Құбыжыққа құмар буын қорқытады
Құбыжыққа құмар буын қорқытады
© коллаж: Әсел Балтақызы
917
оқылды
Көзі бақырайған, тісі ақ­сиған Хаги-Ваги ойын­шы­ғы бала түгіл ересек адам­дардың өзіне үрей ұяла­тады. Дегенмен мұндай жұмсақ ойыншықтардың саудасы қызып тұр. Отан­дық психологтар тренд бол­ған қорқынышты қуыр­шақтар бала психология­сына қауіпті деп дабыл қағуда. Бұл ойыншықтың қандай кереметі бар? Жал­пы, нарықта балалар ойын­шығына қойылатын талап қандай? Хаги-Ваги – компьютерлік Poppy Playtime хоррор-ойынының кейіпкері. Ойынның сценарийі бойынша басты рөлдегі кейіпкер – ойыншық зауытының бұрынғы қызметкері. Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қызметтестерін іздейді. Ол қараусыз қалған за­уытты шарлай жүріп VHS кассе­таларын жинайды, өткеннің су­реттерін қалпына келтіреді. Солай жүргенінде ізінен біз айтып отыр­ған Хаги-Ваги қалмай қуалайды. Ол – зауыттың ең танымал болған ойыншығы. Егер одан қашып үлгермесе, ұстап алады да жеп қояды. Жағымсыз кейіпкердің түрі де ұсқынсыз. Тістері ырсиып, денелерін түк басқан. Бірақ соның өзінде небәрі бір жыл бұрын шық­қан ойын балалар арасында тез танымал болды. Кейін осы ойын­ның Ютуб арнада анимациялық фильмі мен кейіпкерлерінің ойын­шықтары пайда бола бастады. Хаги Вагидің күлгін түсті қалыңдығы – Киси Миси, апельсин түстес – Ван Панк, жасыл түсті – Сили Били, қызыл түсті – Скари Лари, сұр түсті – Грисс Висс және түрлі-түсті Лили Милли деген кейіп­керлер. Қазір дәл осы қорқынышты ойыншықтардың жарнамасы жер жарып тұр. Сатылымы да көп.
– Дүкенімізге кірген бала­лар­дың таңдауы ең алдымен осы Хаги-Ваги мен Киси-Мисиге түседі. Көп ата-аналар оны әпермеуге тырысқанымен, кішкентайлары қасарысып тұрып алады. Кейде тіпті жанында еріп келген ата-әжелердің өзі түрін көріп шошып жататын жағдайлар да көп. Бірақ ұл-қыздары ақыры айтқанын алмай қайтпайды. Күніне шамамен Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің 20-дан аса данасы сатылып отырады. Бағалары көлеміне қарай 2 мың теңгеден басталады, – дейді сатушы Ұлан Ашықбаев.
Балаларды зұлымдыққа баулиды Ал психологтардың пікірінше, Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің бүл­діршіндердің мінез-құлқына кері әсері көп. Мұндай құбыжықтарға, әсіресе, ата-анасымен сирек сөй­лесетін балалар әуестенеді. Көбі Хаги-Вагиді Тик Токтан көріп жүр­ген соң, қызығып алғысы келеді. Ал кей балалар өзінің қорқынышын басу үшін сатып алады.
– Мұндай қорқынышты не­месе депрессивті ойыншықтар баланың психикасына жағымсыз тұрғыдан кері әсер етеді. Өйткені баланың жалпы психикасы қа­лыптаспағандықтан, жақсы-жа­ман, шынайы-өтірік әлемді толық ажырата алмағандықтан және олармен көп уақыт өткізгендіктен, міндетті түрде ондай нәрседен әсерленеді, – дейді психолог Ер­жан Мырзабаев.
