Бағланованың Париждегі кеші
Бағланованың Париждегі кеші
1,060
оқылды
Белгілі әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстан өнерпаздарының концерті өтті. Сахнада Қазақстанның Ха­лық әртісі Нұржамал Үсембаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ренат Гайсин, Жұбаныш Жексенұлы, Медет Шотабаев және тағы басқалар өнер көрсетті. Іс-шараны ашқан Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әншінің 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізу Роза Бағла­нова­ның сіңірген еңбегі мен та­лан­тын жоғары мойындау екенін атап өтті.
 «Роза Тәжібайқызының шы­ғар­машылығы мен өмір жолын Қазақстаннан тыс жерлерде біле­ді. Ол біздің мәдениетіміз бен өне­рі­мізді насихаттай отырып, көптеген елге гастрольдік сапар­мен шыққан. Оның бұлбұл дауысы 50-ден астам елдің көрер­менін таңдандырды. 1957 жылы ол Венгрия, Германия, Қытай, Поль­ша, Чехословакия, Ауған­стан, Үн­діс­тан, Аустрия, Бельгия, Бир­ма, Швеция, Канадада концерттер берді. Оның репер­туарында қазақ халық әндері, заманауи компо­зитор­лардың шығармалары, әлем халықтары­ның әндері үйлесімді көрініс тапты. Мұның бәрі Роза Бағла­нова­ның жай әнші емес екенін, оның есімі тарихта алтын әріп­термен жазылған бүкіл дәуір­дің алтын дауысы екенін көр­сетеді», – деді Дәурен Абаев.
Айта кету керек, өткен жылы ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жыл­дар­ға арналған халықаралық мерей­тойлар тізімі қабылданды және ол тізімге Қазақстанның ұсынысы бойынша Роза Бағла­нованың 100 жылдығы қосылды. Сонымен қатар Парижде Дәурен Абаев ЮНЕСКО-ның Бас дирек­торы Одри Азулемен кездесті. Тараптар мәдени-гуманитарлық өза­ра іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын және одан әрі ынтымақ­тастықтың келешегін талқылады.