Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде этнографиялық зерттеулер нәтижесінде ұмыт қалған жәдігерлер қайта жаңғыртылып жатыр. Жалпы, сыр өңірінің өткені мен бүгінінен сыр шертетін облыстық тарихи-өлкетану музейінде археология және этнография зерттеу бөлімінің атқарған жұмыстары оң нәтиже беріп келеді. Соның ішінде этнографиялық зерттеулер негізінде ұмыт қалған жәдігерлерді қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған.
«Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің этнографиялық зерттеулері нәтижесінде ұмыт қалған бұйымдар қайта жаңғыртылуда. Облыстық музей директоры Сапар Көзейбаевтың қолдауымен бұл жұмыстар музей қорын толықтыруға оң ықпалын тигізді. Ал жаңғырту жұмыстары жергілікті шебер Бекзат Жақыповтың қолымен жасалды. Бүгінде музей көрмесіндегі қайта жаңғыртылған дүниелерді тамашалауға келушілер қарасы көп», – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Бекқұлиева.Негізінен, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында 60 мыңға жуық экспонат бар. Соның 6 мыңға жуығы музей экспозициясында орналасқан. Музей 1939 жылы ашылып, 1980 жылы бұрынғы қонақүй ғимаратына көшірілген. Бүгінде өңірдегі 1953 жылы іргесі қаланған музей ғимаратының өзі тарихи жергілікті маңызы бар ескерткіш саналады.
«Соның ішінде этнографиялық зерттеулер нәтижесінде «Тұсаукесер» әшекейінің жаңғыртылған нұсқасы қайта жасалып отыр. Бұл әшекей ХІХ ғасырдан бері бұл сәбидің тұсауын кесер рәсімінде пайдаланғаны белгілі. Бұйым тазалықтың символы ретінде күміс металдан соғылып, түрлі асыл таспен әрленген. Күміс қоңыраушалармен безендірілген. Қазақ халқының ұмыт қалған бұл бұйымын кезінде бай-бағландар зергерлерге арнайы тапсырыспен жасатқан екен. Сол сияқты үш мың жылдық тарихы бар ортеке қуыршағын да қайта жаңғырттық. Ұлттық құндылығымыз саналатын бұл қуыршақты этнографиялық негіздемелерге сүйене отырып жасап шықты. Бүгінде ата теке, әке теке және бала теке «Этнография» залының төрінде домбыраның күйіне билеп, келушілерді таңғалдырып келеді», – деп түсіндірді музейдің бөлім меңгерушісі Әйгерім Сейітбекқызы.Сонымен қатар музей көрмесінде қос қызыл ақықпен және жасыл ақықпен жасалған күміс тарақ, сәукеле формасындағы әтірқұты, екі бөліктен тұратын оймақты жүзік, кимешек ойығының пішініндегі кимешек жүзік, қанат формасындағы құсқанат жүзік қайта жаңғыртылып, көрмеге қойылған. Бұған қоса, аша немесе қосбет домбыра, бие саууға арналған Көнек ыдысы, адамның басын биіктету үшін ағаштан жасалған жастықағаш, бойтұмар, пышақты қамшы сынды ерте заманда тұтынған дүниелер де бар. Жалпы, күні бүгінге дейін музейде этнографиялық зерттеулер нәтижесінде 20 бұйым қайта жаңғыртылып, көрмеге қойылған. Бабаларымыз тұтынған құнды жәдігерлерді жас ұрпақтың санасында жаңғырту мақсатында жасалған дүниелер келушілер тарапынан жоғары бағасын алып отыр.
Қызылорда облысы