Бұл туралы бүгін Л.Гумилев атындағы «Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы - ректоры Ерлан Сыдықов есеп беру кездесуінде хабарлады. Ішкі гранттар конкурсының мақсаты - коммерцияландыру мүмкіндіктері бар ғылыми жобалар мен озық идеяларды қолдау. Оған жаңа ғылыми, инженерлік, зерттеу немесе қолданбалы нәтижелерден тұратын өз бетінше орындалған инновациялық жобалар қабылданады. Жеңімпаздар 25 қазанда Республика күнінде белгілі болады. Офлайн және онлайн форматта өткен есептік кездесуде ЕҰУ ректоры 2021-2022 оқу жылындағы жұмыс қорытындыларына тоқталып, университеттің алдағы жылдарға басымдықтарын белгіледі. Оған студенттер мен олардың ата-аналары, жұмыс берушілер, ғылыми-педагогикалық қауымдастық және БАҚ өкілдері қатысты. Өз сөзінде Ерлан Сыдықов өткен оқу жылында қол жеткізген маңызды екі жетістікке баса назар аударды. Біріншіден, ЕҰУ QS рейтингінде ең үздік 300 университеттің қатарына еніп, 277-орынға көтерілді. Соңғы үш жылда университет 141-орынға алға жылжыған. Екіншіден, биыл 21 қыркүйекте ҚР Үкіметінің қаулысымен ЕҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді және 2022-2026 жылдарға арналған Даму бағдарламасы бекітілді. «Бұл - университет ұжымының ғылыми әлеуетті арттыру жөніндегі көп жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бізге үлкен сенім мен жауапкершілік жүктелген. Бүгінде мемлекет ғылымның, оның ішінде университет ғылымының дамуына үлкен көңіл бөлуде. Университет ғылымды одан әрі дамытуға, ғылыми-инновациялық және білім беру әлеуетін арттыруға, сондай-ақ экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарда ғалымдардың әзірлемелерін коммерцияландыруға қолдау көрсетуге ниетті. Келешекте ENU-TECH деген жаңа заманауи университет кампусын салу жоспарланған. Бұл озық зерттеулер мен инновациялар орталығына айналады», - деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов. Қолданбалы ғылымды дамытудағы маңызды қадамдардың бірі - 2021 жылы ядролық технологиялар паркінің ЕҰУ құрамына кіруі. Оның арқасында өндіріс ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру алаңына айналады. Биыл ЕҰУ жетекші ғалымдары 100-ден астам ғылыми зерттеуді жүзеге асыруда. Университет шетелдік ғалымдармен де халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Өткен жылы ЕҰУ ғалымдары бірлесе 500-ге жуық әртүрлі мемлекет мамандары бірлесе еңбек етті. Университет ғылымының дамуында ғылыми кадрлардың әлеуеті аса маңызды. ЕҰУ-да ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар құрамының үлесі 67%-ды құрайды. ЕҰУ-дың 14 оқытушысы ҚР профессор-оқытушылар құрамының ТОП-50 бас рейтингіне енгізілген. Рейтингте бірінші орынды ЖОО профессоры Ратбай Мырзақұлов иеленді. ЕҰУ-дың 13 оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атанды, 9 ғалым «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын иеленді. Есептік кездесу барысында ректор ЕҰУ жастарды ғылымға тартуға баса назар аударатынын атап өтті. 2020 жылдан бастап университетте постдокторантурада оқыту жүргізілуде. Қолданбалы ғылыммен және әзірлемелерді коммерцияландырумен айналысатын «зерттеуші-инноватор» позициясы енгізілді. 2021 жылдың желтоқсан айында университет түлектерінің бастамасымен құрылған ЕҰУ Endowment қоры да талантты және мұқтаж жастарды қолдауға, студенттердің ғылыми және инновациялық жобаларын қаржыландыруға бағытталған. Білім беру қызметтері сапасының бағалануы ЖОО үшін маңызды шарт. Өткен оқу жылында 21 білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден және қайта аккредиттеуден өтті. Университет бағдарламаларының 95%-ы аккредиттелген. Бұл ретте инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Өткен оқу жылында талапкерлерді қабылдау 262 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды. Нарықтың талаптарына сәйкес, 35 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді. 2021-2022 оқу жылында топ-менеджерлерді даярлау мақсатында алғаш рет MBA және EMBA білім беру бағдарламаларын іске асыру басталды. Ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламалары мен студенттер саны артып келеді. 2021 жылы университетті мемлекеттік тапсырыс бойынша бітірген түлектердің 91%-ы бір жыл ішінде жұмысқа орналасты. Оларды жұмысқа орналастыру мәселесі ЕҰУ-дың жіті назарында. Университетте «Мансап» ақпараттық платформасы әзірленді. Бұл жұмыс берушілер мен университет түлектерін байланыстыратын ашық веб-платформаға айналады. «2022 жылы ЕҰУ 5600-ден астам маман дайындады. Олар алғаш рет университеттің өз үлгісіндегі дипломдарын алды. Жалпы, түлектердің бір бөлігі кәсіби қауымдастықтар арқылы сертификаттаудан өтеді. Биыл кәсіби қоғамдастықтарда 583 түлек біліктілік бағалаудан өтті, олардың көбі педагогикалық мамандықтарда білім алған»,- деп атап өтті Е.Сыдықов. Шетелдік жоғары оқу орындарымен өзара әріптестік университеттің халықаралық білім беру кеңістігінде белсенді дамуына және ілгерілеуіне ықпал етеді. Жақын және алыс шетелдердің жетекші жоғары оқу орындары тарапынан ынтымақтастыққа қызығушылық артты. Бүгінде әлемнің 400-ден астам жоғары оқу орны ЕҰУ-мен әріптестік орнатты. Ерлан Сыдықов академиялық ұтқырлық бағдарламаларының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. 2021 жылдан бастап ЖОО бюджеті есебінен ENU Students Ambassador бағдарламасы іске қосылды. Биыл ЕҰУ университеттердің академиялық ұтқырлық бойынша UMAP қауымдастығына кіріп, әріптес ЖОО географиясын кеңейту жоспарлануда. Жылда ЕҰУ-да шетелдік студенттердің қатары артып келеді. 2021 жылы 1 000 адам университетке білім алуға келді. ЕҰУ қоғамның әлеуметтік мәселелерінен шет қалмайды. Университетте бейресми білім беру бағытында аға буын өкілдері үшін Күміс университет ашылды. Ректор есептік кездесу барысында жаңа оқу жылындағы негізгі басымдықтарға тоқталды: ғылымның ел экономикасының нақты секторына қосқан үлесін ұлғайту; білім беру бағдарламаларының сапасына кепілдік беру; университетті халықаралық білім беру кеңістігінде одан әрі ілгерілету; ақпараттандыруды, цифрландыруды және инфрақұрылымды дамыту. Сондай-ақ жаңа кадр саясатын іске асыру және табыс көздерін әртараптандыру жөніндегі міндеттер айқындалды. ЖОО қызметкерлері мен студенттері азаматтық белсенділіктерін танытады. Мәселен, студенттер Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ұйымдастырып, 16 ерікті өңірде тұрғындарға қолдау көрсетті. 400-ге жуық студент әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде ерікті болды. Есеп беру кездесуінде оларға Парламент Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев пен ЕҰУ Басқарма төрағасы-ректоры Е.Сыдықовтың атынан алғысхаттар табыс етілді. Сондай-ақ ЕҰУ-дың бірқатар оқытушысы ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Гумилев» медалімен марапатталды.