Қасіретке толы қырық күн
Қасіретке толы қырық күн
802
оқылды
«Хабар» агенттігі ұсынғалы отырған «Абайдың соңғы күндері» тарихи-деректі фильмі ақынның жанын жеген азапты күндерін, қажыған жанның ақырғы сөздерін іздеуге талпыныс жасайды. Өткен аптаның соңында «Хабар» агенттігі жаңа маусымға дайындаған «Абайдың соңғы күн­дері» фильмінің алдын ала көр­сетілімін ұйымдастырды. Жарты сағатқа созылатын тарихи туын­ды тың деректерге толы. Себебі фильм авторлары ақынның соңғы сәт­тері туралы естеліктерді білу үшін Абайдың туған топырағына ат басын тірейді. Уәсилә Мағауия­қызының естелігінде хакімнің 1904 жылы Балашақпақ жай­лауынан қайтқаны айтылады. Сол себепті түсірілім тобы Бала­шақ­пақтағы Қырықошақ дейтін жер­дегі шежірешілердің әңгімесіне құлақ түреді. Ақынның көзін көр­гендерден қалған ел аузындағы естеліктер ақынның ауыр күндерде айтылған ақырғы сөздерінен мән-мағына іздейді. Соның ішінде Абай ауылында туған, ақын өмі­рінің шежірелі қатпарларынан хабары бар адамдардың әрбір сөзі маңыз­ды. Мәселен, Шұбартауда тұратын Нәстілек Сәменбетұлы – Абайдың ақын, әнші шәкірті керей Уәйістің туған жиені болған. Оның абай­тануға қосқан үлесі туралы ке­зінде атақты ғалым Қайым Мұ­хамед­ханов та жазған болатын. Шұ­бартаулық шежірешінің ай­туын­ша, Абай қайтыс боларда шұ­бар­таулық дәрігер Бөжей Мың­ғат­ұлы мен бақсы Шоқбатар ақын­ның көңілін сұрап арнайы барады. Олар хакімнің өміріне араша түспек болған. Ал тоқсанға келген Ы­р­ғызбайдың тікелей ұр­пағы, Өс­кенбай бидің туған ба­уыры Мыр­затайдан тараған Мана­тай Бал­тақайұлы да әкесінен есті­ген әсерлі әңгімелерден сыр шертеді. Сондай-ақ хәл үстінде жатқан хакімнің қасында ағасы Тәңірберді де бол­ған. «Абай жолы» романында жа­зылған аға мен іні арасындағы рухани алшақтық бір анадан туған бауырлардың бір-біріне деген сү­йіспеншілігіне сы­зат түсіре ал­мапты. Өйткені өмір сапарының соңғы сәттерінде бір ана, бір әке­ден туған Абай мен Тәкежанның бітіс­пей кетуі мүмкін де емес еді. Бұл туралы Тәңірберді Құнан­бай­ұлы­ның тікелей ұрпағы қа­ра­уылдық Құсман Берлешов те ағы­нан жа­рыла ақтарылған екен. Абай облы­сының бұрынғы Шұ­бартау ауданы мен Абай ауданын­да, Семей қала­сында түсірілген тарихи-деректі фильм Арал Ес­пенбетов пен Шағ­жан Исабаев айтқан тың есте­ліктермен де толыға түседі.
«Хабар» Агенттігі» АҚ Бас­қар­ма Төрағасы Берік Уәлидің ай­туынша, ұлт рухниятына қажетті құнды дүниені түсіру туралы ұсы­ныс журналист-жазушы Қанат Тілеуханнан түскен. «Ақын өмі­рінің соңғы күндерін Абай облысы Аягөз ауданындағы Қырықошақ жайлауының төңірегінде өткізсе керек. Сол себепті жоба авторла­ры­ның ақын туралы тың дерек­терді табуына мүмкіндік беріп, көнекөз қариялардың оған жеткен әңгі­мелері тарихи фильмге тұздық бо­луы үшін жағдай жасадық. «Ау­зымды сөзден, алдымды кісіден, арқамды жүктен босатқан қайран Мағашым-ау» деп күңіренген хакімнің қайғысы туралы фильмді «Хабар» арнасынан Республика күніне орай берсек деп отырмыз. Себебі, қазақ қазақ болып қалуы үшін хакімнің сіңірген еңбегі зор», – дейді Берік Уәли.
«Абайдың соңғы күндері» несімен ерекшеленеді? Фильмге арқау болған қасіретке толы қырық күн туралы Бауыржан Омарұлы бы­лай дейді: «Біріншіден, бұл Абай Құнанбаев өмірінің соңғы күнде­ріне, дәлірек айтсақ, оның ұлы Мағауия қайтқаннан кейінгі дүние дидарындағы қырық-ақ күнге со­зылған сапарына арналған. Екін­шіден, сол қастерлі қырық күннің табиғаты қалай танылғанын ай­тайық. Бас-аяғы бір-ақ тұтам ма­засыз мерзім фильмде тұтас ға­сырға ұласқандай әсер қалдырады. Ой-сана арпалысын, филосо­фиялық-психологиялық түйін­дер­дің өзектесуін, небәрі қырық күн­нің хикаясы өлшеміне эпопеялық панораманы, келелі кеңістікті сый­ғыза білген авторлардың ше­берлігі қызығуға тұралық. Үшінші­ден, фильм кейде деректі дүни­е­лердің өзін сәтсіздікке ұрындырып жататын декоративті жасанды­лықтан аулақ. Оның есесіне, дек­торативтіліктен шынайылыққа кө­шудің бірқатар үлгі-өнегесі бар мұнда. Абайдың көктен түскен періште де емес, тіпті поэзия патшалығының пайғамбары да емес, болмыс-бітімі ет пен сү­йек­тен жаралған, жан мен жүректен құралған қарапайым ғана пенде, бірақ пенде болғанда да, баршаны түгел мойындатқан ақылман ақын екенін таныту талпынысы мен­мұндалап тұр. Төртіншіден, фильм­ді түсірген команданың жұмысы үйлесімді түрде жүзеге асқан секілді көрінді. Авторы бар, сценарисі бар, қоюшы режиссері бар, дыбыс режиссері бар, сыбыс «режиссері» бар, операторы мен шофераторы бар, әйтеуір бір-бірін жақсы түсінетін әріптес­тердің қолынан шыққан бас-аяғы бүтін кинокартина екені бірден бай­қалып тұр. Бесіншіден, деректі фильмді салмақты синхрондар, парасатты пайым­дар көркейте түскен. Абай ауы­лының ардақ­тылары, асылдың шыбықтары, алтынның сы­нықтары шетінен сөз алған. Ай­барлы абайтанушылар, ғибратты ғалымдар – Арап Ес­пенбетов, Тұрдығұл Шаңбаев, Шағжан Исабаев ұлы ақынды әр қырынан дәргейіне жеткізе дәріптеген. Демек, фильм авторы оларды ойлы әңгімеге, ортақ мәмілеге ұйыта білген. Осындай мықты зерттеушілердің сөз сара­бынан өткен деректер мен дәйек­тердің дәлме-дәлдігі дау тудыр­майды. Жалпы айтқанда, жақын күндері талғампаз көрерменге жол тар­татын тарихи-деректі фильмде Әуезов айтпақшы, «бар мағы­насынан айырылған ақын ғұмы­рының соңғы күндерінен» мағына іздеуге тұрарлық. Өйткені, Абай үшін мәнсіз болған қырық күннің өзі біз үшін мағыналы ғұмыр болары анық.