– Соңғы екі жылда ғана заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 33 фактісі, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару фактісі бойынша 4 қылмыстық іс (ҚР ҚК 262-бабы бойынша) анықталды. Ойын орындары мен құрылғының жұмыс істеуіне қажетті электронды блоктарды сатумен айналысатын алты орынның қызметі жойылды, – деп атап өтті Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің жедел іс-шара басқармасының орынбасары Демеу Қалыбеков.Оның айтуынша, осы күнге дейін 385 компьютерлік техника жинағы, 162 ойын аппараты заңсыз айналымнан алынды. Сонымен қатар 14 ойын залы мен екі астыртын ойынхана қызметінің жолы кесілді. Сондай-ақ 238 заңсыз ойын сайтына кіруге тыйым салынды. Айта кету керек, биыл атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша қалада заңсыз ойын бизнесін құру және ұйымдастыру фактілерінің азайғаны байқалады. Дегенмен жеке тұлғалар әлі де заңсыз ойын бизнесімен айналысуда. Биылғы 9 айда ғана заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша 10 қылмыстық іс анықталды. Осы кезеңде заңсыз айналымнан 93 процессор, 76 монитор, 5 моноблок, 7 модем, 7 ұялы телефон, 26 қатты диск, 6 ойын терминалы тәркіленіп, 3 ойын залы мен ойын терминалдары бар төрт нүктенің қызметі тоқтатылған. Сондай-ақ ол мегаполистің бірнеше ауданы әлі де криминогенді болып қала беретінін айтты. Оған аталмыш аудандардың прокуратурасымен бірлесіп жүргізілген жедел-іздестіру шаралары дәлел. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, бұған осы аудандарда заңсыз ойын терминалдары мен залдарын орналастыру үшін жалға берілетін үй-жайлардың арзандығы әсер етуде. Кездесуге қатысушылар атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісіп қана қоймай, жаңа жоспарларын ортаға салды. Тараптардың өзара іс-қимылын нығайтуға ғана емес, көрсеткіштерді жақсартуға көмектесетін өз ұсыныстарын білдірді. Спикерлердің айтуынша, ғимараттарын жалға беретін кәсіпкерлермен ерекше назар аудара отырып жұмыс атқару керек.
– Осы орайда аудан әкімдіктерінің көмегі қажет, – дейді Lotomatic ЖШС құқықтық мәселелер жөніндегі директоры Ербол Иманбаев. – Біз әкімдіктерде арнайы жиындар ұйымдастырып, жергілікті кәсіпкерлерді, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясының мамандарын жинай алар едік. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, халықты заңсыз ойын бизнесінің әрекеттерінің қауіптілігі және қылмысты жасырғаны үшін қандай жауапқа тартылатындығы туралы ақпараттандыру өте маңызды.Сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, функционалдық міндеттеріне қарай қарамағындағы аудандардың тұрғындарымен жеке байланыста болатын учаскелік инспекторларды халықпен жұмыс істеуге тарту қажет. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру және оның зияндылығы туралы ең танымал әлеуметтік желілер мен интернет-сайттарда қысқа бейнероликтер жасау туралы ұсыныс айтылды. Дөңгелек үстел нәтижесінде алдағы уақытта меморандум жасасып, оның аясында ынтымақтастық жалғасатын және заңсыз ойын бизнесімен күресуге бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады.
Алматы