Жигули Дайрабаевқа қажетті қолды 3-4 күнде жинаймыз – «Ауыл» партиясы
Жигули Дайрабаевқа қажетті қолды 3-4 күнде жинаймыз – «Ауыл» партиясы
432
оқылды
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков ұйым атынан ҚР президенттігіне ұсынылған Жигули Дайрабаевты қолдау парақшаларын 3-4 күннің ішінде жинап тапсыра алатындарын айтты. «Кандидат Жигули Дайрабаевты қолдау парақшаларын қанша уақыттың ішінде жинап әкелуді жоспарлап отырсыздар?», – деп сұрады БАҚ өкілі Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингіде. Төлеутай Рақымбековтің айтуынша, заң талабына сәйкес қажетті қолды жинауға «Ауыл» партиясының әлеуеті толық жеткілікті.
«Қазір өңірлік филиалдардың өкілдері қол қоятын парақшаларды алып кетуге келеді. Менің ойымша, 3-4 күннің ішінде жинап бітіреміз деп ойлаймын. Естеріңізге сала кетейін, біздің партияның өзінде 300 мың мүше бар. Заңның талабы бойынша 118-119 мыңдай қол жинау керек», – деді ол.
Айта кетейік, бүгін Орталық сайлау комиссиясы «Ауыл» партиясынан президенттікке ұсынылған Жигули Дайрабаевтың кандидатурасын талаптарға сай деген қорытынды шығарды. Кеше Орталық сайлау комиссиясы халық коалициясы ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігі ұсынған Мейрам Қажыкеннің ҚР президенттігіне кандидат ретінде сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдаған болатын.