Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының халқы таза ауаға мұқтаж. Кент тұрғындары үйлерінің жанындағы бос жатқан жерге төгілген қоқыстың күлімсі иісінен зардап шегіп отырғанын айтып, мұңын шағады. Бұл орынның қоқыс алаңына айналғанына төрт жыл болыпты. Содан бергі уақытта қолқаны қабатын күлімсі иістен есік-терезелерін аша алмай әуре. Сасық ауаны жұтқан тұрғындар денсаулықтары да сыр бере бастағанын айтады. Қысы-жазы бейберекет төгілген қалдықтардан мамыражай тұрмыс кешу мұңға айналыпты. Бұл жайында аудан, кент әкімдігіне сан мәрте шағымданған. Сол аумақтың ахуалы төмендеп бара жатқанын аталмыш жерді жалға алып отырған кәсіп иесіне де жеткізген. Алайда еш өзгеріс болмай тұр.
«Бұл аумаққа қоқыс төге бастағалы бері жағдайымыз күрт төмендеп кетті. Сасық иістен демалу мүмкін емес. Маскамен жүруге мәжбүрміз. Бүгінде үйіміздің айналасында кене, бүйі, бүрге секілді қауіпті жәндіктер қаптап кетті. Өзіміздің және балаларымыздың өміріне алаңдап отырмыз. Есік алдына еркін отыра алмайтын халге жеттік. Бұған дейін аудан, кент әкімдігіне талай мәрте шағымдандық. Осы жерді алып отырған кәсіпкерге де базынамызды айттық. Бірнеше күн бұрын аудан әкімінің қабылдауында да болдық. Қоқысты үйіміздің жанынан алып кетуін айттық. Бірақ өзгеріс жоқ», – дейді Шонабаев көшесінің тұрғыны Сәнім Төлегенқызы.Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін бұл орын тап-таза жер болған. Кәсіпкерге берілген күннен бастап, қоқыс төгетін орынға айналыпты. Онсыз да сасық иіс жайлаған орында қоқысты өртеген кезде тіпті демалуға мүмкіндік болмай кетеді. Негізінен, бұл орынды ауыстыруға арнайы жер телімі берілген. Бірақ көшіруге асығар емес. Себебі аталмыш жердің инфрақұрылымын тарту мәселесі шешімін таппай тұрса керек.
«Мұнда қоқыс төрт жылдан бері төгіліп келеді. Бұл орында қоқысты сұрыптап, өңдеу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Қазір әр жерден шыққан қатты және жұмсақ қалдықтар осы орынға төгіледі. Осы аумақты иелігіне алған кәсіпкерден еш қайран болмай тұр. Әкімдік тарапынан да біздің талабымызға сәйкес нәтижелі жұмыс көре алмай отырмыз. Балаларымыз бен немерелеріміз осы сасық иістен жиі ауырып қалады. Бәріміздің де денсаулығымыз сыр беріп тұр. Құзырлы орындар аталмыш мәселеге бей-жай қарамай, жеделдете шешіп берсе екен. Қоқысты бұл аумақта төкпей, қауіпсіз жерге көшіруін талап етеміз», – дейді тағы бір көше тұрғыны Ләззат Мырзалиева.Сол аумақ халқының айтуынша, әсіресе жаз мезгілінде өмір сүру мүмкін болмай тұр. Қоқыстан шыққан күлімсі иіс ауаға тарап, тыныс алу қиындайды. Қоқыс алаңынан пайдаланылған жөргек пен дәретхана қағаздары желмен жан-жаққа ұшып, айналаны бүлдіріп жатқанын жеткізді. Ал Жаңақорған кенті әкімдігінің бұл мәселеге орай айтар өз уәжі бар. Аталмыш жайттан хабардар кент әкімдігі басқа аумақтан қоқыс полигонын ашып, сол жерге көшіру бағытында жұмыстар жүргізіліп отырғанын мәлімдеді.
«Бұл келеңсіздікке байланысты тиісті жұмыстар қолға алынып отыр. Қазір кенттің шет аумағынан аудандық жер комиссиясының қорытындысымен 20 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі шығып қойған. Енді ары қарай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жұмыстар жүргізіп жатыр», – деп түсіндірді бұл жайында Жаңақорған кенті әкімінің орынбасары Алмагүл Мамырова.Жалпы, бүгінде кентте типтік үлгідегі қоқыс полигоны жоқ. Соның салдарынан осындай келеңсіздіктер болып жатыр. Құзырлы орындар тарапынан осылай деп мәлімдеді.
«Бұл жер қоқыс полигоны емес. Тұрмыстық қалдықтар уақытша төгіліп жатыр. Қазір кент аумағынан типтік үлгіде қоқыс полигонын салуға жоба жасап жатырмыз. Жердің актісін басқа аумақтан алдық. Енді сол жерге құрылыс жүргізу үшін техникалық негіздемесін жасауымыз керек. Соның негізінде жоба-сметалық құжатын дайындаймыз. Шамамен 500-600 млн теңге шамасында қаржы болады межелеп отырмыз. Құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы көлемін аудандық бюджет көтермейді. Сондықтан табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы облыстық, республикалық бюджеттен қаржы сұраймыз. Осындай жұмыстар оңтайлы шешімін тауып жатса, 2023 жылдың екінші жартысында құрылыс жұмыстарын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Оған дейін құжаттарды дайындап аламыз. Жалпы нақты уақытта кенттің іші таза. Тазалық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізіп жатырмыз», – дейді бұл жайында Жаңақорған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев.Қалай дегенде де, қоқыстан шыққан күлімсі иіске тұншыққан тұрғындардың көңілі пәс. Ал құзырлы орындардың сөзіне сүйенсек, бұл орын биыл да қоқыстан тазармайтын сияқты.