Жарығы жоқ, жолы жоқ, Бескөл қайтіп күн көрер?
Жарығы жоқ, жолы жоқ, Бескөл қайтіп күн көрер?
688
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысының орталығына таяқ тастам жерде ор­наласқан Бескөл ауылының тұрғын­дары жолсыз, жарықсыз көшелерде, қаулап өскен қамыстың арасында өмір сүруге мәжбүр. Ол аздай электр бағандары қисайып, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылы Петропавл қаласынан небары 8 шақырым қашықтықта орналас­қан элиталық ірі елді мекендердің бірі. Мұнда 15 мыңнан астам тұрғын бар. Олар­дың басым бөлігі күнде облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Петропавлдан атшаптырым жердегі Бескөлдің кейбір көшелері тым мүшкіл жағдайда. Мәселен, Спортивная деп аталатын көшеге барған кезде бұған көзіміз анық жетті. Бұл көшенің бойында жекеменшік тұрғын үйлермен қатар, орталық­тан­ды­рылған инженерлік коммуни­кация­лары бар екіқабатты үйлер де орналасқан. Бірақ ауылішілік жолдың ой-шұңқыры көп, тіпті тастар да кездеседі. Тастың кесірінен сол жердің астынан тартылған жылу құбырларына зақым келе ме деп тұрғындарда зәре жоқ. Олар осы жолдың зардабынан талай автокөліктің ақырына жетіпті.
Бірақ Бескөл ауылдық округінің әкімі Қанат Дарбаевтың түсіндіруінше, мәселе онда емес. «Мамыр айында көшені жөндеу­ге конкурс жарияладық. Мердігер шілденің 15-іне дейін жолды төсеуі тиіс болатын. Бірақ олар өз міндеттемелерін орындамады. Мен оларды шақыртып сөйлескенімде, қаржы тапшылығына бай­ла­нысты жұмысты атқара алмайтынын айтты. Басқа нысандардан түскен қаржыны осында жұмсауға уәде берді. Себебі біз шарт бойынша олармен жұмысты атқарғаннан соң ғана есеп айырысамыз. Соттасып жүруге уақыт жоқ, сондықтан олармен келісімшартты бұздық. Қайтадан конкурс жариялап, оны өткізгенше, тамыз айы да соңына жетті. Аудандық мәсли­хаттың алдағы сессиясының қорытындысы бойынша қаржы бөлінеді. Бірақ біз оны күтпестен, біз қиыршық тас тасып жатыр­мыз. Конкурсты жеңіп алған мерді­гер – «АРТ» ЖШС қазір Аққайың ауданында басқа нысандағы жұмыстарын аяқтауға жақын. Одан соң келесі аптада Бескөлдегі жұмысты бастайды», – деп тағы да уәде етті Қанат Дарбайұлы. Біздің көзімізше, әкім мердігерге де телефон шалды. Мердігер келесі аптада жұмысты аяқтауға сөз берді.
Бірақ бескөлдік Абай Сәдуақасов биліктің сөзіне сенуден қалған. «Осы уәдені естіп келе жатқанымызға бір жыл болды. Сең қозғалар емес», – дейді ол. Жалпы, Бескөлде мұндай мүшкіл жағдайдағы көшелер жетерлік. Оны әкімнің өзі де мойындады. Мәселен, Киров, Комсомол, Целинная деген көшелердің де жағдайы мәз емес. Жалпы, әкім дерегінше, аудан орталығындағы 120 көшенің 15 шақтысы жөндеуді қажет етеді. Оларды алдағы бес жыл бойы жөндеу жоспарланған. Ауылішілік көшелердің 26 шақырымына асфальт, 38 шақырымына қиыршық тас төселген. ҚАМЫСТАН ТӨНГЕН ҚАУІП
Көше бойында, үйлердің маңайында қаулап өскен қамыстан да тұрғындар әбден мезі болған. Бұған дейін оны шабуға өз қаржысы есебінен техника жалдаған бескөлдіктердің қалтасы қағыла бастапты. «Бұл – мемлекеттің меншігіндегі жер ғой. Неліктен біз өз ақшамызға оны қалпына келтіруіміз керек? Қамыстың биіктігі адам бойынан асады. Жүрерге жол жоқ. Санасы төмендеу кейбір адамдар оның арасына қоқыс тастай салатыны тағы бар. Осыны шауып, орнына контейнер орнатуға бо­лады ғой», – деп налиды Бескөл ауылының тұрғыны Анжела Гончарова. Оның сөзін Людмила Марченко да құптады.
Бескөлдік Бейбіт Хасеновтің үйі қамыс­тың дәл жанында орналасқан екен. Жаздың аптап ыстығында талай рет өрт шығып, өлім аузынан қалған кездері көп. Өміріне қауіп төніп тұрғандықтан отағасы қолына шалғы алып, қамысты ара-тұра өзі шабатын көрінеді. Тілсіз жау әсіресе түн ішінде шиді жалмап, қатер төндірген. Мұндайда шақырт­қан өрт сөндіру көлігі де жолдың сапасыздығы салдарынан жылдам жете алмайды.
