Мүмкіндікті барынша пайдалану керек – Жасұлан Бостандықұлы
Мүмкіндікті барынша пайдалану керек – Жасұлан Бостандықұлы
385
оқылды
Қазір жастарға барынша серпін беру жолға қойылған. Соның ішінде NEET жастарды қоғам өміріне бейімдеуге тырысып-ақ жатыр. Дегенмен мүмкіндікті кәдеге жарата­тын­дар аз. Сол үшін жастарға арналған бағдарламалардың басы-қасында жүрген Жас­ұлан Бостандықұлымен әңгі­мелестік. Оның айтуынша, қозғаушы күш бар болғаны­мен, ақпарат тарату, түсіндіру жағы әлсіз. – Жасұлан Бостандықұлы, сіз әлеуметтік желіде жастарға қатысты ақпаратты үнемі бөлісесіз. Қателес­песем, бірнеше парақшаңыз бар. Жастар осы ресурсты тиімді пайда­ланып жүр ме? – Иә, елімізде жастарға арналған бағдарламалар жайында толыққанды ақпарат тарату үшін Jastar online па­рақшасын аштық. Одан бөлек өзімнің жеке парақшамда да қосымша мәлі­метпен бөлісемін. Пре­зи­дентіміз бір сөзінде еліміздегі жастар­дың он пайызы ғана қоғамдық өмірге белсе­не араласатынын, мемлекеттік бағ­дарлама мен шарадан хабардар екенін атап өтті. Яғни, жастардың басым көпшілігі мемлекет тарапынан жа­салып жатқан бағдарлама жайында білмейді. Білген күннің өзінде ақпа­рат дұрыс жетпейді. Атап айтсақ, бағ­дарламаға қатысу талаптары, қай­да тапсыру мен қайда бару керек еке­нін кезең-кезеңімен түсіндіретін жауаптылар жоқтың қасы. Осы мақ­сатта 2020 жылы Jastar online парақ­шасы жұмысын бастады. Мақсат – жастарға берілген мүмкіндік мен бағ­дарламаның бәрін бір орталықтан­дырылған жүйе ретінде тарату. Бай­қасаңыз, жастарға арналған ақпа­ратты жеткізу формасы да түсініксіз. Оның үстіне Y ұрпақтың қабылдау деңгейі басқаша. Яғни, оларға ақпа­рат ішінде өзіне қажетті дүние барын көрсету керек. Мысалы, «мына бай­қау­ға қатыссаң, жүлде ұтып аласың», «жүлде қоры мынанша теңге» деп нақты жазған жөн. Парақшаға келсек, ерікті түрде іске асып жатқан жоба болғасын қаржылық қиындықтар кездеседі. Десе де, барынша ақпарат таратуға тырысамыз. Оған қоса, елі­міздегі жастардың бәрін қамтыдық деп айта алмаймыз. Белгілі бір дең­гейде олардың қоғамның бір бөлшегі болуына үлес қосып жатырмыз. – Гранттар мен жобалар туралы жиі айтасыз. Соның ішінде «Алматы жастары» бағдарламасының ұтымды жоба екенін білеміз. Сіздің ше, өзге өңірлер нені ескеруі керек? – Бұл жоба – Жастар жылының жемісі. Алдымен Алматы қаласында, артынша Астана қаласында, содан кейін бірнеше өңірде жүзеге асты. Жобаның тиімді екені алғашқы жылы-ақ белгілі болды. Жақында ғана Президентіміз дәл осындай жобаны өзге өңірде іске асыру үшін қаржы бөлу керегін мәлімдеді. Баса айта кететіні – адами капиталды да­мытуға үлес қосып жүрген мамандар­ды қолдауға арналған бірден-бір жоба. Себебі, кез келген өңірде са­палы кадрдың тұрақтап қалуы үшін баспана мәселесін шешкен абзал. Астанада «Елорда жастары», Жам­былда «Әулиеата жастары», Қараған­дыда «Сарыарқа жастары», оңтүстікте «Шымкент жастары», Қызылордада «Сыр елі жастары» атауымен ипоте­калық бағдарлама жасау жайында бірнеше ұсыныс айтылған-ды. Ал президент тапсырмасынан кейін жаппай бар өңірде жүзеге асады деп ойлаймын. Бұл жергілікті әкімдік пен «Отбасы банкі» арасында жасалған келісімшарт деңгейінде белгілі бо­лады. Бірақ кез келген өңір, қала бас­таманы мақұлдайтын болса, жас­тарға арналған үлкен мүмкіндік туары сөзсіз. Он пайыздық жарнамен, бес пайыздық жылдық мөлшерлемемен үй алатын бағдарлама жоқтың қасы. 35 жасқа дейінгі әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін мамандық иелері осы стандарт арқылы баспанаға қол жет­кізе алады. – Гранттық қаржыландыруға тоқ­талсақ, «жастар мынаны ескерсе» деп неге басымдық бересіз? – Білесіз, елімізде NEET сана­тындағы жастар бар. Олар не ресми түрде жұмыс істемейді, не оқымайды. Сондықтан оларды еңбек нарығында тарту үшін мемлекет гранттық қар­жыландыруды жүзеге асырып жатыр. Атап айтсақ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан бері­летін 1 млн 225 мың теңге, 