Иранға тауар жеткізу көлемін арттыруға дайынбыз – Смайылов
Иранға тауар жеткізу көлемін арттыруға дайынбыз – Смайылов
Фото: primeminister.kz
325
оқылды
Мәскеудегі екінші Каспий экономикалық форумы алаңында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер екіжақты ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Премьер-Министр Иранмен тату көршілік қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндіктері мол. Мәселен, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 85,1 пайызға өсіп, 441 миллион долларды құрады. Қазір  Қазақстаннан Иранға экспорты 154 тауар позициясы бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте Үкімет осы номенклатураны кеңейту жөнінде ұсыныс дайындауда. Сонымен қатар Премьер-Министр Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті дамытуға және азық-түлікпен өзара қамтамасыз етуді ұлғайтуға үлкен мән беретінін айтты.
«Екі елдің АӨК өнімінің тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Осы міндетті іске асыру үшін көлік дәліздерін және ауыл шаруашылығы тауарларын өзара жеткізуді пысықтап жатырмыз», – деді Әлихан Смайылов.
Екі елдің өзара іс-қимылының тағы бір негізгі бағыты – көлік-логистика саласы. Бұл жөнінде Премьер-Министр инфрақұрылымдық шектеулерді жоюға, локомотивтік тасымал қуатын және шекарадағы тауарларды түсіріп, қайта тиеу мүмкіндіктерін арттыруға баса көңіл бөлуді ұсынды.
«Транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту бағыты бойынша Қазақстан және Иран порттарында жаңа терминалдар салу үшін бірлескен инвестициялар тарту мәселесін пысықтау керек. Теміржол тарифтерін біріздендірумен бірге, бұл Орта Азиядан Иран бағытындағы жүктердің транзитін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Мохаммад Мохбер өзара сауданы 3 млрд долларға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ көлік-логистика және қаржы-банк, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ салаларында және энергетикада өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі диалогті жалғастыруға уағдаласты.