Балық бизнесі де берекеге бастайды
Балық бизнесі де берекеге бастайды
438
оқылды
Арал өңірінің байырғы кәсібі балық шаруашылығы қолдауды қажет етеді. Ауданда атакәсібін дөңгелетіп отырғандардың бүгінгі жайы мәз емес. Балықшы қауымы теңіз арнасы тартылып, балық түрі кеміп бара жатқанын айтып отыр. Бір кездері ақ сазанымен аты шыққан Арал өңірінде балық шаруашылығымен айналысқандардың жағдайы жақсы еді. Саратс жобасының алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асырылуымен кіші Арал арнасына толды. Теңізімен қайта қауышқан өңір жұртшылығының тұрмысы да түзелді. Атакәсібінен қол үзген халық балық шаруашылығына қайта бетбұрыс жасады. Сол кездері Аралға арнайы келген даниялықтар өңірде алдымен камбала өндірісінің өркендеуіне негіз қалады. Камбала өңдеу зауыты қарқынды жұмыс істеді. Алғашында елге таңсық камбала балығына тосырқай қараған балықшылар кейіннен одан көл-көсір табысқа кенелгені жасырын емес.
«Бүгінде теңіз суы тұщып кетті. Соның салдарынан камбала балығы түбегейлі  жойылды. Дей тұрғанмен, балық шаруашылығынан қол үзіп қалдық деп айта алмаймыз. Тек теңіз арнасы күн өткен сайын тартылып барады. Балық қоры да көңілдегідей емес. Оның үстіне, өңірде балық өңдеу зауыты жұмыс жүргізіп жатқаны мен балықшылардың көбінде рұқсат қағазы жоқ. Соның салдарынан алыпсатарлық белең алып отыр. Өнім өзімізде өндірілсе де тапшылығы байқалады. Сондай-ақ базардағы балық бағасы айтарлықтай қымбат. Мәселен, сазанның өзі 1400-1500 теңгеге сатылуда», – деп түсіндірді бұл жайында Арал қаласының тұрғыны, кәсіпкер Зиғаладдин Өтенов.
Аралдықтардың айтуынша, теңіз арнасы жылына 2-3 шақырымнан тартылып жатыр. Бұл тұрғыда Саратс жобасының екінші кезеңін жедел қолға алып, су жіберілмесе, теңізді жоғалтып алу қаупі тіпті артып тұрғанын алға тартып отыр. Ал Арал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сәйкес, өңірде биылғы 1 шілдеден бастап бір жылға 7430 тонна балық аулауға лимит бекітілген. Кіші Арал теңі өзінде балықтың 24 түрі мекендесе, оның 20-сын кәсіптік мақсатта аулауға рұқсат бар. Балық аулау 18 аумақ бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ өңірде жылдық қуаттылығы 23 мың 900 тоннаға негізделген 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істесе, соның ішінде өнімін Еуропаға шығаруға рұқсаты берілген 2 зауыт бар. 31 балықшылар бригадасы жұмыс жүргізуде екен. Әрине, бұл есепте тұрғаны ғана. Ал өзбетінше еңбек етіп жүрген балықшылар да аз емес. Ал ауданда балық өңдеу ісін жүргізіп отырған өнеркәсіп орындары өндірістің өрге баспай тұрғанына қынжылады. Бұл тұрғыда түйткілді мәселелер аз еместігін мәлімдеп отыр.
«Бүгінде теңіз суы азайып, балық қоры кемігені жасырын емес. Тіпті, 150-300 шақырымға дейін қайтып кеткен жерлер бар. Өзіміздің балық аулайтын серіктестеріміз бізге балық жеткізіп отырады. Балық аулайтын осындай азаматтар теңіз маржанының тапшылығы орын алып отырғанын жиі айтады. Мәселен, біздің зауыттың жылына 7-8 мың тонна балық өңдеуге мүмкіншілігі бар. Бірақ ондай балық келмейді. Зауытта 30- 40 адам жұмыс жасап отыр. Балық тапшылығы кезінде оларға да жұмыс болмай, зауытты тоқтатып қоятын кездеріміз болып тұрады. Сонымен қатар теңізге баратын жол мәселесі де қиындық туғызып келеді. Себебі ең бергісі Мергенсай деген елді мекенге дейін екі аралықта жол жоқ. Ал теңізге дейін тіпті жету мұңға айналып тұр. Балықшылардың ау салатын орны шамамен 70-80 шақырымды құрайды. Сол жерге жету үшін қандай жол азабын тартатынын бағамдауға болады», – деп түсіндірді бұл жайында Aral SeaFood зауытының директоры Мақсұт Мықтыбаев.
Негізінен, Мергенсай елді мекеніне дейінгі жол мәселесі өңір де өзектілігін жоғалтқан емес. Аудан орталығынан осы елді мекен аралығына бір кездері шағыл тас төселген екен. Оның өзі жаңбырдан иленіп, көліктердің жүруі қиындайды. Осы елді мекеннен ары қарай тіпті жол жүру мүмкін емес. Бұл келеңсіздіктің бүгін-ертең қалыпқа келетін түрі көрінбейді. Өндіріс орнының директоры осылай деп мұңын шағып отыр. Қазір өңірде негізінен көксерке балығы көп ауланып, өңделеді. Сол сияқты торта, тісті секілді су маржаны көптеп жеткізіледі екен. Ал камбала өнімінен тіпті қол үзіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар балық шаруашылығына мемлекет тарапынан ешқандай көмек берілмейді. Балық өңдеумен айналысатындарға субсидия қаралмаған. Бұл да балық шаруашылығының серпінді дамуына кері әсерін тигізіп отыр деп айтуға болады. Балықшы қауымы осылай деп уәжін білдірді. Атакәсібімен айналысып отырған аралдық ағайынның басты талабы – мемлекет тарапынан балық шаруашылығын өркендетуге басымдық берілгенін қалайды. Күн санап құрғап жатқан теңіз суын сақтап қалу үшін тиісті жұмыстар жеделдете жүргізілсе деген уәжін де жеткізіп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы