Павлодар тұрғыны табысын арттырамын деп 19 миллион теңгесінен айырылды

Павлодар тұрғыны табысын арттырамын деп 19 миллион теңгесінен айырылды

Павлодар тұрғыны алаяқтарға сеніп, 19 миллион теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Polisia.kz-тің мәліметінше, Павлодар қаласында ер адам полициядан араша сұрады. Ол алаяқтарға сеніп, 19 миллион 475 мың теңгесінен айырылғанын айтқан. Жәбірленуші Instagram-да «Қаржы академиясы» арқылы криптовалютадан пайда табуға болады» деген жарнамаға сенген. Ер адам хабарландыруға өзінің байланыс деректерін қалдырған. Кейін белгісіз адамдар оған Telegram арқылы хабарласқан. Оператор оқуға уақыт жұмсамай-ақ, үлкен табыс әкелетін бағдарламаға қатысуды ұсынған. Ол үшін Binance-те электронды әмиян ашып, сол жерде шотты толтыру қажет екенін айтқан. Ер адам кеңеске құлақ асып, 5 500 долларды бірден салады. Оператор қыздың «кеңестеріне» сүйене отырып, бұл ақшаны Metamask бағдарламасына аударған. Кейін оның шотын кураторлар ұлғайтып 38 939 долларға жеткізген. Алайда оператор қыздың айтуынша, барлық депозитті алу үшін ер адам «өтімділікке қосымша төлем» төлеуі тиіс болған, оның құны да 5 500 доллар болған. Бұл операцияны 6 рет қайталаған. Осыдан кейін ғана куратор ақша жеткілікті екенін және жақын арада оған 78 000 доллар аударылатынын айтқан. Бірақ ер адамға армандаған ақша түспеген. Біраз уақыттан кейін оған басқа елдің белгісіз нөмірінен қайта қоңырау шалып, тағы 2 500 доллар салық төлеу керек екенін айтқан. Қалаған мақсатқа жетуге тырысып, өскен сомасын алмақ болған азамат «2 500 доллар салықты» да төлеп жібереді. Алайда  оның шотқа салған барлық ақшасы бірден жойылады. Осыдан кейін ғана Павлодар тұрғыны алаяқтарға алданып қалғанына көзі жетеді. Полиция ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Биыл Павлодар облысында 1 511 алаяқтық фактісі тіркелген. Оның ішінде 1 057  интернет арқылы жасалған алаяқтық әрекет.