза сумен жеткілікті қам­тылып тұратынына риза. Осы орайда жыл бойына халықты таза ауызсу тұрақты қамтамасыз етуге ықпал болып отырған аудан әкім­дігіне, облыс басшылығына алғысымызды біл­діреміз», – дейді Қар­мақшы ауылы ардагерлер кеңесінің мү­шесі Қ.Айтым­бетов.

Қызылорда облысы