Оның айтуынша, баланың кө­ңілсіз жүруі ойыншыққа байла­нысты болуы мүмкін. Мұндай ойыншықтарға қарап, балалар солардың мимикаларын, эмоция­ларын қайталауға тырысады. Көп жағдайларда қабағы түйіліп жүруі сол ойыншықтардың әсерінен. Құбыжық ойыншықтар балалар­дың психологиясына құрылған тұзақ. Өйткені Хаги-Вагидің ой-өрісті дамытуға мүлде пайдасы жоқ. Қайта зұлымдыққа бастайтын теріс мінез-құлықтарды дамытады.
– Бір ойыншықпен ұзақ уақыт ойнамайтын балаларға Хаги-Ва­гимен бір рет ойнау зиянын ти­гізбес. Ал тек осындай ойыншық­тармен ғана ойнайтын балаларға психологиялық тұрғыда қауіпті. Себебі бала ойыншықтарға қарап бейімделеді. Айтатын сөздері мен көңіл-күйі де ойнайтын қуыр­шақтарына сай өзгереді. Сон­дықтан балалардың ойыншық­тарын жас ерекшеліктеріне сай бөлу керек. Сатушылар ата-ана­ларға мұны ескертуі қажет. Хаги-Вагидің бала психологиясына әсері бірден білінбейді. Бірнеше айдан немесе жылдан кейін, өскен кезде баланың бойынан көрінеді, – дейді Ержан Мырзабаев.
Сондықтан психологтар бала­ның үйде қандай мультфильм кө­ретініне баса назар аудару керек­тігін айтты. Сондай-ақ баланың жас ерекшелігіне сай дамуына пайдасы тиетін ойыншықтарды ғана әперген абзал. Педагогикалық-психологиялық сараптама қажет Германияда балалар ойыншы­ғына жарты ғасырдан бері Spiel gut деген ұйым сараптама жүргізіп келеді екен. Онда ойыншықтарды психологиялық-педагогикалық сараптамадан өткізу де міндет­телген көрінеді. Яғни белгі қойыл­маған ойыншықтар Германия­ның базарына шығарылмайды. Ал бізде жағдай керісінше. Елімізге келетін ойыншықтардың 70 пайы­зын Қытай өнімдері құрайды. Көпшілігінде, дәлірек айтқанда, 90 пайызында ешбір құжат жоқ. Сондықтан мұндай ойыншықтар көбіне кісі аяғы қалың жүретін базарларда сатылады.
– Бала ойынмен дамиды. Мы­салы, ертеректе баланы жауынгер­лікке баулу үшін ата-анасы қылыш, садақ жасап берген. Ал қазір ба­ланы жан-жақты дамыту үшін ойыншықтың рөлі екі есе артты. Заман талабына сай балалардың талғамы да өзгерген. Олар мульт­фильмнен көрген кейіпкерлерін ермексаздан жасап, суретін са­лады. Оның ішінде жаратылысқа жатпайтын неше түрлі құбыжыққа ұқсастары да бар. Осы ойыншық­тар балалардың санасын өзге ­идео­логияға бұрып жібермей ме деп қорқамын, – дейді «Жеті ойын­шық» жобасының авторы Сә­кен Болысов.
Хаги-Ваги Сәкен Болысовтың ойыншық жасаумен айналысып жүргеніне он жылдан астам уақыт болған. 2010 жылы ойыншықтардың тақырып­тық тізімі бойынша, педагогика­лық-психологиялық талаптарға сай етіп ойын­шық­тарын жасай бастапты. Оның айтуынша, сол кезде елімізде на­рыққа келетін әр ойыншықтың талапқа сай сер­тификаты болуы керек деген ар­найы заң болған. Одан кейін ойын­шықтар педаго­гикалық-пси­хологиялық сарап­тамадан өтетін.
– Заң бойынша біздің ұлттық болмысымызға, менталитетімізге жат ойыншықтарды нарыққа ен­гізбеуге болатын. Бірақ біз Еу­разиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейін бұл заңдар күшін жойды. Нарық сол одақтың та­лаптары бойынша ұйымдасты­рылды. Қазір сараптамадан өтпей келіп жатқан ойыншықтар көп. Оның арасында балалардың пси­хологиясын бұзатын, қатігездікке, соғыс құмарлыққа баулитын, бір жыныстылыққа бағыттайтын ойыншықтар да бар. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл қарамай, мем­лекеттік деңгейде көтеруіміз керек, – дейді Сәкен Болысов.
Шынымен де қазіргі кей ойын­шықтар адамгершілікке, тіпті жаратылысқа қайшы келеді. Сон­дықтан бірнеше жыл бұрын Қа­зақстан Еуразиялық экономика­лық одақтың бірыңғай аумағын­да жүзеге асырылатын ойыншық­тардың психологиялық-педа­гогикалық қауіпсіздік талаптарын белгілеу бойынша «Ойыншық­тардың қауіпсіздігі туралы» Ке­дендік одақтың техникалық регла­ментіне өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы ұсыныстарға бастамашылық еткен еді. Кеден одағында біздің бастамамызды жақтаған ел көп болғанымен, сарапшылардың пікірі әртүрлі болып шықты. Мысалы, соңғы кезде шығып жатқан жыныс мүшелері айқын көрсетілген «пуп­сиктерді» бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың басым бөлігі қолдамайды. Ал медицина өкілдері ол балаға репродуктивтік тәрбие береді, сондықтан керек деген ой білдірген. Қай елді алсақ та бала ойыншық арқылы тәрбиеленеді. Ойыншық баланың психикасына, тұлға болып қалыптасуына, та­ным-түсінігіне үлкен әсерін ти­гізбей қоймайды. Сондықтан дү­ниежүзілік тәжірибеге қарай оты­рып, ойыншықтарға «ұсынылған» және «ұсынылмаған» деген белгіні ата-аналарға көмек ретінде ұсыну керек сияқты.
– Бала психологиясына ойын­шықтардың түстері де әсер етеді. Осының барлығы психология­лық-педагогикалық сараптамадан дұрыс өтетін болса, нарықтағы құбыжық ойыншықтарға тосқауыл қою қиын емес. Балалар қызық көріп ойыншыққа алдануы мүм­кін. Бірақ бұл жерде ата-аналар мен жауапты мекемелер көңіл бөлуі керек. Бірақ біздің қоғамда бәрі ойыншыққа «ойыншық дүние» ретінде қарайды. Ал бала интерактивті ойыншықтармен ойнаса логикасы дамиды, – дейді Сәкен Болысов.
Демек ойыншықтардың бала психологиясына әсеріне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Былтыр базар біткенді «поп-ит» және «симпл-димпл» деген ойыншықтар жаулап алып еді. Бұл ойыншық­тардағы түрлі-түсті дөңгелектердің үстін саусақпен басқанда, дыбыс шығады. Сосын екінші бетін аударып, дөңгелектерді тағы басып шығасыз. Болды, басқа қызығы жоқ. Бірақ баласы бар үйдің бәрі жаппай сатып алып жатты. Себебі, Тик-Токтағы жарнамасы жер жа­рып тұрған болатын. Ал психо­логтар болса, бұл ойыншықтармен бала өз бетінше жалғыз әрі еш­қандай ережесіз ойнаса, бала мақсатсыз бір қимылды қайталай беруді әдетке айналдырады деп дабыл қаққан. Ал шын мәнінде бұл ойыншықтардың сыртындағы анықтамасында «аутизммен ауы­ратын балаларды дамытуға ар­налған» ойыншық деп жазылған. Алайда бұған мән беріп қараған ата-ана болған жоқ. Кейін әлеу­меттік желіде түрлі түсті «Поп-ит» пен «симпл-димпл» ойыншық­та­рының ЛГБТ-ның туы түстес екені айтылып жатты. Олай болса, ойыншық тек ойын құралы емес. Баланың да­муына әсер ететін негізгі фактор. Ен­деше, кеш болмай тұрғанда, на­рықтағы ойыншықтарға психо­логиялық-педагогикалық сарап­тама жүргізіп, арнайы талаптар бекітуіміз керек. Баланың бір сәт­тік қуанышынан, дұрыс дамуы әлдеқайда маңызды.