Қазақстан – жол сапасы бойынша әлемдік рейтингте көш соңында келе жатқан елдердің бірі. Өйткені бұл салада білікті кадрлардың тапшылығынан бастап, жол құрылысы мен оны күтіп-баптауға, өндірісте жаңа материалдар мен заманауи технологияларды қолдануға қатысты шалағайлық көп. Қаржыландыру жағы кемшін. Әйтсе де, мемлекет алдына үлкен амбициялық міндет қойып отыр. Бірақ жол шаруашылығында қордаланған түйткілдерді түгел шешіп алмай, ол мақсатқа жете қоюымыз неғайбыл. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегі бойынша, еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым: республикалық жолдар – 25 мың, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 71 мың шақырым.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес, биыл республикалық маңызы бар жолдардың 91 пайызын және жергілікті жолдардың 85 пайызын нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Бұл мақсатта жалпы ұзындығы 4,3 мың шақырым автожолды қайта жаңартып, жаңа жолдар салу бойынша ірі жобалар іске асырылмақ. Сол сияқты жол бойындағы 1 110 қызмет көрсету нысанын тиісті стандарттарға сәйкестендіру қарастырылған», – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің кеңейтілген отырысында.Көп нәрсе қаржыға байланысты Үкімет жетекшісінің айтуынша, былтыр автожол саласына 500 млрд теңге жұмсалса, биыл 600 миллиард теңге қарастырылған. Дегенмен ол өркениетті мемлекеттердің деңгейімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бұл проблема тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бері жалғасып келеді. 1994 жылы жол құрылысына бөлінетін ақша бірден 5-6 есеге шорт кесілді. Содан бері ол 80-жылдардың деңгейіне әлі жеткен жоқ. Еуропада жол құрылысына ішкі жалпы өнімінің 3-4 пайызы, Қытайда 5 пайызы, тіпті көрші Беларусьте 1,2 пайызы бөлінеді. Бізде бұл көрсеткіш 1 пайызға жетпейді. Сондай-ақ республика бойынша кейінгі 10 жылда ғылым мен білімге бөлінген 770 млрд теңгенің 60 млн-ы ғана жолға бұйырған. Және елімізде тікелей жол мамандарын даярлайтын оқу орны жоқ. Жолшылар көбіне құрылыс мамандықтарымен жанастырылып оқытылады да, таза жол шаруашылығына қатысты арнайы білім берілмейді. Қазір жол саласында еңбек етіп жүргендердің 12 пайызының ғана арнаулы білімі бар, оның жартысы жолшылықты екінші мамандық ретінде оқыған. Егер жыл сайын елімізде заң саласында 40 мың, ал аудармашы ісінде 30 мыңдай жас маман даярланса, жол саласы бар болғаны 1 мың маманмен толығады. Іс жүзінде қажеттілік одан бірнеше есе көп. Мұндай көзқарастан кейін еліміздегі жол сапасы туралы тұшымды бірдеңе айтудың өзі қиын. Шарт бойынша әр жолдың кепілдік мерзімі бар, осы мерзім өткенге дейін мердігер жолдың ақауларын жөндеп, ой-шұңқырын тегістеп тұруға міндетті. Алайда Қазақстан жолдарының кепілдік мерзімі 3-5 жыл болса, ол басқа мемлекеттерде 7-10 жыл, яғни екі есе ұзақ. Бірақ соның өзінде жаңадан төселген жолдар жыл айналмай жатып, жырымдалып жатады. Мәселен, 2020 жылы 740 млн теңгеге салынған Ақтөбе – Болгарка – Шұбарқұдық тасжолы кепілдік мерзімі өтпей жатып беті тілімденіп, кей тұстары түйенің өркешіндей жалданып кеткен. Республика бойынша мұндай мысал көп. Өйткені көп жағдайда жол салу кезінде құрылыс технологиясы толықтай сақталмайды немесе материалдар сапасыз болып шығады. Зертханаларды автоматтандыру маңызды Автомобиль жолдарының сапасын бақылайтын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағынов бұл мәселені шешу үшін құрылыс материалдарының стандартқа сәйкестігін тексеретін зертханаларды автоматтандыру қажеттігін айтады.
– Өйткені сапа қызметіне адамдардың араласуы, асфальт, бетон секілді төсемелердің қолмен тексерілуі жұмыстың нәтижесіне кері әсер етеді. Нашар жолдардың салынуының бір себебі осы. Ал автоматтандырылған зертхана құрылыс материалдарының сапасын дәлме-дәл анықтайды. Өйткені орталық желіге жүктелген ақпаратты өзгерту мүмкін емес. Бұл талап бәріне ортақ болғандықтан, жол жөндеушілерге сапалы материалдарды ғана пайдалану міндеттеліп, өндірушілер де талапқа сай өнім шығаруға мәжбүр болады. Алдағы жылдан бастап Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына қарасты 17 зертхана толықтай автоматтандырылады,– дейді Замир Садықұлы.Оның айтуынша, бізде битум тапшы, шығып жатқан битумның сапасы төмен. Мәселен, былтыр өндірілген битумның 21 пайызы, биылғы битумның 29 пайызы қазақстандық стандартқа сай келмеген. Ал мұндай материалдан жасалған жолдарда қандай сапа болсын?!