Биыл физиология мен медицина саласындағы Нобель сыйлығы адам эволюциясы мен жойылып кеткен гомининдер геномын зерттеген Сванте Паабоға берілді. Бұл туралы сыйлықтың nobelprize.org ресми сайты хабарлады.
Сванте Паабо алғаш рет неандертальдық геномның ДНҚ тізбегін анықтаған. Сонымен қатар жойылып кеткен адамның жаңа түрі – Денисов адамын зерттеген. Швед ғалымы гендердің жойылған гомининдерден қазіргі анатомиялық типтегі адамдарға (Homo sapiens) берілуі, соңғысы Африкадан шамамен 70 000 жыл бұрын қоныс аударғанын дәлелдеген. Паабоның зерттеулері жаңа ғылыми бағыт – палеогеномикаға негіз болды. Бұл ғылыми бағыт ежелгі Homo-ның ДНҚ үлгілерін талдайды. Оларды қазіргі адамдардың геномымен салыстырады. 2020 жылы Паабо жүргізген салыстырмалы талдау неандертальдықтар мен Homo sapiens-дің ортақ арғы атасы шамамен 800 мың жыл бұрын өмір сүргенін көрсеткен. Африкадан келгеннен кейін олар мыңдаған жыл бойы неандертальдықтармен араласқан. Сондықтан қазіргі заманғы еуропалық немесе азиялықтар геномының шамамен 1-4%-ы неандертальдармен ұқсас. [caption id="attachment_220971" align="aligncenter" > Сурет nobelprize.org сайтынан алынды / Маттиас Карлен[/caption] Паабоның командасы Сібірдің оңтүстігіндегі Денисов үңгірінен табылған 40 000 жыл бұрынғы сүйектерден бөлінген ДНҚ тізбегін жасаған. Геном тізбегі барлық белгілі неандертальдық және қазіргі заманғы адам тізбегімен салыстырғанда ұқсас болып шыққан. Гомининнің жаңа түрі Денисов адамы деп аталды. Паабоның ашқан жаңалықтары адамның эволюциялық тарихын жаңаша түсінуге негіз болды. Homo sapiens Африкадан қоныс аударған кезде Еуразияны кем дегенде жойылып кеткен екі гоминин популяциясы мекендеген. Неандертальдықтар Еуразияның батысын, ал Денисовтар құрлықтың шығыс бөлігін мекендеген. Африкадан Homo sapiens-тің өрісін кеңейтіп, шығысқа қоныс аударған кезде қазіргі адамдар тек неандертальдықтармен ғана емес, сонымен қатар денисовтармен де араласқан. Швед генетигі Сванте Паабо мен оның командасы ашқан жаңалық адам эволюциясындағы көлеңкелі тұстарын ашуға мүмкіндік береді. Физиология мен медицина бойынша Нобель сыйлығын тағайындайтын комитеттегі 50 профессордың пікірі осы.