Негізгі бағыт – әлеуметтік нысан
Негізгі бағыт –  әлеуметтік нысан
408
оқылды
Бүгінде бас қаладағы бірқатар мектеп үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Дегенмен демографиялық көрсеткіші күн сайын өсіп жатқан елордада бұл мәселе де біртіндеп оң шешімін тауып келеді. Айталық, 2025 жылға дейін қалада тағы екі ауысымда білім беретін 120 мың оқушыға арналған білім ошағы бой көтереді. Сондай-ақ 44 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезек­тен тыс сессиясында шаһар басшысы Алтай Көлгінов айтты. Қазір әр шағынауданда са­лынуы тиіс оқу орындарының бағыттары бекітілді.
Қала әкімінің айтуынша, қарқынды да­мып келе жатқан елордада халық саны да күрт өсіп келеді. Мысалы, мамыр айында 8 мыңнан астам түлек үлкен өмірге жолдама алса, қыркүйек айында 25 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттаған. «Сол үшін үш ауысымда оқытатын мектептердің пайда болуын жоспарлы түрде азайту және болдырмау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Мәселен, 3 жыл ішінде 70 мың оқушы орнына 34 мектеп салынды. Тек биыл ғана 23 мыңнан астам оқушы орны құрылады. Мемлекет басшысының Жол­дауына сәйкес, біз жайлы әрі ірі габаритті мектептер салуға кірістік. Қазір біз 80 мың оқу­шы орнына 2 ауысымдағы 20 ірі мектеп жобалап жатырмыз. Егжей-тегжейлі жос­парлау жоспарына әрбір шағынауданда оқу орындары болуы үшін негізгі бағыттар бе­кітілді», – дейді Алтай Көлгінов.
Сонымен бірге елорда әкімі мектеп салу үшін 70-тен астам учаске анықталғанын жеткізді. Айтуынша, бөлінген жер учаске­лерінің ауданы 240 мың оқушылық, яғни екі ауысымдық оқу орындарын салуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік нысандарды салу үшін бөлінетін жер учаскелерінің саны да жыл сайын ұлғаяды. Ол ғана емес, білім беру сапасын арттыру үшін жыл сайын педагоги­калық мамандықтарға гранттар бөлінеді. Егер үш жыл ішінде 1 400 грант бөлінсе, биыл тағы 1 000 грант бөлініпті. Сондай-ақ жеке инвестордың есебінен педагогикалық институт құру жоспарланып отыр.