2-5 миллион аралы­ғын­дағы қайтарымсыз грант. Өткен жылдан бас­тап «Тәуелсіздік ұрпақ­тары» жо­басы басталды. Бұл жоба құны – 3 мил­лион теңге. Алдыңғы екеуі жұмыссыз жастарды әлеумет­тен­діру, қолдау мақсатында жүзеге асып жа­тыр. Ал «Тәуелсіздік жастары» жоба­сы ұшқыр идеясымен көрініп жүрген жастарды қолдауды көздейді. Бұдан бөлек, гранттық қаржыландыру мем­лекет тарапынан ғана емес, жеке компаниялар тарапынан да өткізіліп жатыр. Сонымен қатар жергілікті әкім­дік тарапынан да гранттық қар­жыландыру бар. Біріншіден, қайта­рымсыз грант болған күннің өзінде есебі барын ескеру керек. Мақсатты пайдалануға ден қойғаны абзал. Кө­бінесе, жастар грантты басқа мақсатта пайдаланып, артынша сан соғып қа­лады. Одан бөлек «құжат тапсыр­ғаныммен, ала алмадым» деп жатады. Шыны керек, мұндай қаражатқа қол жеткізу үшін өтімді бизнес идея керек. Мәселен, 2-5 миллион грантты иелену үшін тегін курстан өтуге бо­лады. Алматы қаласында «Қолдау» орталығына барып, бизнес идеяңыз­ды айтсаңыз, сізге лайықтап бизнес жоспар дайындап береді. Ал жастар мүмкіндікті пайдалануға ерінеді. Кез келген грант ойнатып жатқан жерде оны түсіндіретін тұлғалар бар. Оған қоса арнайы оқытатын тегін курстар бар, соны елеп-ескерген жөн. Түбіне дейін зерттеген жан әрдайым нә­тижесін көреді. – Аталған жұмыспен қатар қа­йырымдылық қордың директорысыз. Жұрт­ты түстіктен теріскейге көші­ру­ге сеп­тігіңіз тиіп жүр. Қор жоба­сы­ның мем­лекеттік бағдарламадан ерекшелігі неде? – «Бала-шағамен – солтүстікке» жобасын бастарда мемлекеттік бағ­дарламаны қарап, зерттедік. Неліктен түстіктен теріскейге барғандар қайта көшіп кетеді? Біріншіден, оңтүстіктен жұмыс таппай жүргендер солтүстіктен үй мен жұмыс табарына сеніп бара­ды. Оған қоса баспана ипотекалық бағытта беріледі. Мемлекет тарапы­нан бір адам басына шамамен 200 мың теңге бірреттік көмек беріледі. Көпшілік осы сомаға қызығады. Бірақ бұл сол маңда жарты жыл өмір сүруге жеткенімен, жұмысыңыз бол­маса, ары қарай күнелту қиын. Бай­қасаңыз, бағдарлама арқылы бала саны аз отбасылар көшіп барады. Сәйкесінше, бұл отбасыға қайта кө­шіп кету оңай. Ал біз іріктеу кезеңінде көпбалалы отбасыларға басымдық бердік. Мәселен, солтүстікке көш­кен­дердің алды жеті балалы, ең ке­мінің төрт баласы бар. Одан бөлек, мүмкіндігінше жағдай жасап, кәсіп бастауына ақша бердік. Үй алып бер­дік. Солтүстікке көшіп барған адам­дар «мемлекет маған қандай көмек көрсетеді?» деп емес, «немен айна­лысамын?» дейтін сұрақты күнтәр­тібіне қойғаны жөн. Мамандарға хабарласып, жұмысқа сұраныс бар-жоғын іздестіру керек. Солтүстікте кәсіп бастау арқылы тұрақтап қалуға болады. Өйткені онда жұмыспен қамтитын орталық пен кәсіпорын аз. «Бала-шағамен – солтүстікке» жобасына келсек, арнайы сайт не­гізінде іріктеу жасап, өтінім қабыл­дадық. Барлығы 300-ден астам өтінім келіп түсті. Іріктеуде отбасы жағда­йына, мамандығына, бала санына баса назар аудардық. Жалпы, аталған категориялар бойынша балл беру негізінде 20 отбасы анықталды. Олар арнайы психологтың сеансынан өтті. Психологиялық тұрақтылығын, көшу жағдайына әлеуетін сараладық. Одан он отбасын іріктеп алып, қамқоршы кеңесі, мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері мен журналистерді жи­нап, кеңес өткіздік. Он отбасы іші­нен, бесеуін таңдап алдық. Оларды ерте көктемде Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласына көшірдік. Қор тарапынан баспана, миллион теңге көлемінде қай­тарымсыз грант, алты ай көле­мінде 60 мың теңгелік жәрдемақы бе­рілді. Жаңа оқу жылы алында оқу­шыларды дайындауға көмектестік. Қысқа дайындық ретінде алты-тоғыз тонна көлемінде көмір түсіріп бердік. Ерте көктемде барғаннан, дәнді-дақыл мен көшет алып бердік. Барлығы келісім бойынша жүзеге асты, өздеріне ұнаған үйін таңдап алды. Қазір аталған бес отбасы бизнесін бастап, қала тіршілігіне бой үйренісіп кетті.

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