Ақмола облысында егін және мал шаруашылығымен қатар соңғы жылдары балық шаруашылығына да баса мән беріліп келеді. Көлге балық жіберіп, нәсібін су қоймаларынан тапқан кәсіпкерлер көл-көсір өнім алып, одан қомақты қаражат та тауып жатыр. Бүгінде өңірдің балық шаруашылығында 561 су қоймасы бар. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, оның 433-де балық шаруашылығымен белсенді түрде айналыса бастаған. Облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама әзірленіп, оған сәйкес тауарлық балық көлемін ұлғайту көзделген. Жоспарға сәйкес өңір 2030 жылы 10 мың тоннаға дейін балық өнімдерін шығармақ. Бүгінде облыста балық шаруашылығын дамыту бағытында 5 бірдей инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастаған. Атап айтқанда, Целиноград ауданындағы «Аква Фактория» және Poseydon шаруашылықтары, Аршалы ауданындағы «Астана–Өнім», Бурабай ауданында Biosphere–fish пен Степногор қаласындағы «Прогресс-Агро» серіктестіктері балық өсіруді кеңінен жүргізе бастаған. Мәселен, Бурабай ауданының Ақылбай ауылында осы жылдың шілдесінде алабалық өсіретін шаруашылық іске қосылған. Кәсіпкер алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтпақ ниетте. Балық шаруашылығын ашпастан бұрын кәсіпкер ұзақ жылдар бойы нарықты біршама зерттеп алғанын айтады.
«Көлде балық шаруашылығын ашпастан бұрын өңірдегі аталған сала нарығын ұзақ уақыт бойы зерттеп шықтым. Қыста барып қалай жұмыс істеуге болатынын көрдік. Істің көзін тапқасын тәуекел деп іске кірісіп кеттік. Өз қаражатымызды салып шаруашылықты аштық. Мұндағы балық экологиялық жағынан таза. Аудан және жалпы өңірде сұранысқа ие болады деген сенім мол», – дейді Bishere – fish жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Руслан Қуатов.Бүгінде сыйымдылығы 25 текше метрлік арнайы бассейндерде Франциядан арнайы алдырылған 70 мыңнан астам құбылмалы бақтақ шабағы өсіріліп жатыр. Өндірістің жобалық қуаты жылына 40-50 тоннаға дейін балық шығару жоспарланған. Кәсіпорын алдағы уақытта нарыққа шығаратын өнім көлемін ұлғайтуды көздеген. Жоғарыдағы инвестициялық жобаларға сәйкес өңір жылына 390 тонна тауарлық балық, 5 тоннаға дейін уылдырық пен 70,3 миллион дана балық дернәсілін өндіруді жоспарлаған.