«Қара археологтер» қарпып барады
«Қара археологтер» қарпып барады
© коллаж: Елдар Қаба
398
оқылды

«Қара археология» жайлы мә­селені мін­берде шенеунік те, азаматтарымыз да көп ай­­та бермейді. Алайда ер­те­ден қалған көне жәдігерлерді заңсыз қазып, саудалау­шы­ларға тыйым болмай тұр. Олар­дың мемлекет заңына ба­ғынбайтыны айтпаса да анық.  Ал тыйым салу­­ға не кедергі, «қара археология» кімнің мүддесіне қызмет ет­пек? Бәлкім, жәдігерді то­на­­­тып жүрген өзіміз бе?

Кәсіпке айналған қылмыс

«Қара археологтер» үшін құнды жә­дігердің қа­дірі жоқ. Пайда маңыз­­ды. Еліміздегі заңсыз қазба жүр­гізетіндердің басым бөлігі – ре­сейліктер және отан­дық жалда­ма­­лылар. Кей кездері олардың тап­қан жә­дігерлері Еуропа мен Ре­сейдегі аукциондарға шы­ғып жа­тады. Бұл тәрізді заңбұзу­шы­лық­тарды анық­­тау қиын. Анық­таған күннің өзінде беделді тұл­­ғалар араласып, ақпарат жария­лан­байды. Себебі кейбір шен­ді­лердің өзі бәссауданың қызы­ғын­д­а жүр. «Қара археологиямен» ай­на­лысатын адамдар да кәдімгі ар­хеологтер. Бірақ маман ретінде жә­­дігерге б­ағалы дүние емес, пайда көзі ретінде ғана қарай­ды. Бұл заңсыз кәсіп 90-жылдары белең алды. Қазір де көп. Геосканер секілді түрлі құралдардың арқасында бағалы металдарды жинайды. Көбіне іздейтіндері – темір, қола дәуірлері мен ғұн, сақ тайпаларының металдан жасалған қолөнер бұйымдары. Қазба жұ­мыстарынан табылған бұйымдар шығатын аукциондардың қай жерде, қашан өтетіні жайлы ешкім біле бермейді. Тек аукционға қатысатын адамдар жеке шақырту алады. Демек, «қара архелогтер» тапқан жәдігерді кімге сатады, кімге өткізеді, барлығын өздері ше­шіп отыр. Бұған қатысты би­лікте де, қоғамда да белгілі бір пі­кір мен көзқарас жоқ. Ұмыт қал­ған жағдай секілді. Алайда мәдени, тарихи мұралар халыққа қажет болмағаны ма? Жәдігерлер қолдан-қолға өтіп жатқанда неге бейқам кейіп танытамыз? Елде 25 мыңнан астам ар­хеоло­гиялық ескерткіш бар. Бұлар ашылғаны ғана. Шындап зерттеу жүргізсе, бұдан 2-3 есе артық болуы мүмкін. Заңсыз археолог­тер­дің пайдаға кенеліп отырғанына қарап осылай болжам жасауға негіз бар. Дегенмен ашылмаған ес­керткіштерден бұрын, ашылға­нын қалай қорғап жатырмыз? Бұл сауалға заңның шарасыздығын ғана емес, халықтың бейжайлығын да қосар едік. Мәселен, Жапония секілді дамыған елдерде әрбір ес­керткіш бақылауға алынып, тек­серіліп отырады. Көршілес елдерде бұл мәселе жергілікті органдар арқылы қадағаланады. Халық та сақталуын, қорғалуын талап етеді. Біз бұл мәселені жергілікті әкім­діктер арқылы шешуді ұсынар едік. Әр өлкедегі инспекциялар мұндай заңсыздықтар барын жасырмайды. Халқымыз да мұндай жәдігерлер еліміздің мәдени, қар­жылық, рухани тарихы үшін құн­ды дүние екенін түсінсе деген ниет. Тіпті, «қара археологтер» ел­дің қолынан арзан ақшаға баға­лы, көне жәдігерді оңай сатып алып кете беретінін мамандар айтып отыр. Қазақстан Ұлттық музейінің Археология және этнография бөлімінің жетекшісі Пердехан Мұсырманқұл да бұл мәсе­ленің шешілмей жатқанына қын­жылады. Елде археологиялық жә­дігерлерге құрмет жоғын айт­қан ол, ауыл-аймақтардағы тұр­ғындар «алдында бір кісілер жерді қазып жатыр, сұрасақ металл іздеп жүр екен» деп бейжай қарап отырғанын талай көрген екен. Бұған насихат жұмыстары, та­ным­дық ақпараттар болмауы да себеп шығар. Көбіне ауыл тұрғын­дары «қара археологтерді» жиі көр­еді. Пердехан Мұсырманқұл Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шәкәрімнің жайлауы, яғни Шыңғыстауда көп жылдар бойы қазба жұмыстарына қа­тысқан. Сол кезде археолог­тер­дің жасаған заңсыз әрекетін көрген. «Қара археологтер» қола дәуірінен қалған тас жәшіктерді қиратып, ішіндегі бұйымдарын тонап кеткен. Тас жәшіктер адамзат үшін құнды жәдігер екенін біледі, бірақ оларға керегі сатуға жарайтын дүниелер болған. Ең сорақысы, ежелдегі адамдардың сүйегін бір бұрышқа лақтыра берген екен. археолог – Бұл мәселеге байланысты еш жақсы өзгеріс болып жатқан жоқ. Кейбір жиындарда ғана айтылады. Сол жерде көңіл бөліп, кейін қайта ұмыт қалады. Сон­дықтан нәтиже көрмедік. Тарихи жәдігерлерді ұрлап, ұсталып жат­қандар бар. Алайда жазаланып жатқанын естімейміз. Істің соңы жылы жабылады. «Қара археология» кәсіпке айналып кеткен, ақшаның көзі ретінде саналады. Жәдігер­лерді кімге, қаншаға сататынын біз білмейміз. Өздерінің сататын арналары бар тәрізді. Демек, сол арналар арқылы бүкіл ісін атқарып отырады. «Қара археологтер» жайлы мүлде ақпарат жоқ. Мәлімет таба алмайсыз. Шығыс Қазақстанда көне ескерткіштер көп ұрланады. Аймақта ел тығыз емес, жәдігерлер жетерлік, жол талғамайтын авто­көлікпен жүріп ала береді. Ел-жұрт көп болғанда сәл жұмыстары бөгелер еді. Бұл ескерткіштерді ашу оңай. Тас жәшікті көтере сал­са, астынан адам сүйегі мен әше­кейлер шығады, – дейді маман.

