Астанадағы үйлер газға қосылды
Астанадағы үйлер газға қосылды
Астанада газдандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Сарыарқа және Алматы аудандары үйлерді газға қосу мүмкіндігімен толық қамтамасыз етілген. Ол үшін қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желілері салынды, кварталішілік желілер тартылды. Алтай Көлгінов Астананы газдандыру қалай жүріп жатқаны және жеке сектор тұрғындарына қандай көмек көрсетілетіні туралы айтып берді. "Күн сайын газға қосылған үйлердің саны артып келеді. Бүгінде газға 6 мыңнан астам үй қосылған. Ынталандыру және көмек көрсету үшін бұрын бірқатар әлеуметтік шара  қабылданған: үйлерді газға қосуға арналған құжаттар тізімі екі есе қысқартылды; халықтың мұқтаж санаттарына бөлетін соманы 2 еседен астам ұлғайттық (430 мыңға дейін); тегін негізде газды есепке алу аспаптары (есептегіштер) беріледі; үйді газға қосу үшін банктер арқылы бөліп төлеу және пайызсыз кредиттеу бар. Тұрғындар қазір ыңғайлы екенін айтады: көмір сатып алудың, күлді тазартудың, 24/7 үйге байланып отырудың қажеті жоқ, газдандыру экологиялық жағынан да таза және қауіпсіз. Біз сондай-ақ  газға әлеуметтік нысандарды қосамыз. Тұрғын үй алаптарында орталық жылу жүйесіне қосылмаған әлеуметтік нысандар бар. Олар автономды жылу көздері арқылы жылытылды: көмір немесе дизель отыны арқылы, бұл бірнеше есе қымбат. 20 әлеуметтік нысанның (Алматы және Сарыарқа ауданы) 13 нысаны газға ауыстырылды, қалған 7 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы объектілерді газға ауыстыру есебінен жалпы үнемдеу жылына 1 млрд теңгеден асады. Мысалы, егер бұрын дизель отынымен жылыту кезінде №40 мектеп жылына шамамен 160 млн теңге жұмсаған болса, онда газ қосылғалы бұл сома 4 есеге азайды. "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының үнемдеген қаржысы жылына 60 млн теңгеден асады", – деді Алтай Көлгінов. Бұдан бөлек, Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде (2023 жылы кварталішілік желілер). Биыл аудандық "Тұран", "Тельман" қазандықтарына және "Ильинка" (Үркер), "Өндіріс", "Тельман", "Пригородный",  Family Village  және  Garden Village  шағынаудандарына газ жеткізу желілерінің құрылысы басталды. Шұбар шағынауданында жобалау жұмыстары жүргізілуде. Елорданы газдандыру Мемлекет басшысының бақылауында. Газдандыру қаланың экологиясын едәуір жақсартып қана қоймай, жеке сектор тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.