Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, елордалық қоғамдық кеңес мүшесі, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қарақат Әбден еліміздің жаңа саяси кезеңге өтуіне, іске асып жатқан реформаларға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Қарақат Әбден Facebook-тағы парақшасында жазды.
– Қазіргі уақытта еліміз маңызды өзгерістердің, соның ішінде экономикалық және саяси өмірдегі трансформациялардың қиылысында тұр. Егер бұдан 2 жыл бұрын бұл трансформациялар біздің ішкі жағдайымызбен, мәселеден туындаған болса, бүгінгі таңда халықаралық жағдайға байланысты реформалар жүргізу қажеттілігінен туындап отыр. Бұл Ресей-Украина соғысы, оңтүстік көршілеріміздің ахуалы, Әзірбайжан-Армения арасындағы тұрақсыздық, Қытай мен АҚШ арасындағы жағдай және т.б.
Сондықтан, ең алдымен, қоғамның қалауына сәйкес келетін сапалы және жылдам реформаларды жүргізу қажет. Мысалы, президенттік мерзімнің 5 жылдан 7 жылға дейін созылуы, бірақ президентікке қайта сайлануға тыйым салынып, бір мерзімге ғана сайлану құқығы (және бұл норма өзгермейді және оны қайта қарау мүмкін емес).
Жергілікті басқару туралы сөз бірталай қозғадық. Мұның бәрін жүзеге асыратын кез келді. Алғашқы қадамдар бар, бұл халықтың елді басқаруға қатысу үлесін кеңейту: бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаттарын сайлау, депутаттық мандаттарды кері шақырып алу тетігін енгізу, мәслихат депутаттарының келісімімен облыс әкімдерін тағайындау. Жақын арада аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жоспарланып отыр.
Осы бастамалардың барлығы өз жемісін беріп, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардың жаңа, неғұрлым оңтайлы теңгерімі және мемлекет пен қоғамның тиімді диалогы құрылады.
Мемлекет машинасының бүкіл жүйесі қайта іске қосылатын болады. Келесі жылы Парламентте жаңа партияларды, жаңа тұлғаларды көретініміз әбден ықтимал. Жергілікті атқарушы органдарда, барлық деңгейдегі мәслихаттарда, Үкіметте өзгерістердің орын алатындығы анық.
Негізінде, Мемлекет басшысы Тоқаевтың барлық реформалары жаңа «мемлекет машинасы» іске асыратын болады, жаңа күш-қуат пен жаңа тұлғалармен бірге бүкіл мемлекеттік аппарат трансформациядан өтеді. Уақыт пен халықаралық күн тәртібі өзгерісті қажет етеді.
Бүгінгі таңда еліміздің саяси жүйесінің ретімен, дәйекті түрде өзгеріп, мемлекеттік басқаруға демократияның жаңа құралдарының енгізіліп жатқанын көріп отырмыз.