Заңсыз іс өнбейді

Қазақстанда бұған қатысты заң әлсіз. Әлем елдерінің көбінде, Ресейде де «қара археологияға» бай­ланысты заң қатал. Сондықтан Қазақстанда бақылаудың қар­қынды жүрмеуінен ел аумағы заңсыз қазбадағы ашық алаңға айналып отыр. Кім көрінген ке­ліп, құнды мұраны иелене салады. Жәдігерді кеденшілердің тексеруінен еш қиындықсыз өткізу жағдайын тағы есепке алыңыз. Елімізде 1992 жылы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау туралы» заң қабыл­данды. Заң мұраның табылған немесе қазылғанын жіктемейді, барлық мұраны тең қорғайды. Заңды іске асырушы орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігі жауапты. Алайда өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға жергілікті инспекторлар жауап береді. Осыдан барып заңды жүзеге асырушы орган мен оны орындаушы тарап арасында түсініспеушілік бар сияқты. Себебі жергілікті инс­пекциялар министрлікке емес, әкімдікке бағынады. Одан бөлек, көрінгенге беріле беретін лицензия еліміздің кез келген жерінде қазба жұмыстарын жүргізуге мүм­кіндік беріп отыр. Ал есебін тиісті мекемелерге тапсырып жатқан жан жоқтай. Ел тарихында археологиялық мұра бір емес, үш рет тонауға түсті. Бірі – кешегі патшалық Ресейдің құрамына кіріп, қазақ даласында қарашекпендер қап­таған тұс болатын. Ол кезде саяхатшылар қазақтың тегін дүниесін тасуды мықтап қолға алды. Екіншісі – 1931-1932 жылдардағы ашар­шылық кезеңі. Жан үшін мұра да сатылғаны жасырын емес. Үшіншісі – осыдан ширек ғасыр бұрынғы нарықтық қоғамға өткен тұс. Сондықтан қазба жұмыстары үшін берілетін лицензияны шектеп, есебін алуды күшейту қажет. Әйтпесе, моламызды саудаға сал­ғанның кебі осы болды. Айтпақ­шы, қазір алтын шаюшылар да көбейді. Ағыны бар өзеннің түбін небір тәсілмен сүзіп, алтын тереді. Бірақ олар да көп жағдайда та­би­ғатты ластап, өзенді бүлдіріп кететінін ескермей жүр. «Қара ар­хео­логтер» де, алтын шаюшылар да Шығыс Қазақстан облысында көп. Егер жері қазбаға бай, металл өндірісінің бастауы болған мекен­нің жергілікті билігі бұл нәрсе­лерге бүгін назар салмаса, ертеңгі күні қолда бар жәдігерді көрінген көк аттыға өзіміз үлестірген болып шығамыз.

Мадияр ТӨЛЕУ