Қазір жастарға барынша серпін беру жолға қойылған. Соның ішінде NEET жастарды қоғам өміріне бейімдеуге тырысып-ақ жатыр. Дегенмен мүмкіндікті кәдеге жарататындар аз. Сол үшін жастарға арналған бағдарламалардың басы-қасында жүрген Жасұлан Бостандықұлымен әңгімелестік. Оның айтуынша, қозғаушы күш бар болғанымен, ақпарат тарату, түсіндіру жағы әлсіз. – Жасұлан Бостандықұлы, сіз әлеуметтік желіде жастарға қатысты ақпаратты үнемі бөлісесіз. Қателеспесем, бірнеше парақшаңыз бар. Жастар осы ресурсты тиімді пайдаланып жүр ме? – Иә, елімізде жастарға арналған бағдарламалар жайында толыққанды ақпарат тарату үшін Jastar online парақшасын аштық. Одан бөлек өзімнің жеке парақшамда да қосымша мәліметпен бөлісемін. Президентіміз бір сөзінде еліміздегі жастардың он пайызы ғана қоғамдық өмірге белсене араласатынын, мемлекеттік бағдарлама мен шарадан хабардар екенін атап өтті. Яғни, жастардың басым көпшілігі мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарлама жайында білмейді. Білген күннің өзінде ақпарат дұрыс жетпейді. Атап айтсақ, бағдарламаға қатысу талаптары, қайда тапсыру мен қайда бару керек екенін кезең-кезеңімен түсіндіретін жауаптылар жоқтың қасы. Осы мақсатта 2020 жылы Jastar online парақшасы жұмысын бастады. Мақсат – жастарға берілген мүмкіндік мен бағдарламаның бәрін бір орталықтандырылған жүйе ретінде тарату. Байқасаңыз, жастарға арналған ақпаратты жеткізу формасы да түсініксіз. Оның үстіне Y ұрпақтың қабылдау деңгейі басқаша. Яғни, оларға ақпарат ішінде өзіне қажетті дүние барын көрсету керек. Мысалы, «мына байқауға қатыссаң, жүлде ұтып аласың», «жүлде қоры мынанша теңге» деп нақты жазған жөн. Парақшаға келсек, ерікті түрде іске асып жатқан жоба болғасын қаржылық қиындықтар кездеседі. Десе де, барынша ақпарат таратуға тырысамыз. Оған қоса, еліміздегі жастардың бәрін қамтыдық деп айта алмаймыз. Белгілі бір деңгейде олардың қоғамның бір бөлшегі болуына үлес қосып жатырмыз. – Гранттар мен жобалар туралы жиі айтасыз. Соның ішінде «Алматы жастары» бағдарламасының ұтымды жоба екенін білеміз. Сіздің ше, өзге өңірлер нені ескеруі керек? – Бұл жоба – Жастар жылының жемісі. Алдымен Алматы қаласында, артынша Астана қаласында, содан кейін бірнеше өңірде жүзеге асты. Жобаның тиімді екені алғашқы жылы-ақ белгілі болды. Жақында ғана Президентіміз дәл осындай жобаны өзге өңірде іске асыру үшін қаржы бөлу керегін мәлімдеді. Баса айта кететіні – адами капиталды дамытуға үлес қосып жүрген мамандарды қолдауға арналған бірден-бір жоба. Себебі, кез келген өңірде сапалы кадрдың тұрақтап қалуы үшін баспана мәселесін шешкен абзал. Астанада «Елорда жастары», Жамбылда «Әулиеата жастары», Қарағандыда «Сарыарқа жастары», оңтүстікте «Шымкент жастары», Қызылордада «Сыр елі жастары» атауымен ипотекалық бағдарлама жасау жайында бірнеше ұсыныс айтылған-ды. Ал президент тапсырмасынан кейін жаппай бар өңірде жүзеге асады деп ойлаймын. Бұл жергілікті әкімдік пен «Отбасы банкі» арасында жасалған келісімшарт деңгейінде белгілі болады. Бірақ кез келген өңір, қала бастаманы мақұлдайтын болса, жастарға арналған үлкен мүмкіндік туары сөзсіз. Он пайыздық жарнамен, бес пайыздық жылдық мөлшерлемемен үй алатын бағдарлама жоқтың қасы. 35 жасқа дейінгі әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін мамандық иелері осы стандарт арқылы баспанаға қол жеткізе алады. – Гранттық қаржыландыруға тоқталсақ, «жастар мынаны ескерсе» деп неге басымдық бересіз? – Білесіз, елімізде NEET санатындағы жастар бар. Олар не ресми түрде жұмыс істемейді, не оқымайды. Сондықтан оларды еңбек нарығында тарту үшін мемлекет гранттық қаржыландыруды жүзеге асырып жатыр. Атап айтсақ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан берілетін 1 млн 225 мың теңге, 2-5 миллион аралығындағы қайтарымсыз грант. Өткен жылдан бастап «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы басталды. Бұл жоба құны – 3 миллион теңге. Алдыңғы екеуі жұмыссыз жастарды әлеуметтендіру, қолдау мақсатында жүзеге асып жатыр. Ал «Тәуелсіздік жастары» жобасы ұшқыр идеясымен көрініп жүрген жастарды қолдауды көздейді. Бұдан бөлек, гранттық қаржыландыру мемлекет тарапынан ғана емес, жеке компаниялар тарапынан да өткізіліп жатыр. Сонымен қатар жергілікті әкімдік тарапынан да гранттық қаржыландыру бар. Біріншіден, қайтарымсыз грант болған күннің өзінде есебі барын ескеру керек. Мақсатты пайдалануға ден қойғаны абзал. Көбінесе, жастар грантты басқа мақсатта пайдаланып, артынша сан соғып қалады. Одан бөлек «құжат тапсырғаныммен, ала алмадым» деп жатады. Шыны керек, мұндай қаражатқа қол жеткізу үшін өтімді бизнес идея керек. Мәселен, 2-5 миллион грантты иелену үшін тегін курстан өтуге болады. Алматы қаласында «Қолдау» орталығына барып, бизнес идеяңызды айтсаңыз, сізге лайықтап бизнес жоспар дайындап береді. Ал жастар мүмкіндікті пайдалануға ерінеді. Кез келген грант ойнатып жатқан жерде оны түсіндіретін тұлғалар бар. Оған қоса арнайы оқытатын тегін курстар бар, соны елеп-ескерген жөн. Түбіне дейін зерттеген жан әрдайым нәтижесін көреді. – Аталған жұмыспен қатар қайырымдылық қордың директорысыз. Жұртты түстіктен теріскейге көшіруге септігіңіз тиіп жүр. Қор жобасының мемлекеттік бағдарламадан ерекшелігі неде? – «Бала-шағамен – солтүстікке» жобасын бастарда мемлекеттік бағдарламаны қарап, зерттедік. Неліктен түстіктен теріскейге барғандар қайта көшіп кетеді? Біріншіден, оңтүстіктен жұмыс таппай жүргендер солтүстіктен үй мен жұмыс табарына сеніп барады. Оған қоса баспана ипотекалық бағытта беріледі. Мемлекет тарапынан бір адам басына шамамен 200 мың теңге бірреттік көмек беріледі. Көпшілік осы сомаға қызығады. Бірақ бұл сол маңда жарты жыл өмір сүруге жеткенімен, жұмысыңыз болмаса, ары қарай күнелту қиын. Байқасаңыз, бағдарлама арқылы бала саны аз отбасылар көшіп барады. Сәйкесінше, бұл отбасыға қайта көшіп кету оңай. Ал біз іріктеу кезеңінде көпбалалы отбасыларға басымдық бердік. Мәселен, солтүстікке көшкендердің алды жеті балалы, ең кемінің төрт баласы бар. Одан бөлек, мүмкіндігінше жағдай жасап, кәсіп бастауына ақша бердік. Үй алып бердік. Солтүстікке көшіп барған адамдар «мемлекет маған қандай көмек көрсетеді?» деп емес, «немен айналысамын?» дейтін сұрақты күнтәртібіне қойғаны жөн. Мамандарға хабарласып, жұмысқа сұраныс бар-жоғын іздестіру керек. Солтүстікте кәсіп бастау арқылы тұрақтап қалуға болады. Өйткені онда жұмыспен қамтитын орталық пен кәсіпорын аз. «Бала-шағамен – солтүстікке» жобасына келсек, арнайы сайт негізінде іріктеу жасап, өтінім қабылдадық. Барлығы 300-ден астам өтінім келіп түсті. Іріктеуде отбасы жағдайына, мамандығына, бала санына баса назар аудардық. Жалпы, аталған категориялар бойынша балл беру негізінде 20 отбасы анықталды. Олар арнайы психологтың сеансынан өтті. Психологиялық тұрақтылығын, көшу жағдайына әлеуетін сараладық. Одан он отбасын іріктеп алып, қамқоршы кеңесі, мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері мен журналистерді жинап, кеңес өткіздік. Он отбасы ішінен, бесеуін таңдап алдық. Оларды ерте көктемде Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласына көшірдік. Қор тарапынан баспана, миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант, алты ай көлемінде 60 мың теңгелік жәрдемақы берілді. Жаңа оқу жылы алында оқушыларды дайындауға көмектестік. Қысқа дайындық ретінде алты-тоғыз тонна көлемінде көмір түсіріп бердік. Ерте көктемде барғаннан, дәнді-дақыл мен көшет алып бердік. Барлығы келісім бойынша жүзеге асты, өздеріне ұнаған үйін таңдап алды. Қазір аталған бес отбасы бизнесін бастап, қала тіршілігіне бой үйренісіп кетті.
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