«Өрт шыға қалса, қызыл жалын жалмаңдап бірден шетте тұрған менің үйі­ме келеді. Жыл сайын өртті өзім сөндіріп жүрмін. Әрі-бері өтіп бара жатқан адамдар темекі тұқылын тастай салса да, қамыс тез өртенеді. Тайгада тұрып жатқан сияқтымыз. Өткенде үйім өртеніп кете жаздады», – дейді бескөлдік тұрғын Бейбіт Хасенов. Кейбір тұйық көшелер қамыстың сал­дарынан мүлдем жабылып қалған, аяқ алып жүргісіз. Сондықтан тұрғындар айда­ладағы дүкенге баруға мәжбүр. Бескөлдің әкімі Қанат Дарбаев қамысты шапқаннан кейін ол одан сайын тез өседі деп ақталды. «Қамысты шауып едік, ол жазда екі есе биік болып өсіп кетті. Бізде адам күші аз, сондықтан жұмысты шама-шарқымызша бір­тіндеп атқарамыз. Жазда қамыстың астында су тұрады әрі күн ыстық, сон­дықтан қамыс­ты шабу мүмкін емес, шөп шабудан он есе қиын. Сондықтан бұл жұмыс күз және қыс мезгіліне жоспар­ланған. Қазанның үшінші онкүндігінде бастаймыз, бірақ мына қамыс­тың бар­лы­ғын шауып аяқтаймыз деп айта алмаймын. Бұл жұмысқа тұрғындардың өздері де атсалысқаны дұрыс», – дейді әкім.
Қызылжар аудандық Ішкі саясат бас­қар­масының басшысы Гүлия Салтық­ованың айтуынша, елді мекенді көркейтуге бағытталған үшайлық бағдарлама аясында бұл жұмысты аудандық тұрғын үй-комму­налдық бөлімі мен аудандық әкімдік бірлесіп атқаруда, әр бейсенбі және сенбі сайын сенбіліктер ұйымдастырылады. ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ ЖОҚ Тұрғындар сонымен қатар кәріз жүйесі үшін төлемақы тым қымбат екенін, айына 6 мың теңгеге дейін жететінін айтып шағымданды. Бұған қоса, су үшін төленетін 2000 теңге бар. Бұл мәселеге қатысты ауыл әкімі басқа жоба бойынша кәріз жүйесі тартылатынын жеткізді. Ал қоқыс контейнерлеріне қатысты мәселе шешілмейтін түрі бар. Бұған дейін қызмет көрсетіп келген «Жігер» кәсіпорны жуырда бас тартыпты. Басқаларымен келіссөз жүргізіліп жатқанымен, әзірге нәтиже жоқ. Бескөлдің маңайында қоқыс полигонын салу да мүмкін емес. Себебі елді мекеннің жан-жағында әуежай, Смирнов қорығы, Есіл өзені, облыс орталығы және өзге де елді мекендер орналасқан.
«Осы мәселені шешуді өтініп, облыс әкімінің орынбасарына, табиғат қорғау прокурорына, Экология департаментіне, Табиғат қорғау басқармасына бардым. Алайда бұл мәселені мен шеше алмайды екенмін. Тіпті Бәйтерек ауылының маңындағы полигонға қоқыс шығарғаны­мыз үшін ауыл әкімі ретінде маған талай рет айыппұл да салынды. Енді депутат­тардың араласуымен осы мәселені шешуге тырысудамыз», – деп ұғындырды ауыл әкімі.
 КӨШЕНІ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖОСПАРЛАНБАҒАН
Бұл көшеде ауылдың дене шынықтыру-сауықтыру кешені орналасқандықтан, адам аяғы көп. Бірақ көшеге жарық та тартыл­мағаны түсініксіз. Әсіресе, қас қарайғанда балалардың спорттық секция­лар мен жаттығуларға барып келуі қиын. «Немерелерімізді кешке қарай жаттығуға жіберуге қорқамыз. Көше тас қараңғы әрі айнала қалың қамыс. Оларды өзіміз жетектеп апарып, алып келуге мәжбүрміз. Зейнеттегі біз үшін, әсіресе мен сияқты көзі нашар көретіндер үшін тіпті қиын», – дейді бескөлдік Абай Сәдуақасов.
Ауылдық округ әкімі Қанат Дарбаевтың түсіндіруінше, бұл көшені жарықтандыруға Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы рұқсат бермепті. Техникалық себептермен бұл көшеге жоғары вольтты тоқ өткізуге болмайды екен. Көшені жарықтандыру әзірге жоспарда жоқ. Алайда дәл осындай басқа көшелерге қалайша жарық тартылғаны түсініксіз. Электр бағандары да әбден тозғандық­тан, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Тым қауіпті біреуін тұрғындар былтыр хал-қадерінше өз күштерімен тіреп қойған екен, бірақ енді ол басқа жаққа қисайған. Сымдары да талай рет еріген. Ағаш бағандарға темір-бетон тіреуіштер орнату келесі жылға жоспарланған. Сенная, Қарасай батыр, Баукенов, Алтынсарин көшелерінде де осындай қауіпті бағандарды келер жылы бекіту жоспарда бар. Оған дейін бұл бағандардың құлап қалмауын тілеп отырудан басқа амал жоқ.
2020 жылы республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Бескөлді дамытуға қаржы бөлінсе, биыл ол да жоқ, өтініш қанағаттандырылмапты. «Қиындық көп, бюджет аз, егер жеткілікті көлемде қар­жы бөлінсе, осындай ұсақ-түйек мә­селелерді шешуге болар еді. Әзірге кіші­гірім бюджетпен ағымдағы шаруаларды ғана атқара аламыз», – дейді әкім.
Облыс орталығына атшаптырым жерде орналасқан элиталық елді мекеннің жағдайы осындай болса, басқалары не болмақ?

Солтүстік Қазақстан облысы